Әлеуметтік- экономикалық сала: өткен жыл несімен есте қалды?

Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай жаңалықтар, қандай өзгерістер болды? Қай сала дамып, қай сала кері кетті? Біз статистикаға жүгіне отырып, өткен жылы қай салада қандай өзгерістер болғанын екшеп көрген едік.
Алдымен демографиялық жағдайға тоқталсақ, 2024 жылғы 1 желтоқсанда облыс халқының саны 2 млн. 154 мыңға жетті. Соның ішінде қалалықтар – 541 мың адам (25,1%), ауылдықтар – 1 млн. 613,2 мың адам (74,9%). Халықтың табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 40194 адамды құраған. Осы уақыт аралығында дүниеге келгендер саны 49414 адамды құрады (2023 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,4%-ға кем), қайтыс болғандар саны 9220 адам (2023 жылғы қаңтар-қарашадағыдан 1,4%-ға көп). Теріс көші-қонның айырмасы 28061 адамды құрады (2023 жылғы қаңтар-қарашада – 20350 адам), оның ішінде сыртқы көші-қонда – 445 адам оң көші-қон айырмасы (311 адам), ішкі көші қонда теріс көші-қонның айырмасы – 28506 (20661 адам).
Өткен жылғы ІІI тоқсанда облыстағы жұмыссыздар саны 40,6 мың адамды құраған. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,8%-ды құрады. Биылғы 1 қаңтарға дейін жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 16630 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 2% болып қалыптасты. 2024 жылғы IІІ тоқсанда қызметкерлерге есептелген (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, шағын кәсіпорындарсыз) орташа айлық жалақы 266590 теңгені құрады, өсім 2023 жылғы ІІI тоқсанмен салыстырғанда 7,1%-ды құрады. 2024 жылғы IІІ тоқсанда нақты жалақы индексі 99,7% болып қалыптасты.
2024 жылғы IІІ тоқсанда облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бағалау бойынша 113566 теңгені құрады. Ол 2023 жылғы ІIІ тоқсанмен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары, аталған кезеңдегі нақты ақшалай табыстың өсу қарқыны – 4,7%.
Салалық статистикаға назар аударсақ, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 1214044,7 млн. теңгені құраған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға көп. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 7,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 13,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау 16,2%-ға өсті, сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою жөніндегі қызметте 0,6%-ға
кеміді.
Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 1075274,7 млн. теңгені немесе 2023 жылмен салыстырғанда 106,9%-ды құраса, жүк айналымының көлемі 23400,9 млн. текше шақырымды құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 94,2%-ды құрады. Жолаушы айналымы 1361,2 млн. жкм-ді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 88,8% болды. Ал, құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 536152,1 млн. теңгені немесе 2023 жылмен салыстырғанда 126,4%-ды құрады. 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 27,7%-ға өсіп, 1153,3 мың шаршы метрді құрады, жеке тұрғын үйлер – 47,7% (912,2 мың шаршы метр), ал, көппәтерлі тұрғын үйлер 17,3%-ға кеміді (234 мың шаршы метр). Бұдан бөлек, жалпы алаңы 7,1 мың шаршы метр жатақхана пайдалануға берілді. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1334886,4 млн. теңге немесе 2023 жылмен салыстырғанда 137,4% болды.
Тіркелген заңды тұлғалар саны 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18684-ті құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға өсті. Оның 108-інде қызметкерлер саны 250 адамнан жоғары. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 17166-ны, оның ішінде шағын кәсіпорындар 16511-ді құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар (заңды тұлғалар) саны 14838, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға көп.
Елдің жетекші саласы саналатын экономика саласында да біршама өзгеріс бар. Атап айтсақ, 2024 жылдың тоғыз айындағы жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 3162813,7 млн. теңгені құрады. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 7,2%-ға көп. ЖӨӨ құрылымында тауарларды өндіру үлесі – 36,5%-ды, қызметтер көрсету 56,8%-ды құрады. Тұтыну бағасының индексі 2024 жылдың желтоқсанында 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 107,5%-ды құрап отыр. Азық-түлік тауарларының бағасы – 3%, ал, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 13,2%, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 9,5%-ға өсті. 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылдың желтоқсанында өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімдерінің бағалары 1,5%-ға қымбаттады. 2024 жылы бөлшек сауда көлемі 382520,6 млн. теңге болды. Ол 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға артық. Өткен жылы көтерме сауда көлемі 203292,5 млн. теңгені құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 156,3%-ды құрайды.
Алдын-ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-қараша аралығында ЕАЭО елдерімен өзара сауда 1310,3 млн. АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 75,9%-ға көбейді. Оның ішінде экспорт – 1104,3 млн. АҚШ долларын (75,6% көбейді), импорт – 206 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Яғни салыстырмалы түрде 77,7 пайызға көбейгенін байқауға болады.
Ғазиза БАЙТУҒАНОВА,
ҚР Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігі Ұлттық статистика
бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті
статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен
жұмыс басқармасының басшысы.