Кимешек
«Ең әдемі киім – өз ұлтыңның киімі» деген екен ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтың киімінен кем емес. Ұлттық киім қашанда тарихшылардың, этно-графтардың, өнертанушылардың назарында болды. Суретшілер, әдебиетшілер, театр және кино қайраткерлері, сәнгерлер дәуірлер бойы сақталған ұлттық киім үлгілері арқылы оны түрлендіріп отырады.
Қазақ киімдерін зерттеу Қазан революциясынан кейін ғана кеңінен қолға алына бастады. 1922-1926 жылдары Қазақ Республикасының астанасы Орынбор болғаны белгілі. Осы қаланың музейі қызметкерлері Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Орал, Атырау, Семей, Павлодар аймақтарын аралап, көптеген ұлт киімдері мен өрнектердің, алтын-күмістен жасалған бұйымдардың экспонаттарын жинап, әр облыстағы киім үлгілерін зерттеп, қағазға түсірді. Арнайы топ ертеде Қазақстан территориясын мекен еткен сақ, түркі, қыпшақ, қимақтардың киімдерін зерттеп, сызбаларын жасаған. Жас және жыныс ерекшелігіне қарай сәби киімі, бала киімі, бозбала киімі, бойжеткен киімі, қалыңдық киімі, келіншек киімі, бәйбіше киімі, күйеу киімі, жас жігіт киімі, ақсақал киімі деп жіктелінеді.
Көне ғасырларда пайда болған көптеген киім түрлері мен үлгілері бізге жеткен жоқ. Кейбір түрлерін этнографиялық музейлерден, көркемсурет орындарынан, сахнадан, жеке адамдардың үйлерінен көруге болады. Солардың бірі – кимешек. Ол – қазақ халқының дәстүрлі әйелдер бас киімдерінің бірі. Тұрмысқа шыққан әйелдер киетін ұлттық киім ретінде ерекше мәнге ие. Кимешек тек сәндік бұйым ғана емес, сонымен қатар әйелдің әлеуметтік мәртебесін, жас ерекшелігін және әдептілігін білдіретін маңызды айқындаушы элемент те.
Қазақ әйелдеріне тән өзіндік ерекше киім – кимешекті ақ мата, кейде жібек матадан тігіп, жиегін көмкеріп, сан алуан түрмен әшекейлейді. Кимешек-шылауышты жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, кемпірлер киеді. Оның негізгі мақсаты – әйелдің көркін айқындап қана қоймай, ұят пен инабаттылықты сақтау. Қазақ халқы үшін әйел адамның жабық киінуі тәрбиенің, мәдениеттің белгісі ретінде қарастырылған.
Салт бойынша кимешекті келіншек балалы болғаннан кейін киеді. Бұған келіншек өзі де дайындық жасайды. Енесінің, абысын-ажындарының көмегімен кимешек пішіп, әшекей кестелерін өзі тігеді. ХІХ ғасырдың басынан бері оларды тек ақ матадан тіккен. Ал, ХVІІІ ғасырдағы мәліметтер бойынша оған түсі басқа маталарды да пайдаланған көрінеді.
Бұл бас киім негізінен екі бөліктен тұрады. Төменгі бөлігі – кимешек, кимешектің жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Жаулық жөнінде толығырақ кейін тоқталамыз. Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан (Орал және Торғай облыстары) өңірінде кимешек үшбұрыштап бүктелген шаршы матадан ғана тұрған. Оны басқа тартып, шеттерін кеуде тұстан айқастырған не желке жағына жіберген.
Қазақстанның басқа аймақтарында төменгі баскиім ретінде бет шығатындай алды ашық, иықты, кеудені жауып, арт жағы үшбұрыштанып арқаны жауып, төмен қарай жіңішкеріп кететін кимешек киген.
Кимешек кеуде, иық, жонды жауып тұратын тұйық, ал, адамның бет-әлпеті шығып тұратын жері ойық болады. Кимешекті басқа пішіп, тігеді.
Кимешектің пішіні мен әшекейленуі әр аймақта әртүрлі болып келеді. Кейбір өңірлерде кимешек кестемен, ою-өрнекпен безендірілсе, енді бір жерлерде қарапайым, сәнсіз түрі де кездеседі. Кесте тігу барысында өсімдік пішіндес өрнектер, ұлттық нақыштар жиі қолданылады.
Бұл бас киім көбінесе келін болып түскеннен кейін киіле бастаған. Жас келіншектердің кимешегі қарапайымдау болса, жасы үлкен әйелдердің кимешегі әшекейлі әрі күрделірек болады. Осы арқылы әйелдің жасын, өмірлік тәжірибесін ажыратып отырған.
Қазіргі таңда кимешек ұлттық мұра ретінде қайта жаңғырып келеді. Ол мерекелік іс-шараларда, тойларда, мәдени фестивальдерде жиі қолданылады.
Кимешек – әйел сұлулығын, даналығын және ұлттық болмысын айқындайтын киелі киімдердің бірі. Бір сөзбен айтқанда, кимешек – қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Ол тек өткеннің белгісі емес, бүгінгі ұрпаққа кешегі рухани құндылықтарды жеткізетін тарихи мұра.
Шолпан МАМАДЬЯРОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі
ғылыми-әдістемелікті қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.