Судьяның міндеті – әділетті шешім қабылдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының IX съезінде сөйлеген сөзінде әділ сот мемлекеттің берік тірегі екенін, ал, сот жүйесі беделді де бейтарап болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Президент айтқандай, сот жүйесінің сапалы жұмыс істеуі, сот төрелігінің азаматтарға қолжетімді әрі қабылданатын шешімдердің заңды болуы көбіне судьялардың кәсіби деңгейіне байланысты.
Дегенмен, қажетті заңдарды қабылдау, ондағы нормалар әділ сот шешімінің кепілі болады дегенді білдірмейді. Оның үстіне, заң құқықтық қатынастардың барлық аспектілерін реттемейтіні белгілі. Содан болар, судья заңның жоқтығына немесе оның түсініксіз екеніне сілтеме жасай алмайды. Ол істің барлық мән-жайын анықтауға, тіпті, даулы мәселе заңмен шешілмеген болса да, оларға құқықтық баға беруге тиіс. Тек осыдан кейін ғана судья ішкі сенімін басшылыққа ала отырып, өзіне дербес жауапкершілік қабылдауға және іс бойынша шешім шығаруға міндетті.
Иә, әр кәсіптің өзіндік ерекшелігі бар. Судья мамандығының ерекшелігі де сонда, ол жеке-дара шешім қабылдап, үнемі адамдардың тағдыры таразыға түскен күрделі проблемаларды шешу қажеттілігіне тап болады. Сот шешімдерін қабылдау судьядан тәжірибе мен білімді, адам мен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең түсінуді талап етеді. Сондықтан судья заңдарға және азаматтардың конституциялық құқықтарына сәйкес әрекет етуі қажет. Судья шешім қабылдау кезінде заңдылық, адалдық және әділдік қағидаттарын басшылыққа алуы керек.
Аян НАСЫРОВ,
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық сотының судьясы.