САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ШЕБЕРЛІК
Театр көрерменге актерлік
ойынымен танылса, сол образдың шынайы шығуына үнсіз үлес қосатын мамандар да
бар. Көпшілік сахна сыртындағы тынымсыз
еңбек иелерінің болатынын біле бермеуі де мүмкін. Солардың бірі – гример-суретші
мамандығы деп айтар едім.
-Театрға деген махаббатым мектепте оқып
жүргенде-ақ басталды. Телевизордан спектакль көргенді ұнататынмын, «Театр»
журналын жаздыртып алып, бірде бір санын жібермей оқитынмын. Актриса болсам
дедім, арманымды арқалап Семейден ару Алматыға
аттандым. Театр институтына оқуға тапсырдым. Орыс мектебін оқып бітірген
едім, алайда қабылдау емтиханы ана тілінде өтті. Сүріндім. Семейдегі Абай атындағы мәдени-ағарту училещесіне театр бөліміне оқуға түстім. Мен осы оқу
орнында актер шеберлігі мен режиссурадан жалпы білім алып, грим техникасын
меңгеріп шықтым, дейді Райымбек
Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының гример-суретшісі Қарлығаш
Сапарханова.
Ол 2000 жылы Райымбек
Сейтметовтің шақыртуымен Түркістан сазды-драма театрына жұмысқа келіп,
кәсіби еңбек жолымды бастады. «Райымбек
ағамыз ұстазым ғана емес, ұжымдағы барлығымыздың әкеміз секілді қамқорымыз еді,
рухы шат болсын. Ол кісі маған образдар
бойынша бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беретін. Мен барынша ойдағыдай шығаруға
тырысамын. Риза болып, алғысын жаудырып образ көңілдегідей шыққанда балаша
шаттанушы еді. Сахна саңлағының берген ақ батасы, алғысы менің жұмысыма
берілген зор баға деп білемін. Бұл
сәттерді ешқашан ұмытқан емеспін» дейді грим шебері.
Гримерлік өнер – тек бояу
жағу емес, бұл кейіпкердің жанын ашатын нәзік кәсіп. Театрда өткен 25 жыл мен үшін үйрену,
тәжірибе жинау мерзімі ғана емес, өзімді шығармашыл тұлға ретінде
қалыптастыруға мүмкіндік берген белес деп санаймын. Театрда
түрлі қойылымдар, сан түрлі образдар
жасалады. Осы образдарды шығарудың гримердің қызметі орасан. Актер образының көркем әрі нанымды
шығуы гримердің шеберлігіне тікелей байланысты. Гримердің жұмысында техника мен
шығармашылық тандем құрып, үйлесім табуы керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Образды ойдағыдай шығару үшін
гример де пьесаны бастан-аяқ білу (оқуы), грим жасап отырған актердің
шығаратын персонажын, характерін терең түсінуі
тиіс. Әрине, режиссердің бекіткен
міндетін ұға қоятын, талантты актермен
жұмыс істеу қызықты һәм жеңіл. Әрі ләзатты дер едім. Ең маңыздысы – актердің өз
рөлін сен шеберлікпен жасаған гримде, шеберлікпен сомдауы, оған көрерменнің
көңілі толып, актерге жоғары баға берген сәті. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындадым деген сөз.
«Мына спектакль, мына образ айрықша есімде қалды» деп санамаламаймын, мен
олардың әрбіріне шығармашылық ізденіспен барымды салдым. Бір нәрсе ақиқат – театрда жүріп рухани өстім. Маған тарихи
жанрдағы қойылымдар қатты ұнайды. Сол қойылымдар арқылы еліміздің тарихы, ұлт тағдыры үшін арпалысқан
Алаш арыстары, көрнекті ағартушылар мен батырлар туралы көп нәрсе білдім.
...Иә, уақыт бір орнында тұрмайды,
заманмен бірге технология мен прогресс қарыштап алға озуда. Қазіргі кезде көптеген қызықты макияж өнімдері мен макияж
жасаудың жаңа әдістері шығып жатқаны сөзіме дәлел. Бұл гример мамандығын
таңдаған жас мамандардың жұмысына қажет. Жас визажистер театрды, сахнаны және ондағы барлық нәрсені
жақсы көріп, сезінсе деп тілеймін.
Өйткені, театрда өмір сүріп,
онымен тыныстау арқылы ғана мұның
ғажап әлем екенін екенін түсінесіз,
дейді шебер.
Ә.Тәшім.