51,1 мың гектар жер қайтарылды

Түркістан облысындағы барлық жер қоры 11 млн. 610,3 мың гектарды құрайды. Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер телімдерін алып қою бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2025 жылға облыс бойынша 110 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бүгінгі таңда облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 51,1 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, былтыр елді мекендерді қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша 68,2 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл өңірде 831,8 мың шартты мал басына жайылым тапшылығы 539,8 мың гектарды құрады. Жұмыс тобы тарапынан 3960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым аумақтарына мал басының тіркелмегендігі анықталған. Осыған орай, аудан, қала әкімдіктерінде жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды, бекітілген жоспарды уақтылы орындауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.