Сотқа жүгінуге асықпаңыз
Тауар немесе қызмет сапасына қатысты дау туындаған жағдайда тұтынушының ойына бірден сотқа жүгіну келуі мүмкін. Алайда, кез келген мәселені сот арқылы шешу міндетті емес. Қазақстан заңнамасында тұтынушы мен сатушы (өндіруші, орындаушы) арасындағы дауды сотқа жеткізбей-ақ реттеуге мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында тұтынушылар дауларын сотқа дейінгі тәртіппен шешудің құқықтық негіздері белгіленген. Мұндай тәсіл тараптардың уақытын және шығынын үнемдеп, мәселені өзара келісім арқылы шешуге мүмкіндік береді.
Сотқа дейінгі реттеу қалай жүзеге асады?
Тұтынушы дау туындаған жағдайда мәселені сотқа жеткізбей шешуді ұсына алады. Бұл үшін сатушыға өз талабын жеткізіп, дауды реттеудің қолайлы жолдарын қарастыру қажет.
Заңнамада мұндай дауларды шешуге қатыса алатын бірнеше субъект қарастырылған. Олардың қатарында арбитраж, медиаторлар, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен қауымдастықтары (одақтары), сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйымдар бар. Бұл ретте тараптардың келісімі маңызды. Сотқа дейінгі реттеу тиісті тәртіппен жүргізілуі үшін тараптар жазбаша келісімге келе алады. Өтінішті тікелей беруге де, Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жолдауға да болады.
Қандай мәселелер қаралады?
Сотқа дейінгі реттеу барысында тұтынушы мен сатушы арасындағы әртүрлі даулы мәселелер қаралуы мүмкін. Олардың ішінде моральдық зиянды өтеу, айыппұл, өсімпұл және тұрақсыздық айыбын (неустойка) өндіруге қатысты талаптар да бар.
Сонымен қатар даулар арбитраж, медиация және өзін-өзі реттеу саласындағы заңнама талаптарына сәйкес қаралуы мүмкін. Яғни тұтынушы үшін мәселені шешудің бір ғана жолы – сотқа жүгіну емес. Жағдайға қарай тараптар келіссөз жүргізіп, медиатордың немесе басқа да сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің көмегіне жүгіне алады.
Сатушыға қойылатын міндеттер қандай?
Сотқа дейінгі реттеу тетігінің тиімді жұмыс істеуі үшін тұтынушы ғана емес, сатушы да өз міндеттерін білуі тиіс.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 33-2-бабына сәйкес, сатушылар, өндірушілер мен орындаушылар тұтынушыларға қажетті ақпаратты қолжетімді түрде ұсынуы керек. Атап айтқанда, сауда орындарында және интернет-ресурстарында уәкілетті органның байланыс деректері, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу туралы ақпарат және тұтынушының сотқа жүгіну құқығы туралы мәліметтер көрсетілуі қажет. Бұл талап тұтынушыға дау туындаған жағдайда қайда және қалай жүгінуге болатынын алдын-ала білуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық бірлестіктердің рөлі қандай?
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен қауымдастықтары да дауларды сотқа дейін реттеуге қатыса алады. Олар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында маңызды қоғамдық рөл атқарады. Сонымен бірге белгілі бір дауды сотқа дейін реттеу кезінде объективтілік сақталуы тиіс. Егер қоғамдық бірлестік сол дауда тұтынушының өкілі ретінде әрекет етсе, оның тараптардың арасындағы дауды бейтарап реттеуші ретіндегі рөліне шектеу қойылуы мүмкін.
Құқығын білген қор болмайды
Сотқа дейінгі реттеу тараптарға дауды өзара келісіммен шешуге мүмкіндік береді. Алайда, келісімге келу мүмкін болмаған жағдайда тұтынушының сотқа жүгіну құқығы сақталады. Сондықтан сотқа дейінгі реттеу – тұтынушының сотқа бару құқығын шектейтін емес, керісінше дауды сотқа жеткізбей шешудің қосымша мүмкіндігін беретін механизм.
Бастысы – құқықтық мүмкіндікті білу.
Тұтынушы мен бизнес арасындағы кез келген дау міндетті түрде ұзаққа созылатын сот процесіне ұласа бермейді. Тараптар өзара келісімге келіп, медиатордың, арбитраждың немесе заңда көзделген өзге де субъектілердің көмегіне жүгіне алады.
Сотқа дейінгі реттеудің басты артықшылығы – дауды уақыт пен шығынды аз жұмсап шешуге мүмкіндік беруі. Бұл тәсіл тұтынушының да, кәсіпкердің де заңды мүддесін ескеруге жағдай жасайды.
Сондықтан тұтынушы өз құқығы бұзылған жағдайда дауды ушықтырмай, алдымен заңда көзделген сотқа дейінгі реттеу мүмкіндіктерін қарастырғаны жөн. Ал, мәселе бұл тәртіппен шешілмесе, сотқа жүгіну құқығы әрдайым сақталады.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.