БЕРЕШЕКТІ ӨНДІРУ ЖӘНЕ ТӨЛЕМ МЕРЗІМДЕРІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР


Мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қарым-қатынасты реттейтін басты құжат – жаңа салық кодексі өз күшіне енді. Биылғы реформалардың басты мақсаты  – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және адал бизнеске түсетін салмақты азайту. Осы ретте заңнамадағы салықтық берешекті өндіріп алудың жаңа тәртібі мен төлем мерзімдері әрбір азамат пен кәсіпкер үшін білуі тиіс маңызды тақырыпқа айналды.

Берешек мөлшері және сараланған шектеулер туралы айтар болсақ, бұрын салық мекемелері қарыз көлеміне қарамастан қатаң шаралар қолданып келсе, биылдан бастап сараланған (дифференциалды) тәсіл енгізілді. Енді берешек сомасы нақты шектерге (АЕК-ке) байланысты бағаланады:

1. Төменгі шек (20 АЕК-ке дейін). Егер салық қарызы 20 АЕК-тен (86 500 теңге) аспаса, кәсіпкердің банктегі шоттары бұғатталмайды. Мұндай жағдайда тек ескерту хабарламасы жолданып, күнделікті өсімпұл есептеледі. Бұл шағын қателіктер үшін бизнестің тоқтап қалмауына мүмкіндік береді.

2. Орташа шек (20 АЕК-тен жоғары). Қарыз бұл сомадан асқан сәтте салық органдары банктік шоттар мен кассаның шығыс операцияларын тоқтатуға құқылы. Берешек тікелей шоттағы қаражаттан өндіріледі.

3. Мүліктік шектеу (45 АЕК-тен жоғары). Қарыз 45 АЕК-тен (194 625 теңге) асқанда, мемлекет қарыз сомасы шегінде борышкердің мүлкіне билік етуге (сатуға, сыйға тартуға) шектеу қояды.

4. Шекарадан шығуға тыйым салу (27 000 АЕК). Ірі көлемдегі қарызы бар және оны үш айдан астам уақыт өтемеген тұлғаларға елден тыс жерлерге шығуға уақытша тыйым салынады.

Нені ескеру керек дегенге тоқталар болсақ, ең алдымен күнтізбені ұмытпаңыз! Осы ретте басты төлем мерзімдеріне де тоқтала кеткен жөн.

Салықтық санкцияларға тап болмас үшін есептілік пен төлем мерзімдерін қатаң сақтау қажет. Жаңа ережелерге сәйкес негізгі мерзімдер төмендегідей бекітілген:

* Әр айдың 5-іне дейін. Жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары) өткен айдағы табысынан ЖТС төлейді.

* Әр айдың 25-іне дейін. Бұл – ең маңызды күн. Өткен ай үшін есептелген корпоративтік және жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндеті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар осы күннен кешікпей қазынаға түсуі тиіс.

* Тоқсандық және жартыжылдық мерзімдер. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі тоқсандық декларациялар (200.00, 300.00 және т.б.) келесі айдың 15-17 жұлдызына дейін тапсырылады. Ал оңайлатылған декларация (910.00) бойынша есеп айырысу тамыз және ақпан айларының 25-іне дейін жүргізіледі.

Салық жүйесіндегі жаңа өзгерістер цифрландыру мен ашықтыққа бағытталған. Салықты уақытылы төлеу – айыппұлдардан қорғап қана қоймай, ел экономикасының тұрақтылығына қосылған үлес. Сондықтан әрбір салық төлеуші өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген мерзімдерді өткізіп алмауы тиіс.

 

Құрсан АСАН,

Шымкент қаласы, Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы. 

Пікір қалдырыңыз