Шығармашылық еңбек қалай қорғалады?
Авторлық құқықты ғылым, әдебиет және өнер саласындағы шығармаларды қорғауға арналған құқықтық жүйе деп түсінеміз. Шынтуайтында, ол автордың шығармашылық еңбегіне қатысты туындайтын мүліктік және мүліктік емес құқықтарының жиынтығын білдіреді. Егер туынды екі немесе одан да көп адамның бірлесуімен жасалса, ол тең авторлық деп аталады. Мұндай жағдайда туынды біртұтас немесе бірнеше дербес бөліктен тұрса да, авторлық құқық барлық авторларға ортақ болып есептеледі.
Авторлық құқықтар бірнеше түрге бөлінеді. Олардың қатарына мүліктік және мүліктік емес, сондай-ақ айрықша және айрықша емес құқықтар жатады. Айрықша құқыққа ие адам туындыны қалауынша пайдаланып, басқа адамдарға оны пайдалануға рұқсат беруге немесе тыйым салуға құқылы. Егер автор өз құқықтарын үшінші тұлғаға арнайы келісімшарт арқылы бермесе, бұл құқықтар автордың өзінде сақталады. Заң бойынша авторлық құқық автордың тірі кезінде және ол қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы қолданылады. Ал, автордың есімін сақтау және оның беделін қорғау құқықтары мерзімсіз. Авторлық құқық объектісінің басты белгілерінің бірі – шығармашылық сипатта болуы. Сонымен қатар ол белгілі бір түрде көрініс табуы керек. Мысалы, шығарма жазбаша мәтін, сурет, дыбыс немесе бейнежазба түрінде болуы мүмкін. Кей жағдайларда шығарма ауызша түрде әрі көпшілік алдында орындалу арқылы да танылады.
Авторлық құқықты қорғаудың «©» немесе «(c)» сияқты белгілері бар. Алайда, бұл белгінің болмауы шығарманың авторлық құқықпен қорғалмайтынын білдірмейді. Өйткені, авторлық құқық туынды жасалған сәттен бастап автоматты түрде пайда болады. Сосын оны тіркеу міндетті емес. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Мұндай құқық бұзушылықтарға айыппұл салу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты шаралар қарастырылған. Сондықтан шығармашылық адамдардың еңбегін қорғап, олардың туындыларын заңға сай пайдаланған жөн.
Тоғжан КЕНЖЕХАНОВА,
облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің
бас маманы.