Құлшыныс неге төмен?

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазір елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Наурыздың басында басталған шара маусым айының аяғына дейін жалғасады. Жаһандық геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде, әскери қауіпсіздікті сақтау және оны нығайта түсу өте өзекті мәселе екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, қазір көп жас Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы емес. Бұрынғыдай өзі сұранып, әскерге аттанатындар некен-саяқ  десек те болады. Себебі неде?

Қоғамдағы өзекті мәселелерді зерделеп, еліміздің болашақтағы даму стратегиясын болжаумен шұғылданатын «Заңғар» үкіметтік емес ұйымы осы мәселе жөнінде зерттеу жүргізіп көрген екен. Оған 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан 200-дей респондент қамтылыпты. Сауалнамаға қатысқандардың 61,5 пайызы көп балалы отбасының үлкені, 12,4 пайызы отбасында жалғыз бала болса, қыздардың ішіндегі өскен жалғыз ер балалардың үлесі 26 пайызды 
құраған.
Сонымен, бүгінгі жастардың әскерге баруға деген құлшынысы қандай? Сұраққа жауап бергендердің 33,3 пайызы «иә, барғым келеді, бұл менің – азаматтық борышым» деп нық сеніммен жауап берсе, 21,6 пайызы «Иә, барғым келеді» деп, ал, 45,1 пайызы «міндеттелген соң бару керек қой» деп жауап берген. «Мүмкін болса, әскерге бармай-ақ қояр едім» дегендердің үлесі 20,9 пайызды құраса, «Барғым келмейді» дегендер 7,8 пайыз, «Мүлдем барғым келмейді» деп 12,4 пайызы, «Уақыт көрсетеді» деп анық-қанығын ашып айтқысы келмегендер саны 58,9 пайызды көрсеткен.
Зерттеу барысында әскерге баруы-бармауы жөнінде ата-ананың көзқарасына байланысты да сұрақтар қойылған. Оған жауап бергендердің 49,1 пайызы «Әке-шешем әскерде қызмет етуіме қарсы болуы мүмкін» десе, 21,9 пайызы «Әскерге баруыма қарсы», 11,2 пайызы «Әскерге баруыма түбегейлі қарсы», 11,8 пайызы «Әке-шешем бар деп айтпаса, тіпті, бармас едім», 6 пайызы «Әке-шешем мәжбүрлемесе, мүлдем бармас едім» деп жауап берген. «Әскерде болғандармен араласа келе, қандай ой түйдіңіз?» деген сұраққа респонденттердің 22,5 пайызы «Оларды тыңдағаннан кейін әскерге баруға деген құштарлығым артты» десе, 8,9 пайызы «Әскерде болғандар әскерге баруыма тікелей әсер етті», 42,6 пайызы «Олардың әскери өмір жайлы айтқандары бару-бармауымды ойландырды», 26 пайызы «Естігеннен кейін тіпті, барғым келмей қалды» деп жауап берген.
«Отан қорғауға деген құлшынысты арттыру үшін қандай әлеуметтік желілерді көбірек қолдану қажет?» деген сауалға жастардың 33,7 пайызы инстаграмды, 26 пайызы тик-токты, 26,9 пайызы ватсапты таңдаған. Қалған 13,4 пайызы басқа да ақпарат құралдарына жүгінгенді жөн көрген. «Отанға қызмет ету туралы ақпараттарды қайдан алып жүрсіз?» деген сауалға жастардың 45 пайызы «Алғашқы әскери дайындық сабағынан», 16,6 пайызы «БАҚ, әлеуметтік желілерден», 38,5 пайызы «Айналамдағы адамдардан» деген жауапты алға тартқан.
Байқасаңыз, сауалнамаға қатысқан жастардың жауабынан олардың әскери борышын өтеуге ата-ананың, өскен ортаның, басқа да ақпараттардың ықпал ететінін аңғаруға болады. Жалпы, әскерге бару әрбір ер азаматтың Отан алдындағы борышы дегенді жиі айтамыз. Алдыңғы буын ағаларымыз дәл осы идеологиямен өскендіктен, ол кезде әскерге барудан жалтаратындар бүгінгідей көп болмайтын. Бірақ, қазір, сапқа тұрып, сарбаз атанғысы келетіндердің аз екенін көпшілігіміз көріп жүрміз. Оның бірнеше себебі де бар. Бізде әскерге барудан жалтарғандар қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Алайда, үнемі заңмен қорқыту немесе көшеден ұстап әкету проблеманы түбегейлі шешпейді. Сондықтан жастарға әскерге өз еркімен баратындай жағдай туғызу қажет. Қорғаныс саласының өкілдері әскердегі олқылықтардың алдын алып, «сарбаздың бір тал шашы түссе, басыммен жауап беремін» деп нық сөйлесе, көптің көңіліндегі күдік сейіліп, қорқыныш басылар еді. Қысқасы, билік жастарға әскерге барудан жалтаратын емес, әскерге асығып тұратындай жағдай жасаудың амал- әрекетін қарастыруы керек. 

Пікір қалдырыңыз