Ирандық кілемдер енді өзімізде шығарылады

Өңірімізде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Айталық, жақында облыстық делегация ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация құрамымен бірге Тегеран қаласында өткен форумға қатысты.
Форумның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу болды.
Іссапар барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация мүшелері Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабекпен кездесті. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Түркістан облысында 25 млн. АҚШ долларына «кілем өндірісі зауыты» жобасын іске асыру мақсатында «Sorena Carpet Co» ЖШС-нің басшысы Reza Mahmoudian мен Iran Carpet Export Symposium басшысы Naser Seraji арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Түркістанда ирандық кілемдердің шоу-румын және кілем зауытын ашу туралы екі жақты талқылаулар жүргізілді. Алдағы уақытта ирандық кәсіпкерлер облысымыздың инвестициялық ахуалымен танысу мақсатында Түркістанға арнайы іссапармен келуді жоспарлап отыр.