Раяна әлем біріншілігіне қатысады

Жетісай ауданында бүгінде шахмат ойынына қызығушылық танытушылардың қатары күн санап көбейіп келеді. Әсіресе, жас бүлдіршіндердің қатары қалың.

Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ жанынан өткен жылы ғана ашылған шахмат үйірмесінде жұмыс қарқынды. Үйірмедегі 4 жаттықтырушы ауданның 3 нүктесінде 56 шәкіртке шахматтың қыр-сырын үйретіп жатыр. Нәтиже де жаман емес. Жақында Алматы қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 6 жасар Раяна Абайқызы классикалық шахматтан жеңімпаз атанды.
Аталмыш жарысқа еліміздің барлық өңірінен 980 шахматшы қатысты.
«Жетісай спорт клубы» мекемесінде Абдуғазиз Балтабаевтың қарамағында жаттығатын Раяна былтыр желтоқсан айында жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде G6 категориясы бойынша да жеңімпаз атанған. Енді Раяна әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз