Сайлау – демократияның ең жарқын көрінісі

Сайлау – еліміздің ертеңін айқындайтын маңызды саяси науқан. Яғни мемлекеттік жүйенің тиімділігін, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, елдің болашағы үшін негізгі жүйені жолға қоятын механизм. Осыған орай кейінгі бірнеше жылда еліміздегі саяси ахуал айтарлықтай өзгергені белгілі. Әкімдерді сайлау бүгінде өте маңызды қадам санатында. Өңірді дамытып, экономикасын көтеретін білікті басшыны халықтың өзі таңдайды. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаевпен бүгінгі сұхбатымыз өңіріміздегі сайлау барысы мен оған қатысты өзгерістер туралы өрбіді.
– Аңсар Жаңабайұлы, демократиялық даму тұрғысынан аса маңызды бұл жауапты жұмыс халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында қалай жүзеге асырылып жатыр? Сайлау науқанына халықтың көзқарасы, сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігінде қандай да бір өзгерістер байқала ма?
– Түркістан облысында халық саны 2 млн. 154 мың адамды құрайды. Оның ішінде сайлауға құқығы бар азаматтар саны – 1 191 793, бұл жалпы халықтың 55,3%-ы. 2024 жылдың 16 қаңтарынан бастап сайлаушылар саны 7 294 адамға ұлғайды. Алгоритмге сәйкес биыл 16 қаңтарда жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін ұсынды. Тізімді салыстыру барысында оның сәйкестігі 99,9%-ды құрады.
Сайлаушылардың сайлау процесіне белсенді қатысуына әсер ететін жәйттердің біріншісі, ол сайлауға қатысып отырған кандидаттардың жергілікті жердегі танымалдылығы мен белсенділігі. Жергілікті тұрғындар үшін маңызды болып саналатын мәселелерді (жол жөндеу, жарықтандыру, инфрақұрылым, ауыз су, ағын су, жайылым мәселесі) белгілі бір кандидат қалай шешеді немесе оның шешу жолдарын қалай қарастырады, соған байланысты. Екіншісі, сайлау комиссиялары тарапынан тұрғындарға таратылатын шақыру қағаздары мен «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілері және «WhatsApp» мессенджері арқылы инфографикаларды, сайлау учаскелері орналасқан жерлер мен олардың шекаралары туралы ақпараттарды жүйелі түрде таратып отыру, сондай-ақ, жарнамалық конструкцияларға хабарландырулар орнату.
Аталған жәйттерді ескерген жағдайда, іс жүзінде көргеніміздей, кейбір ауылдарда сайлаушылардың белсенділігі 90 пайыздың үстінде болса, кейбір учаскелерде керісінше 20 пайызға да жетпейді. Сондықтан біздің тарапымыздан аудандық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына жергілікті жердегі тұрғындарды хабардар ету бағытына басымдық берілуде.
– 2024 жылғы республикалық референдумда сайлаушылардың белсенділігі қандай болды?
– Иә, өздеріңізге мәлім, «Сіз, Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сауалмен 2024 жылдың 6 қазанында өткен республикалық референдумда Түркістан облысы сайлаушыларының 75%-ы дауыс берді. Олардың 78%-ы оң шешімді жақтады. Референдум учаскесіне өздігімен келе алмайтын 5217 сайлаушының үйде дауыс беруіне жағдай жасалды.
– Сайлау учаскелері мен олардың шекараларының өзгерістері жайлы не айтасыз?
– Қазіргі таңда облыста 945 сайлау учаскесі бар, оның 26-сы жабық. Бүгінде жаңа сайлау учаскелерін ашу және шекараларын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр 5 жаңа учаске ашылды, 13 учаскенің шекарасы өзгерді. Қазіргі уақытта облыс бойынша ЖАО-дан жаңадан 3 сайлау учаскесін ашу (Түркістан қаласы) және сайлау учаскелерінің шекараларын өзгерту бойынша 34 сайлау учаскесі жоспарланған, оның ішінде 24 учаскенің шекаралары өзгеріп, тиісті құжаттармен рәсімделді. Кентау қаласында – 20, Созақ ауданында – 4 және Сайрам ауданында 6 сайлау учаскесінің құжаттары әділет департаментінде рәсімделуде. Түркістан қаласында 4 учаскенің шекарасын өзгерту жоба сатысында тұр.
– Сайлау комиссияларының жұмысы қалай ұйымдастырылып жатыр?
– Түркістан облысында 18 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оларда 126 мүше бар. Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісі үшін 3 округтік (15 мүше), 23 облыстық (100 мүше), 292 бір мандаттық аудандық, қалалық сайлау округі (1460 мүше) бар. Барлығы 945 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеуде, оның 6227 мүшесі бар. Жалпы облыста барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің саны – 7928.
– Сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыру мәселесі қолға алынған ба?
– 2025 жылға арналған оқыту кестесі бекітілген. Кестеге сәйкес, барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинарлары жоспарланған. Оның ішінде, аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастыратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне, шығып қалған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының орнына депутаттар сайлауын ұйымдастырып өткізетін аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары бар.
Оқыту барысында сайлаушылар тізімін жасақтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, үгіт-насихат жұмыстарын заң талабына сай ұйымдастыру және қадағалау, сайлау комиссияларына келіп түсетін арыз-шағымдар бойынша заң талаптарына сай жұмыстар жүргізу туралы семинарлар ұйымдастырылады.
Бүгінгі күнге оқу жоспарына сәйкес бірінші кезекте шығып қалған аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтетін өңірлерде барлық деңгейдегі сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған семинар-кеңестер мен оқу-тренингтерінің бірінші толқынында 12 оқу курсы ұйымдастырылды. Оған 100 сайлау комиссиясының мүшелері қатысты. Алдағы уақытта каскадтық тәсілмен қалалық және аудандық АСК мүшелерінің округтік және учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне оқу курстарын өткізу жоспарлануда.
2024 жылы Түркістан облысы бойынша 150 оқыту семинарында 4974 комиссия мүшесі оқытылды.
2024 жылдың маусым айында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында Түркістан қаласында оқыту семинары ұйымдастырылып, оған қалалық, аудандық АСК төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары қатысты.
2024 жылғы республикалық референдум қарсаңында сайлау комиссияларына арналған Ш-деңгейлі оқыту іс-шаралары жоспарланып, оған учаскелік сайлау комиссияларының 6 255 мүшесі толық қамтылды.
Бұдан бөлек, дүниежүзілік сайлау күніне орай, биыл 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында Түркістан облысы бойынша 631 іс-шара өткізіліп, оған 5 648 адам қатысты. Атап айтқанда, «дөңгелек үстел» мәжілістері, мектептердегі тәрбие, сынып сағаттары, викториналар, конкурстар, дебаттар, олимпиадалар, студенттермен, ҮЕҰ мүшелерімен, БАҚ өкілдерімен кездесулер және ашық есік күндері ұйымдастырылды.
– Өкілетті органдар, яғни мәслихаттарда қанша депутаттың орны бос?
– Облысымызда 23 облыстық, 44 қалалық және 248 аудандық мәслихаттарының сайлау округтері бар. Облыстық мәслихатқа партиялық тізіммен сайланған депутаттар саны – 23. Яғни «AMANAT» партиясынан – 14, «Ақ жол» партиясынан – 4, «Ауыл» – 4, «Respublika» партиясынан 1 депутат сайланды. Қазіргі уақытта аудандық мәслихаттарда 4 орын бос тұр. Олар Кентау қаласында және Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында. 2025 жылдың 30 наурызында босаған орындарға сайлау өткізу жоспарланған. Аталған 4 сайлау округінде кандидаттарды тіркеу процесі аяқталды.
Округтік сайлау комиссияларына мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына ұсынылған 21 кандидаттың бесеуі жеке өтініштері негізінде тіркелгенге дейін алып тасталынды. 16 кандидат тіркеліп, бір кандидат жеке өтінішінің негізінде тіркеуден кейін алынды.
Осылайша, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының сайлауында орташа бәсекелестік бір бос депутаттық мандатқа 3-тен астам кандидатты құрайды.
Тіркелген 15 кандидаттың бесеуі саяси партиядан, 10-ы өзін-өзі ұсынған. Кандидаттар арасында өзге этнос өкілдері жоқ.
7 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады. Бесеуі – партия қатарында жоқ, үшеуі – партияға тиесілігін көрсетпеген.
Олардың орташа жасы – 43 жас.
11 кандидаттың білім жоғары, үшеуі орта кәсіптік білім алған, біреуі орта біліміді.
Кандидаттардың 8-і коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді, 7-еуі жұмыспен қамтудың өзге топтарының өкілдері.
Қазіргі уақытта кандидаттардың үгіт науқаны басталды, ол 29 наурыз күні 00.00 сағатқа дейін жалғасады.
– Ауыл әкімдерінің сайлауына тоқталсақ. Соңғы жылдары қанша ауыл әкімі сайланды?
– Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңі болуы тиіс.
Президент тапсырмаларына сәйкес, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу бойынша тиісті заң жобалары әзірленіп, қабылданды. Президент ұсынған заңнамаға түзетулер 2021 жылғы 24 мамырда енгізілді. Сайлау заңнамасының жаңа нормалары 5 маусымнан бастап күшіне енді. Түзетулер аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдеріне тікелей сайлауды енгізуді, сонымен қатар барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсы» бағанын енгізуді көздейді.
Ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 2021 жылдың 25 шілдесіне тағайындалып, облыс бойынша 60 ауылдық округ әкімдері сайланды.
2021–2024 жылдар аралығында 188 ауыл әкімі сайланды (2021 жылы – 68, 2022 жылы – 30, 2023 жылы – 46, 2024 жылы – 44). 2025 жылы тағы 69 ауыл әкімін сайлау жоспарланып отыр.
2024 жылы өткен сайлауларда сайлаушылардың орташа белсенділігі 56% болды. Ал, биыл жыл басынан бері өткен 9 ауыл әкімінің сайлауына келетін болсақ, сайлаушылар белсенділігі 60%-ды көрсетті.
Облыс бойынша 181 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері бар, солардың ішінде 177 ауыл әкімі бүгінгі таңда тікелей сайлау арқылы лауазым иесі атанып отыр. Қалған 4 ауыл әкімінің (Ордабасы ауданының – Бөген ауылдық округі, Отырар ауданының – Қарақоңыр ауылдық округі, Созақ ауданының – Сызған ауылдық округі, Түлкібас ауданының – Майлыкент ауылдық округі) сайлауын өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты 2025 жылдың І жартыжылдығына өткізу жоспарланған.
– Төрт аудан әкімінің сайлауы өтіп еді, қазір тынышталып қалғандай ма?
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында белгіленгендей, азаматтарға аудан әкімін пилоттық режимде сайлау мүмкіндігін беру мақсатында, облыстық маңызы бар аудандар мен қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді.
Пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу үшін облыстық мәслихат 4 ауданды, яғни Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарын бекітіп, сайлау 2023 жылдың 5 қарашасында өтті.
Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер саяси бәсекелестікті дамытуға және елдің саяси өміріндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған.
Демек, үстіміздегі жылдан бастап, облыстық маңызы бар аудан, қала әкімдерін сайлау тек тікелей сайлау жүйесі арқылы іске асырылатын болады.
– Ал, сайлау процесіне дайындық барысы жайлы не айтасыз? Ақпараттандыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Облыстағы 945 сайлау учаскесі қажетті құрылғылардың бәрімен толық қамтылған.
Ал, ақпараттандыру тұрғысында облыстық және аудандық әкімдіктердің сайттарында «Сайлау» бөлімдері ашылған. Сонымен қатар, сайлау комиссияларының Facebook парақшалары белсенді жұмыс істеп тұр. Былтыр 37 400 ақпарат жарияланып, 25 000 жазылушы тіркелді. Биыл 1,5 айда 4 000 ақпарат жарияланып, оған 2 700 жаңа жазылушы қосылды.
– Жалпы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіровтің БАҚ-да түрлі шет мемлекеттерде өткен сайлауларға барып, өзара келісімдер жүргізіп жатқанын көзіміз шалып қалады. Осы тұрғыда біздің мемлекетіміздегі сайлау жүйесі қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Иә, оныңыз рас. ОСК төрағасы басқа мемлекеттердің шақыруымен барып, сол елде өткен сайлауларға қатысып, өзара қарым-қатынас орнатуда. Енді, әр мемлекеттің сайлау жүйесін реттейтін өз заңнамалары бар, бізде де «Сайлау туралы» Конституциялық заңымыз бар. Ол, жоғарыда айтқанымдай, сайлаушыларымыздың құқығын толықтай қорғай алады деп сеніммен айтуға болады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында алдағы мамыр айында Мемлекет басшысының келісімімен Түркі Мемлекеттері Ұйымы елдерінің орталық сайлау органдары басшыларының қатысуымен арнайы жиын өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар арнайы кездесу аясында «Түркі әлемі: сайлау жүйелерін дамытудың дәстүрлері, практикасы және перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Бұл іс-шара Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуімен үйлесім табатын ізгі халықаралық шара болайын деп тұр.
– Толық әрі жан-жақты ақпарат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет! Алдағы сайлаулар да әділ және ашық өтеді деп үміттенеміз.
– Рахмет! Сайлау процесінің заңға сай, ашық өтуін қамтамасыз ету – біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші.
Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».