«Ішкі нарық қорғалмаса, өндіріс өркендемейді»

«Бал Текстиль» ЖШС-нің бас директоры Талғат ЫСҚАҚОВ:

Қазақстанда кілем шығаратын 3 фабрика бар. Олар – «Bal dekor», «Назар текстиль» және «Бал  текстиль» компаниялары. Осы үш фабриканың үшеуі де үшінші мегаполисте орналасқан. Бұл фабрикалар – Шымкент қаласының ғана емес, Түркістан облысының да мақтанышы. «Бал текстиль» ЖШС-нің тауар шығара бастағанына биыл 11 жылға аяқ басты. Оны 30 жылдан астам уақыттан бері осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Талғат Ысқақов басқарып отыр. «Бал Текстильдің» тауарлары брендке айналғалы қашан?! Отандық өндірістен ойып орын алатын компанияның басшысы Т.Ысқақовпен таяуда тілдесіп қайтқан едік.

– Талғат Жүнісбекұлы, елімізде және шетелдерде қазақ кілеміне сұраныс қандай? Өзіңіз басқарып отырған фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып, осы тақырыпты тарқатсаңыз.  
– Қазіргі таңда компанияда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Біздің фабрика кілем шығарады. Сонымен қатар, кілем тоқуға қажетті пропилен жібін  дайындаймыз. Бұл – кілемге керек шикізаттың бір түрі. Жіп өндіреміз, оны бояймыз, иіреміз. Сосын қатайтамыз. Кілем тоқу ісі осындай өндірістік технологиялық үдерістерден өтеді. Алайда, бұл кіріптарлықтан толық құтылдық деген сөз емес. Кілемнің түгіне керекті арқау жіптері мен желі жіптерін әлі де шетелден сатып аламыз. Мұндай шикізаттар бізге  Бангладештен, Түркиядан, Қытайдан жеткізіледі. Пропилен жібіне керекті шикізатты, яғни пропилен түйіршіктерін (гранулын) бұрын Қытайдан, Ресейден, Ираннан, Египеттен алатынбыз. Қазіргі таңда Атыраудағы CPI компаниясы осы пропилен түйіршіктерін шығарады. Соңғы уақытта осы атыраулық өнімді кәдеге жаратудамыз. Пропилен жібі елімізде пайдаланылады және оны Тәжікстанға, Монғолияға, Ресейге экспорттаймыз. Дайын кілемдерді біз ішкі нарыққа жөнелтудеміз. Одан бөлек Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай елдеріне де экспортталуда. Мәселен, 2023 жылғы тауарларымыздың 20 пайызын экспортқа шығарған едік. Былтыр бұл межені тағы 10 пайызға көтердік. Яғни шығарған өніміміздің 30 пайызы экспортқа кетуде. Өйткені, сыртқы сауда көлемін жыл өткен сайын ұлғайта түсудеміз. 2021 жылы біз Қытай нарығына шықтық. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Аспан асты елі қазақтың кілемдеріне зор қызығушылық танытуда. Тапсырыстар да бар. Кәсіпкерлеріміз Қытайдан тауарлар тасымалдаса, біз, керісінше, Қытайға тауар жіберудеміз. Тағы бір қуанышты жаңалық, Өзбекстан нарығына да кірдік. Көрші мемлекетте тоқыма ісі заман талабына сай дамыған. Орта Азиядағы 
37 миллионға жуық халқы бар Өзбекстанда кілем тоқитын 25 фабрика жұмыс істейді. Бағамдай беріңіз. Экономикасы дамып жатыр. Ол жақта ежелден кілем мәдениеті бар. Ташкент қаласынан қойма ашып, серіктестер таптық. Өзбекстандықтар біздің нарыққа да кіріп жатыр.  Шүкір, ол жақтан да тапсырыстар келіп түсуде. 
– Ұдайы ізденіс табысқа жетелейді. Қандай мемлекеттермен тәжірибе алмасудасыздар? Халықаралық көрмеге қатыстыңыздар ма? Қай елдермен келісімшартқа отырдыңыздар? 
– Жақында ғана Стамбұл қаласында өткен  бүкіләлемдік көрмеге қатыстық. Дүние жүзіндегі 20-дан астам кілем өндіруші ел өздерінің таңдаулы тауарларын көрмеге қойды.  Олардың арасында Түркия, Бельгия, Иран, Қытай, Пәкстан, Марокко, Египет, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қазақстан, Украина мемлекеттері болды. Жалға алу ақысының қымбаттығына қарамастан біз де 150 шаршы метр аумаққа өз кілемдерімізді қойдық. Жиырмадан астам қызметкерді – дизайнерлерді, технологтарды, өндіріс басшыларын  ертіп апардық. Көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақ-
станның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев арнайы келіп, көрмеге қойылған отандық тауарлармен танысып, жоғары бағасын берді. Анадолы жеріндегі қазақ бауырларымыз – бизнесмендер, қазақ диаспорасының өкілдері  де біздің павильонға арнайы бас сұқты. 
Қазір шетел кәсіпкерлерін іздеудеміз. Мұндағы мақсат – сыртқы нарықты көтеру. Қазақ кілемдеріне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь, Қытай елдері өте жақсы қызығушылық танытты. Сондықтан кілем экспортының көлемін 50 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. 
Көрмелерден қалмауға тырысамыз. Халықтың сұранысына ие болатын, яғни трендтегі тауарларды, заманауи үлгідегі кілемдерді ұсынғымыз келеді. Ол үшін үйдегі жиһаздарға, түскиіздерге және перделерге үйлесімді, жаңа нұсқадағы соны коллекцияларды талғаммен таңдаймыз. 
Түркияда серіктестеріміз бар. Тәжікстандағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі кілем өндірісімен айналысатын компаниялармен, құрылтайшылармен  тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізбен ақылдасып, кеңес сұрап, ұдайы тәжірибе алмасамыз. Мамандарымызды Түркияға, Тәжікстанға, Ресейге, Өзбекстанға жіберіп отырамын. Біздің шеберлер ол жақтың өндірісін көріп, технологиясымен танысып қайтады. Шетелдік мамандар да бізге келіп, тәжірибелерімен бөліседі. Осындай ақпарат пен тәжірибе алмасудың тиімді тұсы көп. Әлемдік трендтегі, заманауи сәндегі коллекцияларды инста-
грам, тик-ток және басқа да  әлеуметтік желілерден де іріктейміз. Жалпы, тауардың дизайнына айрықша назар аударамыз. 
Әрине, біздің мемлекетте жеңіл өнеркәсіп орындары аз. Елімізде үш кілем фабрикасы барын айттық. Қондырғыларға қажетті қосалқы бөлшектерді, сосын жіптерді шетелден сатып аламыз.  Біз пропилен жіптерін ғана шығарамыз. Одан бөлек, кілемді әрлендіру үшін полиэстер, акрил, вискоза, т.б. жіптері қажет. Қытайда, Түркияда және Өзбекстанда өндіріс жақсы жолға қойылған. Неге? Өйткені, олар ішкі нарығын қорғайды. Сырттан дайын өнімдер келетін болса, оларға үлкен баж салығын салады. Ал, өкінішке қарай, біздің елімізде ішкі нарық қорғалмайды. Жасыратыны жоқ, елімізде өндірісті дамыту үшін тиісті қолайлы жағдай жасалып отыр. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар бар. Жеңілдетілген несиелер де беріледі. Бұл өте жақсы. Бірақ, ішкі нарық одан қорғалмайды. Бізге өндірістен гөрі дайын өнімді сатып алған оңтайлы болып тұр. Себебі, ол оңай әрі жеңіл. Сөйтіп, тез пайда табуға болады. Үкімет сол жағынан ішкі нарықты қорғап, кедендік баж салықтарды көтерсе, өндіріс орындары көптеп ашылар еді.  Осы бағытта біз Үкіметке хат жазып, ұсыныстар берудеміз. Әзірге ұсыныстарымыз қолдау тауып жатқан жоқ. Өз проблемаларымызды «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы ғана шеше аламыз... 
– Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Басты проблеманың бірі – кадр мәселесі. Жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшы мамандар жеткілікті ме?
– Өте дұрыс сұрақ. Өйткені, жұмысшы мамандығын қадірлеуіміз керек. Тәуелсіздік жылдары оның қадірін түсіріп жібердік. Жұмысшы – адал еңбекпен және маңдай термен өзінің отбасын асырайтын тұлға. Сондықтан  келешекте олардың мәртебесін қоғам болып көтеруіміз керек. Мәселен, көше бойындағы билбордтарға «Озат жұмысшы», «Озат тоқымашы», «Озат жіп иіруші», «Озат тігінші», тағы басқа мамандықтар бойынша еңбегі еленген өндіріс шамшырақтарының суреттерін іліп қойса, нұр үстіне нұр емес пе?! Бұл біздің қарапайым еңбек адамына көрсеткен құрметіміз болар еді. Телеарналарда солар туралы хабарлар беріліп, газеттерде жиі жазылса, қанеки?! Мұның бәрі жұрттың қызығушылығын арттырады. Жастардың дені ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, қомақты табыс тапқысы келеді.  Мұның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Әрбір адам бір мамандық иесі болуы керек. Жұмыстың көзін табуы тиіс. Адал еңбекпен де күн көріп, баюға болады. Мемлекеттік қызметке қарапайым жұмысшыдан көтерілген адамдарды көбірек қабылдаған абзал. Кеңестік кезеңде солай еді...
Бізде тоқымашылар жетіспейді. Сырттан келген адам бірден станокта жұмыс істеп кете алмайды. Оларды үйретеміз. Бірде бізге «жеңіл өнеркәсіп саласының технологымын» деп бір жас маман келді. Ол өндірісте бір күн де жұмыс істемеген.  Өндірісті білмейтін адам қалай технолог бола алады? Сондықтан біз оған  «біріншіден, станоктағы жіпті байлап үйрен. Түсін ажырата біл. Кодтарын тани түс. Қондырғыларға жіпті қоюды меңгер! Осылайша біртіндеп үйрену арқылы барлық процестерді толық игеріп шығу керек. Сен жұмысшыға кеңес беруге тиіссің. Ақыл айту үшін бірдеңе білу керек қой» дейміз... Рас, жоғары оқу орнын бітірген жас маман теориялық білім алады. Ал, тәжірибе жүзінде ешнәрсе білмейді. Сол себепті, университет, арнаулы орта оқу орындары мен өндірістің арасында тығыз байланыс болуы керек. Біздің есігіміз кім-кімге де  әрдайым ашық. М.Әуезов атындағы ОҚУ-мен, «Мирас» университетімен және тағы бір колледжбен дуальды оқу бойынша келісімшартымыз бар. Тамағын тегін береміз. Практикадан өтсін. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік қағаз жүзінде ғана. Практиканттар мүлдем аз келеді. Бізде жіп, тоқыма, өндіріс бөлімінде түрлі мамандықтар бар. Жіп станогының операторы, иіру станогының операторы, жіпті қатайту станогының операторы, кілем тоқитын станоктың операторы... т.б. сияқты. Келген адамдарды қабылдап, іс-тәжірибеден өткіземіз. Фабрикадағы жұмыстардың барлығы автоматтандырылған. 
Меніңше, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқулықтары ескі. Олар өткен ғасырдың 60-шы және 70-ші жылдардағы станоктарын теория жүзінде оқытады.  Қазір өндіріс дамып кеткен. Құрал-жабдықтардың барлығы компьютермен басқарылады. Арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді. Әрине, теориялық білім керек. Бірақ, оны практикамен ұштастыру қажет.
– Кәсіпорында  жұмысшыларға қандай жағдай жасалған? Оларға қандай жеңілдіктер бар?
– Жұмысшыларды тасымалдау үшін Шымкент қаласында 3 бағыт және Төлеби ауданының орталығы – Леңгір қаласынан тағы 1 бағыт бойынша  автобус ұйымдастырылған. Автобус жұмысшыларды тегін тасиды. Үш ауысымда үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Бізде ең төменгі жалақы – 160 мың теңге. Содан сатылап айлық көбейе береді. Шеберлігі ескеріледі. Жұмыстан қалмаса, сыйлық беріледі. Жұмыс өтіліне де көп нәрсе байланысты. Бес жыл жұмыс істесе, үстемеақы қосылады. Орташа айлық 250-300 мың теңгенің аралығында. Ал, технологтардың, дизайнерлердің  айлық жалақысы  жоғары. Нақтылай айтсақ, 500 мың теңгеден  бастап 1,5 млн. теңгеге дейін жалақы алатын  қызметкерлер бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан 
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,  «Оңтүстік Қазақстан».



Пікір қалдырыңыз