Үш Президенттің бастамасымен дүниеге келген еді

Дилара Бименова, «Оңтүстік Қазақстан».
Шымкент қаласындағы академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті Қазақстанның 20 үздік ЖОО қатарына кіреді. Аз ғана уақытта толайым табыстарға жетіп отырған оқу орны жақында өзінің 25 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса, еліміздегі және шетелдердегі беделді оқу орындарының ректорлары мен оқытушы, профессорлары қатысты.
Іс-шара халықаралық стандарттар бойынша салынған жаңа спорт кешенінің ашылуымен басталды. Қонақтар студенттердің спортпен кәсіби тұрғыда шұғылдануына жасалған жағдайлармен танысты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған аталмыш оқу орнының ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Қуатбекова білім ошағының үздік спортшыларды даярлауда республикада алдыңғы лекте келе жатқанына тоқталды. Қазіргі таңда спорт кешенінде жаттығып жатқан студенттердің болашақта өңір спортының өркендеуіне үлес қосып, түрлі дәрежедегі жарыстардан олжалы оралатындықтарына сенім білдірді.
Мұнан кейін қонақтар бас ғимарат жанынан бой көтеретін жаңа оқу корпусының капсуласын салу рәсіміне, үш қабатты «Next Step» ғылыми-зертханасы мен университеттің негізін қалаған академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу кабинетінің ашылу салтанатына қатысты.
Қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласы мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында еліміздегі цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беріп келеді. Осы міндетті орындау мақсатында университеттің жаңадан ашылған 7 қабатты оқу корпусында студенттердің цифрлық технологияларды жан-жақты меңгеруіне арналған орталықтың тұсауы кесілді. «IT-hub» деп аталатын бұл алаңға студенттер ғана емес, мектеп оқушылары мен жас мамандар да келіп, компьютердің игілігін пайданала алады.
Ширек ғасырлық тарихы бар университетте студенттер мен оқытушыларға және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға баса көңіл бөлінген. Соның бір дәлелі ретінде жаңа оқу ғимаратында орналасқан «Coworking» орталығы мен панорамалық көріністегі цифрлық акт залын айтуға болады. Салтанатты жиын осы акт залында Unconference форматында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға ұласты. Онда ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов Шымкент қаласындағы 9 жоғары оқу орнының 5-еуі жекеменшік екенін айта келе, олардың ішінде академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің халық-аралық талаптар биігінде тұрғанын атап өтті. Оқу орнының ректоры Рабиға Қуатбекованы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатымен және ғылым саласын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, дәл осындай төсбелгі университет профессоры Жамалидин Махмудовқа да табыс етілді. Бірқатар оқытушы, профессорлар да министрдің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Жиында Рабиға Қуатбекова университеттің тарихы мен бүгінге дейін жеткен жетістіктері жайлы баяндама жасады.
– Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің іргетасы 1999 жылы қаланған. Сол жылы Орта Азия мемлекеттері басшыларының саммитінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің президенттері бауырлас елдердің арасында білімді, ғылымды және мәдениетті дамыту аясында бірлескен университет құру туралы мәселе көтеріп, ол қолдау тапты. Осылайша академик Әбдімұса Мұратұлының бастамасымен көрші екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университеті құрылды. Үшінші мегаполистегі жекеменшік оқу ордасы өзге жоғары оқу орындарынан толық циклді оқу жүйесімен ерекшеленеді. Бүгінде университетте Қазақстанның түпкір-түпкірінен келетін студенттерден бөлек, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Украина елдерінен 900-ден астам студент оқиды, – деді Рабиға Әбдімұсақызы.
Салтанатты жиын соңында ғалымдардың ғылым мен жоғары білімді дамытуға арналған мазмұнды баяндамалары тыңдалды.