Құқықтық сауаттылықты қалай көтереміз?
Бүгінгі таңда халықтың құқықтық сауатылығын көтеру елдегі ең маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, құқығын білмегендіктен тұрғындар кейде өздеріне тиесілі игіліктерден құр қалып жатады немесе өздері атқаруға тиіс міндеттерді орындай алмай жатады. Біз құқықтық сауаттылықты қалай көтереміз деген сауалды заң саласының мамандарына қойған едік.
Сағидолла ЖҰМАТАЕВ, заңгер, ішкі
істер органдарының ардагері:
Бұл – әділетті мемлекет құрудың алғышарты
– Әлбетте, қоғамда заң үстемдігі орнауы үшін халықтың құқықтық мәдениетін көтерудің маңызы ерекше. Себебі, кей азаматтар заңды білмеуден зардап шегіп жатады. Ол үшін әр азаматтың өзін-өзі қорғай алатындай құқықтық білімі болуы қажет. Қазір жер-жерде тұрғындарға тегін заң көмегі беріледі. Ол жерде өзін мазалаған мәселеге қатысты заңгерлік көмек алумен қатар құқықтық білімді кеңейтуге де мүмкіндік мол.
Жалпы, біреуге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға ешкімнің құқы жоқ. Бұл – әр адам білуі тиіс құқықтық сауаттылықтың әлқиссасы. Құқықтық сауаттылық дегеніміз – мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу деген сөз. Яғни өз құқығын білген адам ғана кез келген жағдайдан оңай шыға алады. Қысқасы, қай елде, қай жерде жүрсе де әр адам өзінің құқығын қорғай алуы керек. Сонымен қатар өз құқығын басқаға таптатпау қажет. Қазір құқыққа қатысты бірнеше заңдар мен талаптар бар. Соны оқыған адам жеке басының құқығын қорғай алады. «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды». Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әділетті мемлекет құрудың алғышарты осындай жолдармен айшықталған еді.
Жасыратыны жоқ, қазір азаматтардың құқықтық сауаттылығы төмен деңгейде. Еліміз осыған орай халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге ерекше мән беріп отыр. Осы саясатты жүргізу барысында көптеген нормативтік-құқықтық актілер қабылданып жатыр. Меніңше, құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізу барысында мына мәселелерге мән беру керек деп ойлаймын. Біріншіден, бүгінгі жастар демократия негіздерін оқып-үйренулері тиіс. Екіншіден, олар өз құқықтары мен міндеттерімен танысып қана қоймай, бостандық, тұлға, құқықтық мемлекет деген ұғымдармен жете таныс болуы керек. Құқықтық тәрбие адамгершілік және эстетикалық тәрбиемен тығыз байланысты болғаны жөн. Мұның барлығы заңға деген қызығушылықты талап етеді. Яғни жастар осы арқылы заңға қарсы әрекеттердің тигізетін залалы мен зиянын ұғып өседі. Құқықтық мәдениеті жоғары адам заңға қайшы әрекет жасамайды. Сондықтан да құқықтық тәрбиені ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдымен жасөспірімнің құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру қажет. Әрі оны бүгінгі заман талабына сай жүргізу керек.
Қорыта айтқанда, құқықтық тәрбие беру мол қаржыны әрі педагогтер мен зиялы қауымның қажыр-қайратын, рухани ізденісін қажет етеді.
Наталья ҚОЖАБЕКОВА, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысындағы өкілі:
Жеке деректерге абай болған жөн
– Жалпы, кез келген адамның құқығын санатына қарай бөлеміз. Ол азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени құқық деп тізбектеліп кете береді. Кейінгі жылдары пайда болған цифрлы құқық та аталған құқықтармен тең дәрежеде. Ол – адамның цифрлық технологияны, ақпараттық технология жетістіктерін пайдалану құқығы. Бұл құқықты Үкімет немесе оператор қамтамасыз етпейді. Өзге құқықтық санаттар сияқты бұл да адам өмірге келгеннен бастап автоматты түрде іске асады. Жалпы, цифрлы құқыққа қатысты әр елдің өз проблемасы бар. Мысалы, қолжетімді интернет, қолжетімді ақпарат, Конституцияда жазылғандай, цензура мәселесі алдыңғы орында тұруы мүмкін. Мәселен, интернеттен өзіңіз іздеген ақпаратты таба алмасаңыз, цифрлы құқығыңыздың бұзылғаны. Немесе елімізде жиі қолданылатын интернетті бұғаттау да цифрлы құқықтың бұзылғанын білдіреді. Тарқатып айтар болсақ, қазір халық ақпаратты бұрынғыдай газет-журналдан ғана оқымайды. Ақпаратты көбіне интернеттен, сайттардан оқиды. Яғни қолжетімсіз ақпарат цифрлы құқықтың бұзылғанының көрінісі. Осы тұста цифрлы құқық жайында нені білу керек? Алдымен, айтарымыз, цифрлы құқық қауіпсіздік мәселесімен байланысты. Себебі, интернеттен оқыған кез келген ақпаратқа фактчек жасап үйрену керек. Ақпаратты кім ұсынғанын тексеру маңызды. Азаматтардың жеке бас деректерінің таралып кетпеуін де қадағалаған абзал. Мәселен, қолжетімді ЖСН нөмірі мен мекенжай, банк есепшоты дерегін алаяқтар оп-оңай өз кәделеріне жаратады. Алаяқтар материалдық тұрғыдан зиян келтірмеу үшін сізге цифрлы құқықты қамтамасыз ету керек. Айталық, адамдар абоненттік төлем төлеген кезде жеке дерегі өзге біреудің қолына оңай түсетінін білмеуі мүмкін. Ал, оған кім жауапты? Жеке деректі мемлекет қорғау керек пе, әлде оның құрылымы – Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қорғау керек пе? Біріншіден, онлайн құқық офлайн құқықпен бірдей қорғалады. Сондықтан интернетте болған жағдайда «құқымды қорғау қиынға соғады» деп ойламаңыз. Яғни сіздің деректерді, әлеуметтік желідегі суреттеріңізді алып, кейін оны сатқан немесе пайдаланған жағдайда цифрлы құқық арқылы мүліктік және мүліктік емес құқыңызды қорғай аласыз. Жалпы, еліміздегі цифрлы құқық деңгейіне нақты баға беру қиын. Бұл өте кең ұғым әрі бірнеше сатыдан тұрады. Қауіпсіздік жағдайы, цифрлы гигиена, мемлекет тарапынан цензура, интернетті бұғаттау сияқты проблемалар бар. Мәселен, цифрлы құқық жайын қозғай қалсаң, елдегі интернет әлемдегі ең арзан және жылдам екенін алға тартады. Мұның бәрі еліміздің цифрлы құқығына қатысты ақпарат. Сайып келгенде, бұл адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Цифрлы құқық – ең көп бұзылатын құқық түрі. Онлайн платформада отырған азамат мұны білмеуі мүмкін. Себебі, платформаға кіргенде деректі өңдеуге келісім береді. Мұндайда жауапкершілік белгілі бір тұлғаға ғана жүктелмейді, мемлекеттің де қауіпсіздікті қамтамасыз етуін қадағалағанымыз абзал. Өйткені, елімізде «Цифрлы Қазақстан» деген бағдарлама бар. Соның аясында цифрлы қорғанысты күшейту – мемлекеттің негізгі миссияларының бірі.
Мұхтар МҰСАҚҰЛОВ, заңгер:
Заңға жүгіну – ұялатын мәселе емес
Бүгінгі заманның талабы сол, әр адам өзінің құқы мен міндетін білуі керек. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, өмірден баз кешіп жүрген қыз-келіншектерге, әйел-аналарға бұл өте қажет дер едім. Адам өзінің құқығын білген кезде кез келген тығырықтан шыға алады. Заң шеңберінде әрекет етсе, ешкімнің алдында төменшіктемей, құқығын толық қорғай алады. Меніңше, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын көтеру үшін құқықтық ағарту бойынша бірқатар шаралар қажет. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру Үкімет деңгейіндегі басым бағыттардың біріне айналуы тиіс. Өкінішке қарай, көп адам өз құқығы мен міндетін білмейді. Есесіне, «заң жұмыс істемейді» деген сылтауды алға тартып, мәселесін жемқорлық арқылы шешкенді жөн көреді. Бұл дұрыс емес. Заңдық тұрғыда құқығын қорғайтын адам ешкімге ештеңе бермей-ақ, тиісті заңның арқасында өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, мәселесін еш қиындықсыз шеше алады. Ол үшін заңнан хабардар болып, өз құқы мен міндетін білсе болды. Өкінішке қарай, біздің аналарымыз, қыз-келіншектеріміз заңға жүгінуге ұялады. Адам өз құқығын сақтап, өзгелердің де құқығы бар екенін ұмытпаса, ешқандай қиындыққа тап болмайды. Менің кеңесім, заман қиындаған сайын адам өз мәселесін саналы түрде заңға жүгіну арқылы шешуі керек. Себебі, заң – бәрімізге ортақ.
Әзірлеген Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».