Сау басыңызға сақина тілеп алмаңыз...

Тез ақша табуға ұмтылыс, тұрақты табыстың болмауы немесе қаржылық қиындықтар адамдарды түрлі әрекеттерге итермелеп жатады. Мұндайда алаяқтардың құрығына түсіп, заңсыз әрекеттің құрбаны немесе қатысушысы болу қаупі жоғары. 
Соңғы кезде дропперлік туралы жиі айтылып жүр. Ол – басқа біреудің ақшасын аударуға, қабылдауға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға делдал болатын әрекет. Бұл әрекет бір қарағанда қауіпсіз сияқты көрінеді: банк қосымшасы арқылы аударманы қабылдап, әрі қарай жібересіз немесе қолма-қол ақшаға айналдырасыз. Осы бір «болмашы» еңбегіңіз үшін комиссия аласыз. Оңай, тез келетін ақша. Қорқатын ештеңе жоқ сияқты. Бірақ, іс жүзінде мұның заңдық салдары ауыр. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі зор.
Осындай келеңсіздіктерге көбіне техника тілін түсіне бермейтін егде жастағылар немесе ақыл тоқтатпаған жастар ілігеді. Оларға қарапайым тапсырмалар беріледі: ақшаны қабылдау, деректемелерге аудару, операцияларға көмектесу. Барлығы қауіпсіз, қашықтан жұмыс істеуге ұқсағанмен, іс жүзінде адам заңсыз қаржылық операцияларға қатысып отырғанын түсінбейді. Ал, алаяқтар қылмыстың ізін осылай жасыруға тырысады. 
«FinGramota.kz» әдетте жұмыссыздар мен қаржылық жағдайы қиын адамдардың жиі алданатынын жазады. Шұғыл ақша қажет болғанда «жылдам төлеу» және «кепілді табыс табу» деген ұсыныстар адамның сыни ойлау қабілетін төмендетеді, сақтығын әлсіретеді. 
Соңғы кездері түрлі платформаларда «үйде отырып оңай жұмыс істеу», «аударымдар үшін кіріс алу» немесе «бірнеше рет басқаны үшін комиссия алу» деген сияқты хабарландырулар да көбейген. Жеңіл ақша табуға шақыратын мұндай жарнамалардың да соңында алаяқтар тұр. Олар адамдардың қысылтаяң кезін тиімді пайдаланады. Ойлануға мұрша бермейді. Банк қызметкері, құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалатын алаяқтар «Тап қазір аудару керек», «Уақыт шектеулі» деген сөздерді пайдаланады. Адамға психологиялық қысым жасау арқылы ойлануға мұрша бермейді. 
Мысал келтіре кетейік. Студент әлеуметтік желіден «Аударымдар үшін көмекші керек, ақысы операциялардан пайыз ретінде төленеді» деген хабарландыруды  оқып, әлгі нөмірге хабарласады. Оған келісімшарт, нұсқаулар жіберіліп, бәрі заңды екеніне сендіреді. Бірнеше күннен кейін оның картасына ірі  сомалар түсіп, ол бұл сомаларды одан әрі аудара бастайды. Көп ұзамай банк оның шотын бұғаттап тастайды. Себебі, ақша алаяқтық болып шықты. Осылайша студент қылмысқа қатысушы, ал, оның картасы қылмыстық схеманың құралына айналып шыға келді. 
Тағы бір мысал, сізге банктік аударымдармен қашықтан жұмыс істеу ұсынылады. Сомалары аз, ал, тапсырмалары қарапайым болып көрінеді. Бірнеше операциядан кейін банк шотты бұғаттап қояды, ал, сізден түсініктеме талап етеді. Сіз қиын жағдайға тап болғаныңызды түсініп, дабыл қағасыз. Бірақ, бәрі кеш.  
Жоғарыда сипатталған жағдайларда адамдарға тез және оңай табыс уәде етілді, олардың жеке банктік шоттары немесе карталары пайдаланылады. Ешкім жұмыстың мәнін және кіріс қаражатының көзін нақтылаған жоқ. Нәтижесінде алаяқтық әрекетке шот иесі кінәлі болып шығады. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жаздық. «Мен білмедім» деген сөз ақталуға жатпайды. Неге? Себебі, сіз ақшаны ұрлаған адам жауапты деп ойлайсыз. Іс жүзінде қаражат өткен картаның немесе шоттың иесі жауап береді. 
Адам қаражаттың қылмыстық шығу тегі туралы білмесе де, оны дәлелдеу өте қиын болуы мүмкін. Сол үшін сақ болған жөн. Мұндай схемаларға қатысу банктік шоттарды бұғаттаумен шектелмейді, заң азаматтық жауапкершілік – зардап шеккендерге ақшаны қайтаруды міндеттейді. Нәтижесінде оңай әрі тез ақша табамын деп қылмыстық істің қатысушысына айналып, шығынға батуыңыз әбден мүмкін. 
Өткен жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізілген (ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы). Бұл  бап бойынша мынадай жауапкершілік көзделген:
– өзінің банктік картасын немесе шоттарын үшінші тұлғаларға беру 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;
– басқа тұлғалардың мүддесі үшін аударымдар мен төлемдерді жүзеге асыру 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;
– қылмыстық схемаларда біреудің банктік қолжетімділігін қасақана пайдалану 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Бір сөзбен айтқанда, оңай табыс табамын деп жүріп қылмыскер атанып жүрмеңіз. Егер сізге бейтаныс адамдар банкоматтан ақша алуға немесе ақша аударуға  көмектесуді ұсынса, одан дереу бас тартыңыз. Біреуге көмектесемін деп сау басыңызға сақина тілеп алмаңыз.              

Дайындаған А.МАРАТҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз