Әйелдер барлық салада белсенді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап гендерлік теңдік мәселесі мемлекеттік саясаттың бір басымдығы болып келеді. Гендерлік саясат дегеніміз – қоғамның барлық салаларында әйелдердің ерлермен тең құқылы екендігін білдіретін мемлекеттік және қоғамдық қызмет екені белгілі. Қазақстанда гендерлік саясатты ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті – әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру.

Қазір бұл саяси мәселе «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген заңдармен реттеледі. Бұл заңдар негізінен әйел адамдардың мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның жолын кесуге бағытталған. Соның негізінде әйелдердің қоғамның барлық салаларына қатысуын қамтамасыз етуі қажет.
Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер-азаматтармен қатар еңбектеніп, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халықаралық ареналарда да қазақ әйелдерінің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Жалпы, ата-бабаларымыз әйел затын қашанда ардақ тұтып, төрінен орын берген. Сондықтан гендерлік саясат мәселесі ұлттық құндылықтармен сабақтаса отырып, ілгері дамуы тиіс.

Айдар АСЫЛХАНҰЛЫ, 
Түркістан қаласының мамандандырылған 
ауданаралық тергеу сотының аға сот приставы.

Пікір қалдырыңыз