Жүзей анаға ескерткіш қойдырған
Серікқали Жексенбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».
...Таяуда Ділдәбек Оразбаев досым елге келді. Сағынысып көрістік. Жүзінен меймілдеген мейірім мен жанға жайлы шуақ есіп тұр. Мұндай адамдармен әңгімелесудің өзі ғанибет қой! Досымның жан дүниесі қандай шұғылалы болса, оның өмір жолы да, тағдыр соқпағы да ізгіліктің сәулесін шашып тұрғандай. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы. Көзім – өзінде, құлағым – сөзінде.
– Мен бір қызық әңгіме айтып берейін. Алдымен Алланың қалауымен, екіншіден, сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың ұсынысымен 2013 жылы 30 маусымда Тарбағатай ауданына әкім болып тағайындалдым, – деді Ділдәбек досым сөзін әріден бастап. – Шіркін, қазақтың қай жері де киелі ғой. Тарбағатай мен Ақсуат аудандары қосылған соң үлкен ауданға айналған. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облыстық су шаруашылығы басқармасында 3 жылдай жұмыс істеген едім. Жалпы, аудан маған жақсы таныс.
Үлкен Мәдениет үйінде жиналыс болып жатыр. Шамасы, 600 адам жиналған. Тағайындау кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Ау, ағайындар! Әкімдік қызметке Тарбағатайдың жігітін қойсам, Ақсуат халқы арыз жазды. Ақсуаттың азаматын қызметке тағайындасам, тарбағатайлықтар шағымданып шыға келді. Мұндай ырың-жырың әңгімемен жұмыс жүрмейді ғой. Енді мен Шымкенттің азаматын алып келдім. Осыны қабылдап алыңыздар» деді. Байқаймын, жиналған халық бір сәт үнсіз қалды. Жүздерінен «неге Оңтүстіктің жігітін әкелді? Ел басқаратын азаматтар бізде жоқ па?!» деген сауалды оқығандаймын.
Жатқан жері жайлы болғыр, Бердібек Мәшбекұлы елдің жағдайын жіті зерттей алатын кемеңгер кісі еді ғой. Бір сөзінде «ұзынқұлақтан естіп жатырмын, «Сапарбаев өзінің туысқанын әкім етіп отырғызуға әкеліпті» деп пал ашып қойғандар да бар екен араларыңызда. Мен орта жүздің қоңыратымын, ал, Ділдәбек – ұлы жүздің дулаты. Сонда қандай туысқанбыз? Ділдәбек Оразбаевтың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін біліп әкеліп отырмын. Сіздер маған әлі рахмет айтасыздар» деді. Облыс басшысы айтып тұрған соң, олар не десін, «жақсы» деп бәрі келісті...
Шығыстың халқы жақсы екен. Алақанды ысқылап, жұмысқа кірістік. Таңғы сағат 5-тен тұрамын. Ол жақта ешкім жұмысты бұлай ерте бастамайды екен. Қызметкерлеріммен ауыл-ауылдарды араладық. Өйткені, облыс басшысының жұмыс стилі осындай. Тіпті сенбі, жексенбі күндері де демалмайды. Күні-түні жұмыс істеген соң ісіміздің нәтижесі көріне бастады. Арада 2-3 ай өткен соң бір күні көмекшім маған Төлеуғазы Нұрғалиұлы деген азаматтың кабинетте емес, менің үйімде жолыққысы келетінін айтты. Әйелім Шахизада ет асып, жақсылап күтті.
– Айналайын, Ділдәбек! Сенде менің ешқандай қауырт шаруам жоқ. Мен сізге тарихты тарқатқалы келдім, – деп сөзін жалғады Төлеуғазы Нұрғалиұлы. – Қызайдың басым көпшілік ұрпағы қазір Қытайдың Шәуешек деген жерін мекендейді. Шәуешек – мынау Мақаншы ауданының арғы бетінде, тиіп тұр. Қызайдың біраз ұрпағы Жарма (баяғы Георгиевка) ауданына қоныстанған. Ал, екінші қызы Жүзейдің ұрпағы біздер осы Тарбағатайда тұрамыз, – деп сөзін түйіндеді.
– Жүзейдің «Мұрын» деген лақап аты да бар. Наймандар Қызай және Мұрын наймандар болып екіге бөлінеді. Сол Мұрын наймандар – біз, – деп нықтап қойды. «Наймандар неге қыздың атымен кетіп қалған?» деп қоямын ішімнен. Төлеуғазы ақсақал әлі сөйлеп отыр. Айтуынша, Домалақ анамыздың екі қызы да мықты әйел болыпты. Жалпы, жаугершілік заманда олар да атқа мініп, дұшпандарымен соғысыпты. Жоңғарларға қарсы шапқан. Мен сізге кітап әкеліп беремін, – деді.
... Үш күннен кейін «Тоғыз таңбалы наймандар» атты кітапты қолыма ұстатты. Кітапты ашып, бүктеп қойған парағын көрсетті. Әдейілеп 7-бетті қайырып қойыпты: Онда «Ұлы жүздің Бәйдібек биі үшінші әйелі Домалақ ананың екі қызын наймандарға ұзатқан» деп жазылыпты. «Оның біреуі – Қызай, екіншісі – Жүзей» дейді. Содан үлкен ұрпақ тарап жатырмыз» дейді.
Жазда еңбек демалысымда қаламгер Мархабат Байғұт ағама телефон соғып, осы әңгімені бастан аяқ айтып бердім. Оған кітапты көрсеттім. «Не істеуге болады? Осы мәселе бойынша бір шешім шығару керек болып тұр». Тарбағатай ауданының орталығынан Домалақ ана сияқты бір әдемі ескерткіш қойдыру ойымда бар екенін айттым. «Өзің де зерттеп жатыр екенсің, ісіңді аяғына дейін жеткіз» деді Махаң. Содан Тарбағатайға үлкен сенім арқалай келдім. Аудандағы жігіттер де зерттеумен айналысып, маған жақсы көмектесті.
Бір күні тұрғындар алдында жылдық есеп бердім. Мәдениет үйіне 500-ден астам адам жиналды. Жиналыстың соңына таман «менде бір ұсыныс бар» дедім. Тарбағатай ауылы Жүзей (Мұрын) анадан тарайды екен. Ол кісінің атында бірде бір нысанның атауы жоқ, есімі көшеге де берілмеген. Оңтүстікте Домалақ анаға арнап кесене тұрғызылған. Мұрын анаға ескерткіш қоялық» дедім.
Жұрт қол шапалақтап жіберді. Бір аптадан кейін ескерткішті қою мәселесіне кірістім. Қазір Ақсуат ауданының орталығындағы саябақта Жүзей (Мұрын) анаға арналған үлкен ескерткіш тұр. Оның ашылу қарсаңында Мархабат ағаға қоңырау шалдым. Қайным Жарқынбек Төлтебайға оларды алып келуді тапсырдым. Жарқынбек дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік аймақтық бөлімшесінің төрағасы, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының директоры болып жұмыс істейді. Көп ұзамай Мархабат Байғұтты, Жазушылар одағы ОҚО филиалының сол кездегі директоры, дарынды ақын Бақытжан Алдиярды күтіп алдық.
Аудандық Мәдениет сарайында Мұрын ана әулиеге арналған ғылыми-танымдық конференция басталды. Оны өзім қысқаша кіріспе сөз сөйлеп аштым. Бірқатар ғалымдар, зерттеушілер, шежіреші ардагерлер баяндама жасады, ой-пікірлермен бөлісті.
Мұнан кейін Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, профессор Мұхтарбек Кәрімов, еңбек ардагерлері Төлеуғазы Нұрғалиұлы, Талғат Омар, сол кездегі аудандық мәслихат депутаты Ержан Құттыбаев, тарих пәнінің мұғалімі Өмірбек Төлембаев және басқалар сөз алды.
Қонақтарға шапан жауып, ат мінгіздік. Кимешек киген ардақты апалар мен көпті көрген аталар арқамнан қағып, ризашылықтарын білдірді.
Белгілі ақын Әбубәкір Қайран осы ауданның тумасы. Біздің тапсырысымызбен ол «Мұрын Ана – Жүзей қыз» деген жыр-толғауын «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады. Осындай атпен пьеса жазды. Әбубәкір Қайранға және «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған талантты ақын Алмас Ахметбекке «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағын бердік. Сенатор, академик Ғарифолла Есімді, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты, проректоры Диқан Қамзабекұлын, профессор Сейіт Қасқабасовты, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековті, заң ғылымдарының докторы, профессор Нәдірбек Әбсәлімовты те шақырған едім.
– «Мұрын» деген – түрік сөзі. Қазақша көркем, сұлу деген мағына береді екен. Мұрын ананың суретін көріп пе едің? – деп сұрады Нәдірбек менен.
– Жоқ.
– Шәуешекте тұратын Мұрын найманның ұрпақтарында оның портреті бар, – деді ол.
2012 жылы Шәуешек қаласында іссапармен болған едім. Халқының 80 пайыздайы біздің қандастарымыз. Обалы не керек, мұндағы қазақ кәсіпкерлері мені құдасындай жақсы күтті. Ұлтымыздың барлық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жақсы сақтаған. Аудан әкімі де (атын ұмыттым) қазақ жігіті еді. Қонақжайлылықпен күтіп алды.
Кейін ескерткіш орнатар кезде Шәуешектен Жүзей ананың суретші салған бейнесін алдырдық. Расында, Жүзей апамыз өте сұлу екен. Ұршық иіріп отыр. Мұның сырын ақсуаттық Есенбек Төлеген қария тарқатып берді. «Байқайсыз ба, Мұрын апамыз елді ұршықша иіріп отыр ғой» деді ол. Бұл сурет менің үйімде әлі сақтаулы тұр.
...Жазғы демалысымда Домалақ ананың кесенесіне барғанда шырақшы әйел менен «қайдан келдіңіздер?» деп сұрады. «Шығыс Қазақстан облысынан» дедім. «Ол жақта Шымкенттің бір жігіті Домалақ ананың қызына ескерткіш қойыпты ғой» дегені. «Ол мен едім» деп күліп жібердім. Шырақшы әйел риза болып, шын ниетімен үйіне шайға шақырды. Домалақ ананың қыздары туралы сұрады. Қысқаша айтып бердім.
Құдайдың кереметі ғой, Бәйдібек би мен Домалақ ана Оңтүстікте болса, қыздары –Шығыста. Мені де Құдай айдап қызмет етуге сонда апарғанын айтамын да...
Ділдәбек досым әңгімесін осылай аяқтады.