Ротадағы жалғыз қазақ едім...
Мен мектепті бітірген бойда көршілес Ташкент облысының біздің Келес ауданымен иықтасып қатар жатқан Янгиюль ауданында жұмыс істедім. 1980 жылдың күзінде сол Янгиюль ауданының әскери комиссариатынан әскерге шақырылдым. Әскерге Ташкенттің вокзалынан аттандық. Бір пойыз түгелімен әскерге шақырылғандар.
Төртінші күн дегенде Мәскеуге жеттік. Бәрімізді Қазан вокзалынан түсірді. Күн суық, бірақ, жерде қар жоқ. Ташкенттен жұқа киініп шыққанбыз. Түс ауа бізді Мәскеу–Ленинград бағытындағы пойыздың вагондарына бөліп жайғастырды. Әрі қарай Мурманскіге жеткеннен кейін бізді автобустармен қаланың шетіндегі ішкі әскер полкіне алып барды. Ол жерде солдаттар түрме күзету, конвой қызметін және жаза өтеушілерді ұзақ сапарға этаптау қызметтерін атқарады екен. Жаңа келген бізді олардан бөлек казармаға жайғастырды. Сөйтіп, бір айлық оқу-жаттығу жиыны басталды. Арасында түс қайта бір сағат бос боламыз. Сол кезде бәріміз ауылға, әке-шешемізге, достарымызға, ұнатқан қыздарымызға хат жазамыз.
Оқу-жаттығуымыз аяқталғаннан кейін бізді тағы да әр жаққа бөліп тастады. Он-он бесіміз Мурманск облысының бір қиырындағы Ревда деген қала типтес поселкедегі өз алдына жырақ тұрған ротаға түстік. Екі взводтан тұратын бір рота сол жердегі үлкен түрмені күзетіп, жаза өтеушілерді «конвоймен» жұмысқа апарып, әкеледі екен.
Ротада төрт қызметтік овчарка бар. Олардың өз ауласы мен демалатын орындары да бар. Біз мұнда келгенде нұсқаушылар Мурманск полкіне қарасты жеті-сегіз ротаға бөлінген екен. Ал, біздің ротаға нұсқаушы жетпей қалған. Төрт иттің біреуі бос. Содан рота командирі өз ішімізден бір нұсқаушы шығарып, қызметке қосуды ұйғарды. Таңдау маған түсті. Тілді жақсы білемін, жақсы жүгіремін. Нұсқаушы солдат бір аптадай итпен жұмыс істеуді үйретті. Содан кейін күзетке қарауыл бастығының орынбасары болып итпен баратын болдым. Постта тұрмаймын. Міндетім – күнде итті жаттықтыру, түрменің ішкі және сыртқы жолақтарын бір ауысымда итпен үш рет айнала жүріп тексеру. Казарманың жанында иттерді жаттықтыратын арнайы алаңша бар. Команданы түсіну, иіс алу, биік қорғаннан секіру, биіктетілген ұзын бөрененің үстімен жүгіру, қашқан адамды қуып жетіп ұстауға жаттықтырамын.
Итімнің аты Ягдарк. Ақылды әрі күшті ит болатын. Осы Ягдарктың арқасында әскери басшылықтан награда алғаным бар. Жоғары жақтан тексеру келіп, иттердің алғырлығына баға беретін болды. Бір солдатты «қашқын» етіп, қорғанның сыртынан аттандырған екен. Көктемнің аяғы, жер енді-енді дегди бастаған кез. Таң атпай «Побег!» деген дабыл қағылды. Взвод түгел казармадан шығып, сап түзедік. Мен итімді алып шығып, саптың шетінде тұрмын. Иықта автомат, белде екі магазин толы оқ. Басқа нұсқаушылардың бірі ауысымдағы қызметте, екеуі этап көлігімен алыстағы теміржол стансасына
кеткен.
Подполковник шеніндегі тексеруші аға офицер «побег» болғанын айтты да «Собаковод, вперёд!» деді. Итімді қарғыбауынан ұстап, сыртқа тұра ұмтылдым. Ауладан шығып бара жатып саптағы взводтың түгел казармаға қайта кіріп бара жатқанын көзім шалып қалды. Жалған дабыл екенін түсіндім. Бірақ, итті алға еркін жіберіп, қарғыбауынан айырылмай, түрмеге қарай жүгірдім. Арасы бірталай жер. Жеткен бойда сыртынан айнала жүгірдім. Итіме «Ищи! След!» деп команда беремін. Ол жаңа түскен ізді иіскеп табуы тиіс.
Таңалагеуімде итім ізді тапқанын білдім. Тоқтаусыз әрі-бері иіскелей жүріп, бір кезде алға ұмтылды. Қарғыбауды барынша еркін жібердім, бір ұшы қолымда. Айнала ну орман. Ағаштар бүршік жарып, орман табанындағы шүйгін от көтеріліп, жидектер сабақ жая бастаған. Ауа тап-таза.
Ит алда, мен артта, жүгіріп барамыз. Орманның жықпыл-жықпылымен, сай-саласымен алға қарай ұмтыла түсеміз. Бір кезде тасжолға шықтық. Қаладан алыстағы кен орнына алып баратын тасжолда автобустар шахтерлерді тасымалдайды. Ит тоқтады да жолды иіскелеп, әрі-бері шапқылаумен болды. Жол кебу, аздап жел бар. Мұндайда ізден көз жазып қалуы да мүмкін.
Таң да атып, айнала жап-жарық болды. Асфальттағы ізді Ягдарк таба алар ма екен деп ойладым. Кенет итім алға ұмтылып, жол бастады. Асфальттің үстімен төрт шақырымдай жүгіріп өттік. Содан кейін ит орманға қарай кілт бұрылды. Соңынан жүгіріп келемін.
Бір кезде үлкен дөңеске шықтық. Оның үстінде биік мұнара бар еді. Итім сол мұнараның түбіне жетіп, тұмсығын аспанға көтеріп қатты үре бастады. Сөйтсем із салып шыққан солдат сол мұнараның төбесіне шығып кеткен екен. Мен оған төмен түсуді бұйырдым. Себебі, оны итке «талатып», одан кейін тұтқындауым керек. Бұл иттің психологиясы үшін керек әдіс. Оны істемесе, ит разы болмайды.
Ол түсті. Үстінде дресскостюм бар. Оны өзім де кигенмін. Қалың болғандықтан, иттің тісі өте бермейді, бірақ, тістегенде аздап етіңді ауыртады. «Фас!» деп «қашқынды» итіме талаттым. Ол оң білегінен тістеп, иығына аяғын салып етбетінен құлатып алды. Иығынан, санынан тістеп, талағаннан кейін екі аяғымен басып тұрды. Содан кейін «Фу!» деген команда бердім де, «қашқынды» алдыма салып, түрме қақпасының алдына алып келдім. «Қашқынды» түрмеге дейін алып келіп, ішке кіргізіп жіберу де иттің психологиясы үшін өте керек тәсіл. «Қашқынды» кемі он бес шақырымдай жүгіріп ұстадым-ау деймін.
Тексеруші офицер операция басталғаннан аяқталғанға дейін мені дүрбімен бақылап отырған екен. Ешбір ескерту айтқан жоқ. Ал, бір айдан кейін менің атыма КСРО Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерінің Солтүстік-Батыс командованиесінің екінші дәрежелі «За отличие в службе» төсбелгісі келді. Сондай төсбелгіні кейін ішкі істер және ішкі әскер офицерлерінің тағып жүргенін көрдім.
Әскерде есте қаларлық қызық жағдайлар көп болды. Оқ ату, тактикалық жаттығулар, өте ұзақ қашықтыққа жүгіру сынақтары болып жатады. Атқан оғым нысанаға дөп тиетін. «Үздік атқыш», «Үздік сапта жүруші» деген атақтарға да ие болдым. Сапта жүрудің өзі де үлкен өнер-тін. Жалпы, әскердегі қызметім жақсы өтті деп ойлаймын. Абыройлы болдым. Командирлерім де, қаруластарым да сыйлайтын. Әу баста ротада жалғыз қазақ болдым. Алты айдан кейін Ақтөбеден үш қазақ келді. Кейінірек Қарағандыдан, Қостанайдан екі-үш қазақ жігіті келіп қосылды. Жақсы араласып, бір-бірімізбен бауыр болып кеттік.
Қызметтің арасында қол қалт етсе, кітап оқып жүретінмін. Бәрі орысша. Мурманскідегі госпитальдің өз кітапханасы бар еді. Соған бір жолым түскенде әдейі кіріп, қазақша кітап іздедім. Жоқ екен. Қырғызша жалғыз кітап таптым. Шыңғыс Айтматовтың повестері. Алып, оқып шықтым.
Иә, біздің де солдат болғанымызға қырық бес жыл өтіпті-ау.
Серік АЛДАН,
журналист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.