Төртеудің ісі

Адамнан айла артылған ба?! Пенде болған соң қулық-сұмдығы көп мына заманда айлалы болу да қажет шығар дейсің кейде. Десек те, кейбір лауазым иелерінің пара алу жолындағы небір амал-айлаларын көргенде, таңданбасқа шараң қалмайды.
Жақында Түркістан қалалық соты облыстық табиғатты пайдалану және табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы И.Б-ға, оның орынбасары А.Е-ге, мекеме заңгері М.А-ға және кәсіпкер И.М-ға қатысты үкім шығарды.
Олар жасыл желекті зиянкестерден қорғайтын пестицидтер мен гербицидтердің сапасыз екенін біле тұра оны 14,9 млн. теңгеге сатып алған. Сөйтіп, бюджет қаржысын орынсыз шығындаған. Осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттері үшін мекеме басшысы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, қалған үшеуінің 2 жылға бас бостандықтары шектелді. Сонымен қатар олар өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот әлі заңды күшіне енген жоқ.
Д.ЖҮСІП.