Орны бөлек Орынтай
Қаламгер қауым бір-бірінің есім-сойын алдымен газет-журналдарда жарияланған жазбалары арқылы біледі десем, өтірік айтқандық емес. Баспасөз беттерінде мақалалары, сатиралық әңгімелері мен өлеңдері жиі жарық көретін Орынтай Көмековпен менің де сырттай таныстығым осылай басталған.
Ол кез келген тақырыпқа еркін барады. Қаламы жүйрік тілшімен кейін кездестік. Мінезі тұйықтау көрінді. Кез келген кісімен тіл табыса кетуі де қиын. Алайда, өте қарапайым. Тумысынан аз сөйлеп, көп іс тындыратын адамдар санатынан сияқты көрінді. Бос мақтанды сүймейді. Жағымпаздық жаратылысына жат. Мақтаншақ, өркөкірек адамдардың, шіренген шенеуніктердің жанына жоламайды.
Ол Түлкібас ауданының Мақталы елді мекенінде 1956 жылы 20 сәуірде туған. Ауылды қақ жарып ағатын Арыс, Қызыларық, Қарасу өзендерінде шомылып, қара топырақты кешіп, талшыбықты армансыз ат қылып өскен бозбала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетке әуестенді. Қабырға газетін шығаруға белсене араласып, тырнақалды өлеңдерін жазды. Аудандық газетте жарияланған алғашқы мақаласы жетінші сыныпта оқитын бозбаланың қиялына қанат бітірді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бастап, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» басылымдарында, «Балдырған» журналында туындылары бірінен соң бірі жарияланып, қуанышы қойнына сыймай жүргені күні кеше ғана сияқты еді.
Үйдің кенжесі болғандықтан қарт анасын тастап кете алмай, орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмады. Сөйтіп, көршілес Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық училищеге құжат тапсырды. Құрылыс саласында 20 жыл маңдай терін төкті. Мұнда да қалағы мен қаламын қатар алып жүрген Орынтай Көмеков аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде өндіре жазып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Жазбалары облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Ал, 1994 жылы ол Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетіне тілші қызметіне шақырылды. Жоғары білімі мен арнаулы дипломы жоқ болса да Орынтай редакция ұжымын ұятқа қалдырмады. Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» қара нардың күйін кешті. Газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қаламы жүйрік журналист екенін іс жүзінде дәлелдеді! Өзіндік қолтаңбасы, оқырманы бар қаламгерге айналды. Орынтай Көмековтің 2006, 2014 және 2017 жылдары ауданда «Жылдың үздік журналисі» атануы осының айқын айғағы. Кезінде «Жұдырық», «Айғақ» газеттерінің де түрлі номинацияларының жеңімпазы атанғаны оқырмандарының есінде. Осы жылдар аралығында «Нұр шуақ» атты жеке газет ашып, оның бас редакторы болды. Алайда, нарық қыспағында қалған газет 8 жылдан кейін жабылды. Жалпы, Орынтай Көмековтің баспасөз саласында өткерген 35 жылдағы еңбегі ұшан-теңіз. Аудандық газеттен құрметті еңбек демалысына шыққанына 7 жылға жуықтаса да жаны қалайтын кәсіптен қол үзген емес. Мұндай жанкешті тілшіні бас редактор да жұмыстан жібергісі келмейді. Өйткені, Орынтайдың жазу өнерінде ойып алар өз орны бар!
Ол – Қазақстан Журналистер одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі. Қаламгердің «Сағындық, ана өзіңді», «Енді гүлге жоламаспын», «Ұйқысыз өткен түн», «Біз де бала болғанбыз» атты кітаптары оқырмандардан лайықты бағасын алған. Биыл 70 жасқа толған әріптесімізді мерейтойымен құттықтап, оған зор шығармашылық табыс тілейміз!
Жазар көбейсін, әріптес!
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.