Оның өмір сүруінің өзі ерлік еді
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазіргі Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылында облыстағы ең алғашқы авторлық дербес мектеп ауыл балаларына есігін айқара ашты. Бұл мектептің бастауында ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің озық қызметкері, әдіскер-мұғалім Қуаныш Пошанов тұрған еді.
Жетпіс жыл өзге ұлттың боданында болған ұрпағының санасына сәуле түсіру, мектепті қазақы рух пен мәдениет ошағына айналдыру ұлағатты ұстаздың көкейінде көптен жүрген арман болатын. Осы арманның орындалуына аудандағы «Шаян» акционерлік-коммерциялық фирмасы демеушілік етіп, ұстазға бар мүмкіндікті жасап берді. Авторлық мектеп болғандықтан онда ұстаздың өз әдісін, көзқарасын енгізіп, оқушыларға ана тілі, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар негізінде білім беруіне мүмкіндік жасалды. Сөйтіп, баланың бастауыш сыныптан бастап сауатты, жан-жақты дамуына көмектесу, халықтық педагогика тәлімдерін, шетел тілдерінің бірін, компьютерлік сауатын арттыруға жағдай жасалды. Сабақтар тереңдетіліп және сараланып оқытылды. Оқушының білімі мен игерген дағдысы тоқсан сайын арнайы құрылған сарапшылар арқылы бақыланып отырды. Мектепте «Халықтық ісмерлік», «Тоқыма өнері», «Домбыра үйрету», «Гимнастика», «Акробатика», тағы басқа да үйірмелер жұмыс істеді. Оқушылар жыл сайын тестілеу бойынша білім байқауынан өтіп тұрады. Ал, бітіруші түлектердің белгілі бір мамандықты игеріп шығуына жағдай жасалды. Өңірдегі білім беру ісінің дамуына ықпал еткен дербес мектептің лентасын сол кездегі облыс әкімі Зауытбек Тұрысбеков қиып, оның озық үлгісі туралы «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі» басылымдары жарыса жазып жатты. Ол мақалаларда сол кездегі облыстық білім департаментінің бастығы Сайлаукүл Барахова ауыл мұғалімінің жанкешті ерлігі туралы жылы лебізін білдіріп, білікті кадр, білімді маманның саладағы бұл еңбегін реформа деп бағалады. «Өйткені, қазіргі тұрмыстық әлеуметтік қиыншылықтарға байланысты жұмысты тастап кеткен мұғалімдер көп болды. Еңбекақы төмендігі, еңбек-ақыларын үш-төрт айдан бері ала алмауы, оларға беріліп келген жеңілдіктердің тоқтатылуы мұғалімдерді мектептен еріксіз кетуге мәжбүр етуде. Дегенмен де, осы қиындықтарға, келеңсіз жағдайларға сабырмен, төзіммен қарап, ұрпақ тәрбиесіне жан жүрегімен маңыз беріп, ертеңін ойлап жүрген мұғалімдер де болды. Солардың арқасында облысымызда дарынды және талантты балалардың оқуы үшін жағдай туғызудың оң тәжірибесі жинақталды. Биылғы оқуы жылынан бастап Алғабас ауданындағы Қ.Пошановтың авторлық мектебі арнайы шаңырақ көтерді» деп жазыпты сол кезде Сайлаукүл Жаппарқызы. Расында, бұл мектеп жай ғана білім ошағы емес, бір дәуірдің рухани жаңғыруының бастауына айналған білім ошағы еді. Өйткені, ол жылдардағы еліміздің жағдайын қазіргімен салыстырсақ, жеке мектеп ашу үлкен батылдықты талап ететін. Бұл Қазақстанда білім саласындағы жаңа трендтің бастамасы болып, кейінгі жылдары жекеменшік білім беру желісінің кеңеюіне үлкен серпін берді. Осылайша Пошанов мектебі әртүрлі бағыттағы білім беру орталықтарының дамуына жол ашты.
Әдетте өмірге ұлы мұратпен келген жандардың тағдыр жолы тұйықтау болып келеді. Қуаныш Пошанов «Екпінді» бастауыш мектебінің 1-сыныбына 1964 жылы барып, 1974 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті тәмамдады. Анасы Зеберкүлден 7 жаста, әкесі Орынбасардан 11 жаста айырылып, тұл жетім қалған Қуаныш Орынбасарұлы «Шалдар» кеңшарының тумасы еді. Соңынан ерген інісі Қаныбек пен бес жасар қарындасы Айшаны жетелеп, жеткізу небәрі 11 жасар баланың мойнына түсті. Әркімнің есігін паналап, тағдыр тәлкегіне түскен үш бала ерте есейді. Ауырып, өмірден озған әкесінің мәйітін тану үшін мәйітханаға кірген 11 жасар ұл көңілінен өшпейтін алғашқы соққыны осы кезде алды. Қаршадай бала жан бағу үшін мектеп қабырғасында жүргенде аудандық газетке алғашқы мақалаларын жолдап, қаламақыға берген тиын-тебенді күнкөріс көзі етті. Жігіт болып жетіліп, балалық шақтың кермек дәмі ұмытыла бастаған кезде тағдыр тағы шыр айналдырып, көзінің ағы мен қарасы болған жалғыз інісі Қаныбектен мәңгілікке айырылады. Аялдамада тұрған бейтаныс қызды көлік апатынан қорғаймын деген боздақ машина соққысынан тіл тартпай кетеді. Оның өмірдегі жалғыз сүйеніші ендігі жерде жары Төреқыз бен қарындасы Айша болып қала берді.
Қуаныш Пошанов алғашқы еңбек жолын мәдениет үйінде инспектор болып бастады. 1975 жылдың тамыз айында аудандық «Алғабас» газетіне тілші болып қабылданды. 1976 жылдан 1980 жылға дейін осы газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Ал, 1979 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Сексенші жылдардан бастап география пәнінің мұғалімі болып істеген ол, 1987-88 жылдары облыстық білім беру басқармасына қарасты мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болып қызмет етті. Осы жылы өз ауылындағы Қ.Сыпатаев атындағы мектепке қайтадан оралып, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал, 1994 жылы жаңадан ашылған авторлық мектепке директор болып тағайындалды.
Өз ісін зор сүйіспеншілікпен, шығармашылық ізденіспен атқаратын Қуаныш Пошановтың мұғалімдік тәжірибесі үнемі жоғары бағаланып, оның әдістемесі республика мұғалімдеріне таратылды. География сабағына қойылатын талаптар бойынша тәжірибесі Бүкілодақтық педоқуға ұсынылды. Сыныптан тыс жұмыстарды да өз деңгейінде ұйымдастырып, ол жетекшілік еткен туристік үйірме облыстық байқауларда үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрді. «Сынып бөлмесі – мұғалім лабораториясы» десек, өзі жабдықтаған география пәні кабинеті бұл бағыттағы ұзақ жылдық ізденіс пен талпыныстың жемісі еді. Ең алдымен кабинет жасау ісін көрнекіліктер қорын молайтудан бастады және оны оқушылармен бірлесіп қолдан жасады. Ал, Қуаныш Пошанов ашқан мектептегі музей оқушыларға өз өлкесінің табиғи байлықтарын, оның еңбек дәстүрін танытып, қоғамдық белсенділігін арттыруға қызмет етті. Мектеп музейінің басты мәні оқу-тәрбие процесіне қосымша көмек болып табылды.
Талпынғанын табатын қасиетімен ерекшеленетін, талабы таудай болған ұлағатты ұстаз тірі болғанда бүгінде 70 жасқа толар еді. Амал нешік, әке-шешесі дүниеден өткенде ауып қалған шаңырағын тіктеп үлгеріп, сағынышын басуға асыққандай 49 жасында дүниеден озып кете барды. Төрт перзенттен тараған әулеттің бас иесіне айналған жары Төреқыз анамыз атамызға айнымас адал серік болды. Ұлы Рауан әке жолын қуған ұстаз, Роллан мен Жасұлан қазақ киносының қоржынына үлкен олжа салып жүрген білікті мамандар атанды. Аз өмір сүрсе де бір адамның ғұмырына жететін із қалдырған Қуаныш Пошановтың өнегесі келешек ұрпаққа осылай үлгі болып қалды.
Лаура ТАСТАНБЕК,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.