Көрпемізге қарай көсілсек...

Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазір әлем бойынша энергия тапшылығы байқалуда. Сондықтан отандық ғалымдар баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануға ерекше ден қоюда. Олар күннен және желден электр қуатын өндіріп, шағын бір ауылды жарықпен, жылумен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Дегенмен, сіз бен біз әлі күнге дейін осының игілігін көріп отырған елді мекенді білмейміз. Осы орайда отандық ғалымдардың жаңалығын іске асыруға неге құлықсызбыз деген сауал туындайды.
Жақында көкейтесті осы сұрақты Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті инженерия факультетінің жобалары шетелдік ғалымдарды қызықтырып отырған бірнеше оқытушы, профессорларына қойған едік.
Техника ғылымдарының докторы Насим РУСТАМОВ:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуат көздеріне бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы керек екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі өте аз екеніне тоқталып, қуатты стансаларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды даярлау керектігін де міндеттеді.
Қазіргі таңда елімізде баламалы энергия көздерін қолдануға барынша көңіл бөлінуде. Дегенмен, біз дәстүрлі электр энергиясынан бас тарта алмай отырмыз. Оған бірнеше мысал келтіруге болады.
Айталық, жел стансаның тиімділігі жоғары екеніне дау жоқ. Бец–Жуковскийдің заңы бойынша желден алынатын энергияның 50 пайызы ғана пайдаланылады. Біз оны 10 пайызға асырдық. Әлемдік ғалымдар мұны ең көп дегенде 25-30 пайыз жүзеге асыруға болатынын айтады. Университетіміздің жас ғалымы Шохрух Бабахан жел стансасының макетін алғаш рет Өзбекстан Республикасының Ташкент, Ферғана және Жызақ қалаларындағы физика-технология институттарында өткен әлемдік ғылыми конференцияда ғалымдарға көрсетіп, жаңалығын қорғап шықты. Профессорлар оны тәжірибе жүзінде іске асырып көру керектігін айтты. Демек, біраз ғалымдарда әлі күдік басым. Соған қарамай, өзбекстандық фермерлер осынау баламалы қуат көзінің тиімділігіне көз жеткізіп, сұраныс білдіруде. Мен бұл жаңалығымызды өндіріске енгізгенде дәл осылай жұмыс істейтініне толық сенімдімін.
Бұл жоба арқылы 10 үйден тұратын шағын елді мекенді немесе шаруа қожалықтарын электр қуатымен қамтуға болады. Жоба 2021 жылдың маусым айында 6142 нөмірімен патенттелген. Қазбалы отынға деген тәуелділікті азайтып, қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын жаңартылатын энергияның бұдан бөлек тағы екі түрін ойлап таптық. Олардың барлығына патент алынған.
Магистр – аға оқытушы Шохрух БАБАХАН:
– Жаңа жоба жайлы
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде, тағы басқа да еліміздегі беделді оқу орындарында ұйымдастырылған ғылыми конференцияларда баяндама жасадым. Сонымен қатар, жаңалығымыз «Eastern-European Journal of Enterprise Technologies», «European Journal of Technical and Natural Sciences» және «INTERNATIONAL JOURNAL of RENEWABLE ENERGY RESEARCH» секілді шетелдік журналдарда жарық көрді. Осы арқылы хабардар болған түркиялықтар бүгінде жел энергиясына қызығушылық танытып отыр.
Өкініштісі сол, біздің еліміздегі шаруа қожалықтары агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қомақты үлес қосатын мұндай бастамаларды іске асыруға ынталы емес. Расында биікте желдің күшімен айналып тұратын қанаттар күндіз-түні тоқтаусыз энергия өндіріп, жарықпен үздіксіз қамтамасыз ете алады. Керек десеңіз, біз бұған биогаз өндірісін біріктіріп, суды жылыта бастадық. Бірлескен жобаның негізгі мақсаты – жел генераторын желсіз күнде де жұмыс істету.
Бүгінде Өзбекстанда бір медициналық клиника толықтай осы баламалы қуат көзімен жұмыс істейді. Жалпы біз «жасыл энергия» деп таңданып, таңдай қағып жүрген
мұндай кереметтер көптеген шетелдерде қашаннан бері қолданыста.
Магистр-оқытушы Әділхан КИБИШОВ:
– Қазіргі таңда біздің факультетте желден және күннен қуат өндіретін бірнеше қондырғы бар. Солардың біреуі оқу орнының кітапханасы орналасқан ғимаратқа қойылған. Бүгінде кітапхана күн көзінен алынатын электр энергиясы арқылы жарықтандырылуда.
Күн энергиясын алу үшін негізінен жазық коллектор қолданылады. Ал, біз оны өзгертіп, күннен келетін ғана емес, кері қайтатын энергияны да пайдаға асыруды ойлап таптық. Шұңғыл тәрелке секілді болып келген қондырғының бетіне айналдыра құбыр жүргізіп, кері қайтатын энергияны осы құбыр ішіндегі суды жылытуға қолдандық. Бұл фракталды күн коллекторының тағы бір ерекшелігі, ол күннің бағытына қарай өзі қозғалып отырады. Жоба 2023 жылдың маусым айында 36213 нөмірімен патенттелген. Мұндай ғылыми жаңалықты әлемде әлі ешкім жасап көрмеген.
Шетелдік ғалымдар алғашқыда бір коллектор арқылы электр энергиясын алып қана қоймай, үйді де жылытуға болатынына сене қоймады. Ферғана қаласында өткен ғылыми конференцияда бізге көптеген сұрақтар қойылды. Олардың барлығына да мүдірмей жауап беріп, өз жаңалығымды сәтті қорғап шықтым.
Неміс халқы үйді жылыту үшін біздегідей тонналап көмір жақпайды. Олар қазір күн мен жел энергиясын кеңінен пайдалана бастады. Біздің елдің азаматтары да отандық ғалымдардың осындай жаңалығының жетістігін көрсе екен деп ойлаймын. Бұл – оңтүстік өңірінің тұрғындарына климаттық жағынан өте тиімді жоба. Тіпті, күн электр энергиясын өндіруден біз бірде-бір елді алдымызға түсірмес едік. Өйткені, жылдың басым бөлігінде бізде ауа райы ыстық және ашық болып тұрады. Облыста электр қуатына мұқтаж немесе электр желісін тарту қымбатқа түсетін шалғайда орналасқан елді мекендер бар ғой. Біздің ойлап тапқан қондырғылар ең алдымен сондай жерлерге керек.
Магистр-оқытушы Оксана МЕЙІРБЕКОВА:
– Менің жобам – төрт түліктің көңінен биогаз алып, одан шыққан қалдықты жылыжайларға қолдану. Малдың тезегінің 60 пайызы газдан тұрады. Әрине, өзіміз күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген газдың тазалығы, оттық коэффициенті одан әлдеқайда жоғары. Алайда, оны айдалада ірі қара мал бордақылап, жылқы баптайтын шаруаларға жеткізу қиын. Әрі ол экономикалық жағынан алғанда да тиімсіз. Сондықтан шалғайдағы шаруаларға биогаз технологиясын пайдаланған әлдеқайда тиімді дер едім.
Жоба 6797 нөмірімен 2022 жылы патенттелген. Жақында оны жел стансасымен біріктіріп, тағы бір патент алдық. Дәл осы біріктірілген жобаның алдағы уақытта 10 үйді «жасыл энергиямен» қамтамасыз ете алатынына сенімім мол. Жалпы, алдымен 10 үйді, кейіннен 20-30 үйді электр қуатымен және жылы сумен қамтамасыз ететін болсақ, болашақта бір ауылды баламалы энергия көздерін пайдаланатындай деңгейге жеткізуімізге болады. Үндістан мен Нидерландыда мұндай тәжірибені іске асырып жатқан елді мекендер көп. Дегенмен, үндістер біздің биогаз өндіретін осы жобамыз бен жел стансасының біріктірілгеніне таңданыс білдіруде. Өйткені, бұл тәсіл өз тиімділігін дәлелдеп әуре болып жатпай-ақ көрсетіп тұр.
Біздің елімізде электр энергиясы мен табиғи газ, ауыз су шетелдерге қарағанда біршама арзан. Егер олардың тұтыну ақысы көтерілетін болса, онда тұрғындар жаппай «жасыл энергияны» қолдануға көше бастайды. Қазіргі таңда электр энергиясының 85 пайызы жылу электр орталығынан алынады. Ал, жылу электр орталықтары көмір жағады. Көмір өзімізде өндірілетіндіктен, оның бағасы арзан болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып, сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Міне, сондықтан да ертелі-кеш баламалы электр энергиясына сұраныс туатыны анық.
Түйін: Қорыта келгенде, отандық ғалымдар қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің баламалы жолдарын ойлап табуға барынша үлес қосуда. Тек оны іске асыруға ынта болмай тұр. Ал, алдымызда жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 пайызға, 2030 жылы –
15 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға, ал, 2060 жылы 80 пайызға көтеру міндеті тұр. Бұл межеге жетуіміз үшін мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып, күнделікті тіршілігімізге қажетті қуатты күн мен желден алуға бүгіннен бастап көшкеніміз дұрыс.
Өзіңіз ойлап көріңізші, қыста дауылдан құлаған бағананың жөнделіп, үзілген желінің жалғанғанын қашанғы күтіп отыруға болады? «Ал, күн панельдерін күтіп ұстаудың еш қиындығы жоқ. Бір орнатып қойсаңыз, жұмыс істей береді. Бір жерін жөндеп немесе майлап әуреге де түспейсіз» дейді ғалымдар. Ендеше, қолда бар тиімді жобаны неге жүзеге асырмаймыз? Біздің бір айтпағымыз осы еді.