Есенов деген ер өткен

Көрнекті мемлекет қайраткері, академик Шахмардан Есенов – ұлт ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның өмір жолы өнегеге толы. 

Шахмардан Есенов 1927 жылы  Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық техникумын, Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті) бітірген.  
Ш.Есенов отандық металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болған. Ұстазы жайлы «Зерде» (1989 жыл, №1) журналына берген сұхбатында ол: «Мен қазақтың біртуар данышпан перзенті Қанекеңнің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Қанекең деген молынан пішілген, қазақтың бүкіл жақсы қасиеттерін бойына сіңірген дарқан да жайсаң адам еді. Геологиялық барлау саласында оның білмейтін ұңғыл-шұңғылы жоқ деуге болады. Асқан білікті, парасатты жан деп сол кісіні айтар едім. Қанекеңнің бір өзі жасаған Қазақстан металлогениялық картасы дүниежүзілік геология ғылымы саласында теңдесі жоқ дүние!» дейді.
«Шахмардан шын мәнінде Қаныш Имантайұлының ең сүйікті, ғылыми жолын сенімді жалғастырушы шәкірті болды. Екеуі де Қазақстан ғылымының қарашаңырағы – Ғылым академиясының өсіп дамуына барлық күш-жігерін жұмсады» деп жазады академик Кенжеғали Сағадиев. Ал, Шахмардан ағаның жұбайы Кәмила Бегімбайқызы: «Шахаң ұстазы, атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен Жезқазғанда он бір жыл қызмет істеді. Қатардағы барлаушыдан экспедицияның бас инженеріне дейін өсті. Ол Қаныш ағаны өте құрметтейтін, сыйлайтын» дейді естелігінде. Келер жылы туғанына 100 жыл толатын ғалым Арқада өткізген 11 жылда Ұлытау–Жезқазған аймағын түгел аралап шыққан. Экспедицияда аса қат қуатты кен бұрғылау агрегаттарының санын 5 есеге арттырып, оларды 100-ге дейін жеткізуге күш салған жан. Жезқазған кен тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақпай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас атты кен орындарын ашып, олардың қорын анықтады.
Шахмардан Есенов ұстазы Қаныш Сәтбаевтың үмітін толық ақтады десек, қателеспейміз. Оның небәрі 26 жасында мәскеулік ғалымдардың алдында Жезқазғанның жаңадан зерттеліп, болжанған кен қорының мөлшерін нақтылап, дәлелдегені өз алдына бір тарих. Геология саласына бар ынта-ықыласымен кіріскен Шахмардан Есенов Жезқазғандағы жер асты байлығы сол кездегі белгіленген мөлшерден 3-4 есе көп екенін анықтайды. Бұл – кен өндірудің көлемін көбейту арқылы елдің ырысын еселеуге мүмкіндік бар деген сөз. Осы ойын ұстазы Қаныш Сәтбаевқа айтқанда ол кісі: «Мұны Мәскеудің ғалымдары мен академик, геологтарына дәлелдеу керек» дейді. Көп ұзамай Қаныш Сәтбаев Мәскеудегі тиісті министрліктер мен Ғылым Академиясына жаңа идеяның мәні мен мазмұнын түсіндіріп хат жазып, олардан: «келіп дәлелдесін» деген жеделхат алады.
Бір қызығы, Мәскеуден жеделхат келгенде Шахмардан аға Жезқазқан қаласынан екі жүз шақырым шалғайдағы экспедицияда жүр екен. Ол кезде ағылып жатқан көлік жоқ, хабарды ести сала ескі «Газ-51» көлігімен алты-жеті сағат жол жүріп, Жезқазғанға зорға жетеді. Мәскеуге аптасына бір рет қана ұшатын ұшаққа әупірімдеп зорға үлгереді. Тіпті, үйіне барып киім ауыстыруға да мұршасы болмайды. Ғылым Академиясы мен Геология министрлігі өткізіп жатқан жиналысқа шалбарының балағын керзі етігінің қонышына тығып алып, көнетоз фуфайкамен кіріп келеді. Сол керзі етігімен-ақ мінберге шығып, өзінің жаңалығын дәлелдеп, мәскеуліктерді таң қалдырады. Таң қалдырып қана қоймай, Мәскеу ғалымдарынан қолдау тауып, Жезқазған кенінің жаңа картасын жасап шығарады. Бұл жаңалық «Жезқазған типтес кен орындары», «Жезқазған әдісі» деп аталады. Әлі отызға да толмаған жас ғалымның терең білімі мен тәжірибесі сол замандағы мүйізі қарағайдай ғалымдарды тәнті етіпті.
Шахмардан Есенов – бүкіл өмірін елінің болашағына, ғылымына арнаған жан. Алпысыншы жылдары КОКП ОК-нің бас хатшысы Никита Хрущев Қазақстанды үш өңірге бөліп, солтүстіктегі облыстарды Ресейге, Маңғыстауды Түркімен-станға қоспақ деген әңгімелер шығады. Бұл мәселе КСРО Үкіметінің жабық отырысында қаралады. Сол жерде Шахмардан  Есенов Маңғыстау қойнауын игеруге Қазақстанның да шамасы жететінін дәлелдеп шығады. Осылай Жұмабек Тәшенев екеуі Маңғыстауды қорғап қалған ұлт жанашырлары ретінде тарихқа кіреді. Осы оқиғадан кейін Ш.Есенов Қазақстанда мұнайшы кадрларын даярлау ісіне білек түріп кіріседі. Атыраудағы Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандырады. Қазақ политехникалық институтындағы мұнай ісі факультетіне көптеп студент тарту мәселесін қолға алып, олардың санын 250-ге дейін жеткізеді. Қосымша даярлау бөліміне 100 тыңдаушыны қоса қабылдатады. Ресейдің Мәскеу, Уфа қалаларынан, Орынбордағы мұнайшылар даярлайтын жоғары оқу орындарынан елге қосымша мамандар шақырады. Мұның бәрі 60-70-жылдары Қазақстанда мұнайшылардың жаңа генерациясын қалыптастыруға негіз болады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шахмардан Есенов – қазақ жерінің астын да, үстін де талан-таражға түсуден қорғап қалған бірегей ғалым.
Ш.Есенов Балқаш экспедициясын басқарып жүрген уақытында Бетпақдалада жұмыс істеп жүрген экспедиция мүшелерін Балқаш қаласына көшіріп, оларға пәтер әперіп, балаларының мектепке баруына себепші болған.
Айта берсек, Шахмардан Есеновтің қазақ ғылымына ғана емес, тұтас халыққа сіңірген еңбегі де орасан. Қазақ геологиясының негізін салушылардың бірі, геология-минерология ғылымдарының докторы Маңғыстау түбегінен мұнай мен газ кен орындарын ашуға, Жезқазған мен Орталық Қазақстанның байлығын барлауға, жер қойнауын игеруге көп еңбек сіңірді. Ғалым 60-шы жылдардың басында Арал проблемасын көтеріп, теңіздің бөлшектеніп кететінін нақты есептеулермен дәлелдеп берген екен. Өкінішке қарай, ол кезде оған құлақ асқан жан болмапты. Сол 60-шы жылдардың соңында Байқоңырға келген КСРО Ғылым Академиясының президенті М.Келдышке «мыңдаған қазақ ұшқыштарының арасынан космонавт шықпайды деу жаңсақтық болар» деп айтып салған да Есенов болатын. 
Шахмардан Есенов екі рет Геология министрі қызметін атқарды, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі әрі оның президенті болды. Жеті рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып, екі рет Жоғарғы Кеңестің төрағалығына сайланды. КОКП Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, Қазақстан Коммунистік партиясы тексеру комиссиясының мүшесі болды, КСРО Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі мемлекеттік комитетінің мүшесі болды. Лениндік және Қазақ КСР Мемлекеттік, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтардың лауреаты, екі рет Ленин орденімен марапатталған. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталды.
Ғалымның артында 16 монография, 200-ден астам ғылыми мақала мен бірнеше ғылыми еңбегі қалды. Бүгінде Алматы, Қызылорда, Жезқазған қалаларында оның есімінде көше бар, Ақтау қаласындағы университет Ш.Есенов есімімен аталады. Жезқазған университетінің озат студенттеріне, Ғылым Академиясының аспиранттарына Ш.Есенов атындағы стипендия беріледі. Өзі оқыған «Тартоғай» орта мектебіне есімі берілген. Көзін көргендердің ұйымдастыруымен «Біртуар Шахмардан», «Главный геолог» атты екі кітап пен «Академик Шахмардан Есенов» фотоальбомы шығарылған.

Гүлжан ОРЫНБАСАРОВА,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті әлем тарихы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдырыңыз