Көп балалы шекарашы

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты жауынгерлік кезекшілік және ахуалдық ақпараттандыру басқармасының операторы, аға сержант Серік Ақышов шекара қызметінде 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Тәжірибелі шекарашы былтыр жыл соңында өткен үздіктерді марапаттау шарасында «Түркістан облысының үздік шекарашысы» номинациясына ие болды.   

Шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келген ұл кішкентай күнінен-ақ әскери қызметкер болғысы келіпті. Сөйтіп, бала арманы мақсатқа, ал, мақсаты әрекетке жетелеп, оны ел шебін күзетуге алып келді.
– 2000 жылы мерзімді әскери қызметке шақырылып, Алматы қаласындағы 2021 және Жамбыл облысындағы 2035 әскери бөлімдерінде жауынгерлік даярлықтан өттім. Шекара қызметіндегі алғашқы еңбек жолымды Алматы қаласында бастадым. Кейін қызметімді Жуалы ауданындағы «Ақсуат» шекара заставасында жалғастырдым. Бұл аймақ тау аңғарларымен және орман белдеулерімен ерекшеленеді. Мұнда шекараны үздіксіз бақылау, жедел әрекет ету, сонымен қатар жер бедерін жетік білу аса маңызды. Араға уақыт салып Сары-ағаш шекара отрядына қарасты «Ынтымақ» шекара заставасына ауыстым. Әр өңірде жүріп жинақтаған қызметтік тәжірибем мені кәсіби түрде шыңдап, шекара күзетінің жауапкершілігі мен маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді, – дейді Серік Ақышов.
Шекарашылар ауа райының күрт өзгеруі сияқты табиғи құбылыстармен, түнгі уақытта болатын қатерлі жағдайлармен күн сайын бетпе-бет келеді. Кейде табиғаттың тосын мінезі де олардың қызметіне әжептәуір кедергі келтіріп жатады. Ең басты қатер – шекараны заңсыз бұзушылардың әрекеті. Олар кейде қарсылық танытып, шекарашыларға қатер төндіруі мүмкін. Мұндай сәттерде олар кәсіби дайындыққа сүйеніп, әріптестерімен бірге үйлесімді әрекет етеді. 
– «Ақсуат» шекара заставасында жүргенімде Қырғызстаннан шекара бұзып өтпек болған екі қарулы азаматты ұстадық. Ал, Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Ынтымақ» шекара заставасында шекарадан 8 тонна түсті металды заңсыз өткізбек болғандардың әрекетіне тосқауыл қойдық. Бұл оқиғалар шекарашының қызметі тек бақылау мен күзет ғана емес, осындай сәттерде сындарлы шешім қабылдап, батыл әрекет етуді талап ететінін көрсетеді. Мен үшін бұл оқиғалар қызметтік борыш пен антқа адалдықтың шынайы сынағы болды, – дейді шекарашы. 
Ел шекарасын қорғау қашанда мемлекеттің егемендігі мен ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ететін ең басты страгетиялық бағыт саналады. Сондықтан шекара қызметі бүгінде заман талабына сай жаңарып келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шекара қызметі жаңашылдыққа бет бұра бастады. Қазір түрлі автокөліктер, арнайы бақылау-байланыс жүйелері, түнгі көру құралдары, шекаралық сигнал беру кешендері сияқты заманауи құралдар ел іргесін күзетуге септесіп келеді. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар да шекара аумағын жедел бақылауға мүмкіндік береді. Міне, осындай қолда бар құралдарымыз үнемі дайындықта жүруді, ал, оларды басқаратын мамандарымыздың кәсіби деңгейі жоғары болуын талап етеді, – дейді тәжірибелі шекарашы. 
Серіктің қазір қызметіндегі міндеті – шекара шебінен алынған әрбір оқиғаны арнайы дерекқорға енгізу. Мұны жедел кезекшінің оң қолы деуге болады. Осы қызметіндегі елеулі еңбектері үшін бірнеше мәрте ведомостволық марапаттарға ие болды. I және II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінен бөлек, ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметі мен Түркістан облысы бойынша департамент басшылығы тарапынан берілген Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары бір төбе. Мұның барлығы қызметіндегі тиянақтылық пен жоғары кәсіби жауапкершілігіне берілген баға іспетті.
Кейіпкеріміз бүгінде жұбайы Гүлзада Бақытжанқызы екеуі алты перзент тәрбиелеп, оларға тәлімді тәрбие беріп келеді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, шекарашының өмір соқпағын көріп өскен ұлы Бақдәулет әкесінің ізін басып, болашақта шекарашы болуды армандайды. Қазір ол Шекара академиясына оқуға түсу үшін өзінің теориялық және кәсіби біліктілігін арттыру үстінде.    
Қорыта айтқанда, абыройлы қызмет етіп жүрген Серік Ақышовтің өмір белесі шекарашылардың қызметі ерлікке толы екенін, ал, оның әрбір қадамы бейбіт өмірдің кепілі екенін дәлелдей түседі.

Д.Жүсіп.
Пікір қалдырыңыз