Еңбек өтілін қандай құжаттар анықтайды?
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнетақы мәселелері
бойынша сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және
бақылау комитетінің Түркістан облысы
бойынша департаментінің басшысы Бегман НҰРМАХАНОВ жауап береді.
– 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі
ең алдымен қандай құжатпен расталады?
– Еңбек өтілі ең алдымен еңбек
кітапшасындағы жазбалармен расталады. Егер еңбек кітапшасы дұрыс рәсімделген
болса, ол негізгі дәлелдеме болып табылады.
– Еңбек кітапшасы болмаған немесе ондағы
мәліметтер толық емес жағдайда еңбек өтілі қандай құжаттармен нақтыланады?
– Мұндай жағдайда еңбек өтілі
жұмыс берушінің архивтік анықтамаларымен, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату
туралы бұйрықтардың көшірмелерімен, жалақы төлеу ведомостволарымен, жеке
шоттармен және архив мекемелерінің анықтамаларымен нақтыланады.
– Егер жұмыс істеген ұйым жабылып
қалса, еңбек өтілін қалай дәлелдеуге болады?
– Егер сіз жұмыс істеген мекеме
жабылып қаласа, уайымдамаңыз. Сіздің жұмыс істегеніңіз туралы мәлімет мемлекеттік
немесе ведомостволық архивте сақталуы мүмкін. Сол архивтен анықтама алып, еңбек
өтіліңізді дәлелдей аласыз.