«Қош бол, жанар-жағармай!»

Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бүкіл әлем өзгеріс үстінде. Әсіресе, ауаға шығатын зиянды заттардың 70 пайызын құрайтын жанар-жағармайдан бас тартқан елдер қатары күн санап көбейіп келеді. Қазірдің өзінде көптеген шетел бензинмен, дизельмен жүретін көліктерді шығаруды тоқтатып, олардың орнын сутегімен және электр энергиясымен жүретін көліктермен алмастыра бастады. Ал, біздің бұл бағыттағы қарқынымыз қалай?
Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде (№10 (4.02.2025)) Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Жаратылыстану ғылымдары, технологиялар және жаңа материалдар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары сутекті отын сақталатын цистернаға қолданылатын материалдардың құрамын ойлап тауып, жаңа қондырғыны ауыр өнеркәсіп орындарында тәжірибеден өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатынбыз.
Бүгінде ТМД құрамындағы мемлекеттер арасында ауаны ластау жағынан Қазақстан алдыңғы орында келеді. Осы экологиялық проблеманы шешу мақсатында елімізде ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Айталық, ғалымдар сутегіні жанар-жағармайға балама ретінде пайдалануды ұсынуда. Былай қарағанда, жер асты байлығы ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір таусылады. Әрі оның экологияға келтіріп жатқан зияны орасан зор. Ал, сутегінің экологиялық таза отын ретінде болашағы зор. Дегенмен, біз әлі күнге дейін сутегіні тұрмыста кеңінен қолдана алмай отырмыз. Өйткені, оны сақтауда, тасымалдауда және пайдалануда бірқатар қиындықтар кездесуде.
Әйтпесе, жердің үштен екі бөлігі судан тұрмай ма? Осыдан-ақ, сутегінің қоры мол екеніне көз жеткізуге болады. Әрі одан атмосфераға ешқандай зиянды зат бөлінбейді. Сонымен қатар, ол тіршілікте ең кішкентай және ең жеңіл зат болып табылады. Оның салмағы ауамен салыстырғанда бірнеше есе жеңіл. Сутегіні алғаш рет ағылшын физигі Генри Кавендиш, француз ғалымы А.Лавуазье мен француз математигі Ж.Менье зерттеген екен. 1776 жылы Генри Кавендиш мырыш пен тұз және күкірт қышқылын әрекеттесу арқылы сутегіні алып, оны химиялық элементтер тізіміне қосқан. Сонымен қатар, сутегіге «жанғыш ауа» деп ат берген. Аталмыш институт директоры Шерзод Құрбанбеков сутегінің расында да жәй заттардың арасында өте жаңғыш келетін газ екенін айтады. Ол ауаға шыққан жағдайда жарылыс туындап, қоршаған орта мен адамдарға қауіп тудыруы әбден мүмкін.
– Сутегі өте кішкентай молекулалардан тұрады. Сондықтан ол көптеген материалдан, мәселен, металдан, болаттан, шыны мен пластиктен өтіп кетеді. Біздің институт ғалымдары сутегі энергиясын дамыту мақсатында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінге дейін бірнеше тәжірибелік сынақтар өткізіп, сутегіні сақтайтын металдың құрамын ойлап тапты.
Жалпы, сутегіні сақтау – бірінші, ал, оны қайтадан цистернадан шығарып алу – екінші маңызды мәселе. Алдымызда 2050 жылға дейін көміртегіні ауаға шығарудан арылу міндеті тұр. Сондықтан бүгінде өндіріс орындарындағы ауыр жүк көліктеріне пайдаланылатын жанар-жағармайлардың орнын сутегімен алмастырудың жолдарын қарастыруға барынша күш салудамыз. Сутегіні өзіне сіңіретін және оны қайтадан сыртқа шығаратын металдардың қасиетін зерттеп, ғылымға оларды алудың жаңа технологияларын енгіздік.
Институт ірі алты бөлімді зертханадан тұрады. Оның әрқайсысында әртүрлі сынақтар өткізіліп жатады. Ал, сутегіні сақтайтын цистернаны жасайтын металдың құрамын (магний, титан негізіндегі) осы зертхана ғалымдарының барлығы бірлесе отырып ойлап тапты.
Қазіргі таңда отандық ғалымдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ғана емес, жаңалықтарды өндіріске енгізу де жүктелген. Бұйыртса, 20–21 ақпанда Өскемен қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым қоры» АҚ-ы мен «Қазцинк» ЖШС-і бірлесе отырып ұйымдастыратын «Қазақстан Республикасының тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» атты ғылыми-технологиялық сессиясында баяндама жасап, өзіміздің ғылыми жаңалығымызды көпшілікке паш етпекпіз, – дейді Шерзод Рүстембекұлы.
Дүние жүзі автокөліктерді сутегімен, күн энергиясымен жүргізуге бет бұрып жатқандығын айттық. Көптеген мемлекеттер мұның нақты уақытын да ресми түрде жариялап отыр. Сутегі отынымен жүретін көлікті әлемде алғаш болып осыдан он жыл бұрын Жапония жасап шығарды. Жапондықтар тіпті мұның алғашқы нұсқасын ЭКСПО-ға алып келіп, жұртты таң қалдырған болатын. «Тойота» компаниясы бүгінде жылына сутегімен жүретін 40 мыңға жуық автокөлік шығарып жатыр. Олардың автобустары да осы отынға көшкен. Ал, немістер автокөлік былай тұрсын, сутегімен жүретін пойызды ойлап тапты.
Еуроодақтың шешімі бойынша 2030 жылға дейін әлемде жанар-жағармаймен жүретін автокөліктерді шығару өндірісі тоқтатылуы тиіс. Бізге де осы көштен қалмау мақсатында жарыққа шығып жатқан ғылыми жаңалықтардың игілігін көретін күн алыс емес сияқты.