Отбасы омбудсмені: ол немен айналысады?

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында өткен салтанатты жиында отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілетінін мәлімдеген болатын. Президенттің айтуынша, отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып, Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы тұрақты түрде есеп беріп отырады.

– Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуын күшейтіп, отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұл жүйе зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жүзеге асыруға, сондай-ақ, отбасы саясаты саласындағы өзге де маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Президент сол жиында.  
Көпшілікке мәлім, 2024 жылдың 15 сәуірінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң қабылданған болатын. Жаңа заң қабылданғалы бері отбасыдағы зорлық-зомбылық қаншалықты азайды? Бұл жағдай біздің өңірімізде қалай көрініс табуда?
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Айдын Төребековтің журналистерге берген мәліметіне қарағанда, былтыр өңірде тұрмыстық саладағы қылмыстың өскені байқалады. Мәселен, осы жылдың сегіз айындағы мәлімет бойынша отбасына жасалған қылмыс саны 135-тен 167-ге өскен. Оның басым көпшілігі әйелдерге қарсы жасалған. Енді осы жасалған қылмыстарға талдау жасайтын болсақ, денсаулыққа қасақана зиян келтіру 3-тен 5-ке, денсаулыққа қасақана орташа дәрежеде зиян келтіру 11-ден 16-ға, ұрып-соғу деректері 64-тен 98-ге өссе, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 47-ден 39-ға, адам өлтіру 5-тен 1-ге төмендеген.    
Отбасыдағы тыныштықтың бұзылуы көбіне еркектің жұмыссыз қалуы, күнделікті өмірдегі қаржылық қиындықтар, несие қамытынан құтыла алмау, ағайын арасындағы алауыздық, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктен туындап жатады. Көп жағдайда осындай тұрмыстық қиындықтарға төтеп бере алмаған отағасы ішімдікке салына бастайды. Әрине, арақ жүрген жерде азғындық пен айқай-шудың бірге жүретіні белгілі. Әйелі ерінің тірлігіне көңілі толмайды, ері әйелдің сөзін көтере алмайды. Мұның соңы күштінің әлсізге күш көрсетуімен аяқталады. Бір рет әйеліне қол көтерген еркек оны күнделікті әдетіне айналдырады. Кейде күйбең тірлікпен қатар көзсіз қызғаныш та ұрып-соғуға себеп болып жатады. Ашуға ерік берудің  соңы әйелін өлтіріп тынуға дейін апарып жатады...
Міне, жоғарыда біз келтірген көрсеткіштер бұл мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады. Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қызметінің енгізілуі отбасыдағы осындай олқылықтардың орнын толтырса игі.   

Пікір қалдырыңыз