Сайрамдықтар Латвия нарығына шықты

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығынан өзге кәсіпкерлік сала да жақсы дамыған. Ауданның абыройын көтеріп, мәртебесін асқақтатқандардың көбі шағын және орта бизнеспен айналысып отырған жандар. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» атаумен шығатын тауарлық өнімдер баршылық. Мәселен, Сайрам ауданында өндірілетін «Altyn bala», «Oh, Diapers» жөргектері Латвия нарығына шықты. «Capable group» отандық жөргек өндіретін компанияның құрылтайшысы Баянсұлу Оразалиева Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Кәріповпен кездесіп, отандық өнім әлеуетін арттыру жайын талқылады. Елші қазақстандық өнімнің Еуропа нарығына шығуы мақтаныш екенін атап өтіп, кәсіпкерге қолдау білдіретінін жеткізді.
Айта кету керек, «Capable group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі – елімізде балаларға арналған бір реттік жаялықтар шығаратын алғашқы кәсіпорын. Қазіргі уақытта өндіріс орны 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның бір ерекшелігі, жұмысшылардың 60 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды.
Бұл компания еліміздің және шетелдің тұтынушыларына сапалы әрі қолжетімді өнімдер ұсынады. Өнімдері жапон технологиясымен Еуропа стандарттарына сай өндіріледі және толық сертификатталған. Заманауи технологиялардың минутына 1000-нан астам жөргек шығаруға мүмкіндігі бар. Сондай- ақ, зауыт толық автоматтандырылған. Одан бөлек, мұнда «Siemens» автоматтандыру жүйесі орнатылған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.