Странджа кубогі: ұттық па, ұтылдық па?

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Болгария астанасы София қаласында бокстан жыл сайын өтетін «Странджа кубогі» турнирі аяқталды. «Кіші әлем чемпионаты» атанып кеткен турнирде Қайрат Сәтжанов баптайтын Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Бұл біз күткен нәтиже ме? Ұлттық құрама Париж Олимпиадасынан кейін еңсесін тіктей алды ма? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз.
«Странджа кубогі» – бокстан ең беделді халықаралық турнирлердің бірі. Бұл жарыс Болгарияда дәстүрлі түрде өтеді және әлемдік деңгейдегі мықты боксшылардың басын қосады. Қазақстан құрамасы бұл турнирге әрдайым негізгі құрамдағы спортшыларын қатыстырып, боксшылардың деңгейін тексеріп алады. Биылғы жарыстың қорытындысы бойынша біздің боксшылар 5 салмақта жеңімпаз атанды. Бұл – Қазақстан құрамасының осы турнирдегі рекорды. Бұған дейінгі жарыстарда біздің құрама 2 алтын жүлдеден артық алып көрмеген. Дегенмен, салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, бұл турнирде бокстағы басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасы нәтижелі өнер көрсетті. Неге?
Қазақстан ерлер құрамасы бұл турнирге 25 боксшы қосты. Ал, өзбекстандықтар Софияға 17 боксшысын апарыпты. Оның екеуі түрлі себептерге байланысты жарыс басталмай тұрып турнирден бас тартты. Яғни, жарысқа қатысқан өзбекстандық боксшылардың саны 15 деуге болады. Біздің құрама сапынан 54 келідегі Махмұд Сабырхан ғана денсаулығына байланысты жарыс жолына шыға алмады. Сонда біздің құрамадан 24, Өзбекстан сапынан 15 боксшы медальдар таласына араласты деген сөз. Сөйте тұра, оңтүстіктегі көршілеріміз алтын жүлде саны жағынан бізден қалысқан жоқ. Мұның бір деп қойыңыз.
Екіншіден, Софиядағы рингте біз 6 рет қазақ-өзбек жекпе-жегін тамашаладық. Соның төртеуінде Өзбекстан құрамасының бәсі басым болды. Алдымен жарыстың алғашқы айналымында 86 келісалмақтағы Бекзат Нұрдаулетов Акмалжан Исроиловтың осал тұсын тапқан. Одан кейін жартылай финалға дейін қазақ-өзбек боксшылары кездескен жоқ. Жартылай финалда 57 келідегі Оразбек Асылқұлов Хужаназар Нортожиевке жол берсе, 75 келі салмақ дәрежесінде Тимур Нұрсейітов Жавохир Умматәлиевті жеңіп, есе қайтарғандай болған. Алайда, ақтық сында біздің құраманы масқара жеңілістер күтіп тұр еді. Финалдағы қазақ-өзбек текетіресін 54 келідегі Тимур Қабдешов пен Шахзод Мұзаффаров бастап берді. Жекпе-жек тең дәрежеде өткенімен, өзбекстандық боксшы сәл басымдық көрсетті. Ал, 80 келідегі үмітміз Ерасыл Жақпеков өзбекстандық Фазлиддин Еркінбоевтан даусыз жеңілді. Азия чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай есемізді қайтарып береді деген үмітіміз де ақталмады. Ол аса ауыр салмақтағы Баходир Жалоловтың ізбасары Жахонгир Зокировтің алдында дәрменсіздік танытты. Осылайша Өзбекстан құрамасы осы турнирде жеңген 5 алтын жүлдесінің төртеуін біздің боксшыларды жеңіп, иеленіп отыр.
Бұдан шығатын қорытынды, біз тағы да бокстағы басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасына жол беріп қойдық. Жалпыкомандалық есепте топ жарғанымызбен, команданың нәтижелілігі бойынша көршілерімізден ұтылдық. Бұл – ойландыратын мәселе.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов осы қызметке тағайындала сала үлкен мәлімдеме жасаған. Ол осыған дейінгі бапкерлік штабтың дұрыс жұмыс істемегенін, жаттығу жиындарының тиісті деңгейде атқарылмағандығын айтып, өзіне дейін болған жаттықтырушылар құрамын сынға алған-ды. Бапкер өз сөзіне енді мұндай қателіктердің қайталанбайтынын қосқан. Алайда, Қайрат Сәтжанов құрама тізгінін ұстағалы бері осымен екі ірі турнирге қатысты. Азия чемпионатындағы нәтиже де көңіл көншітерлік емес. Демек, бұл бас бапкер өзгергенімен, құрамада аса бір өзгерістің болмағанын аңғартады.
Енді алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасы бокстан әлем кубогіне қатысады. Жаңадан құрылған «Әлемдік бокс ұйымы» әлем кубогі турнирін 4 этап бойынша өткізбекші. Алғашқы кезең сәуір айының басында Бразилияда өтсе, екінші кезең маусым-шілде айларына жоспарланған. Екінші кезең Астана қаласында өтпек. Үшінші кезеңнің өтетін орны әзірге белгісіз, ал, финалдық этап Үндістанда өтетін болып шешілді. Сонымен қатар жаңа ұйым биыл қыркүйекте әлем чемпионатын да өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстан құрамасының нағыз сыналар шағы осы жарыстар болмақ.