«Тұранның» жаңа маусымға дайындығы қалай?

Енді тура бір айдан соң футболдан ел чемпионаты басталады. Облыс намысын премьер лигада қорғайтын «Тұран» футбол клубы қазіргі таңда Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Түркістаннан Түркияға 23 футболшы мен бапкерлік құрам аттанған. Одан бөлек бірнеше футболшы бапкерлердің жіті бақылауында.

Бапкерлер назарына ілінген футболшылардың нақты қайсысы «Тұран» жейдесін киетіні әзірге белгісіз. Бұл туралы ақпарат маусым басталуға бір жеті қалғанда белгілі болады. Белгілісі, «Тұран» жаңа маусымды жаңа бапкермен бастамақ. Осыған дейін команданы жаттықтырған қазақстандық маман Ринат Әлеуетов қызметінен кетті. Оның орнына бұған дейін «Атырау» футбол клубын жаттықтырып келген белоруссиялық маман Виталий Жуковский тағайындалды.
Виталий Жуковский кәсіби мансабын өз Отанында бастаған. Минск облысының «Ислочь» командасын үшінші дивизионнан жоғары лигаға дейін жеткізген. Одан кейін бір жыл «БАТЭ» клубын жаттықтырған. Онда Виталий Жуковскийдің тасы өрге домалады деп айта алмаймыз. Белоруссияның атақты клубынан кейін бұл коуч Атыраудан бір-ақ шықты. Екі жыл «мұнайшыларды» жаттықтырған бапкер жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Былтыр ғана «Атырау» футбол клубын ел кубогінің финалына алып шықты. Жалпы, бапкер таңдауда «Тұран» футбол клубында алға ілгерілеушілік бар деп айта аламыз. Енді түркістандық клубтың жаңа маусымдағы ойыны қалай болады, оны уақыт көрсетеді.
Әзірге «Тұран» Белек қаласында жолдастық кездесулер өткізіп жатыр. Бүгінге дейін түркістандық команда екі матч өткізіп үлгерді. Алғашқы ойында Чехияның «Градец-Кралове» командасынан 6:2 есебімен жеңіліп қалды. «Тұран» сапында Лука Згурский мен Ерасыл Сәрсенбай көзге түсті. Одан кейін Косовоның «Сухарека» командасынан 3:0 есебімен жеңілді. Біріншіден, бұл ойындардың жолдастық кездесу екенін, екіншіден, қарсылас командалар өз чемпионаттарының жоғары дивизионында ойнайтынын ескерсек, бұл жеңілістерден трагедия іздеудің қажеті жоқ.
Қаралымда жүрген футболшылар туралы нақты ақпарат жоқ. Шымкенттік «Ордабасы» сапында ел чемпионы атанған өзбекстандық шабуылшы Шахбоз Умаров «Тұран» жейдесін киюі мүмкін деген хабар тараған. Алайда, Умаров қазіргі таңда БАӘ чемпионатындағы бір клубтың қаралымында жүр екен. Кім біледі, ол клуб өзбекстандық шабуылшымен келісімге келмейтін болса, Умаровты Түркістаннан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Биыл премьер лигада 14 клуб өнер көрсетеді. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының командасы «Ақсу» чемпионат басталуға аз қалғанда қаржылық жағдайына байланысты премьер лигада ойнаудан бас тартқан. Соның салдарынан ел чемпионатының жоғары дивизионында 13 команда өнер көрсетті. Маусым қорытындысына сәйкес бір ғана клуб, қарағандылық «Шахтер» бірінші лигаға төмендеді. Айтпақшы, «кеншілер» тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет премьер лигадан (жоғары дивизион) түсіп қалды. 1992 жылдан бері ел чемпионатының жоғары дивизионынан төменгі лигаға түсіп көрмеген жалғыз команда осы «Шахтер» еді. Есесіне, көршілері жезқазғандық «Ұлытау» футбол клубы премьер лигаға жолдама алып отыр. «Ұлытаудан» бөлек көкшетаулық «Оқжетпес» те жоғары дивизионға оралды.
«Тұран» футбол клубының оқу-жаттығу жиынындағы құрамы:
Қақпашылар:
Тимурбек Зәкіров
Мирас Мұхаммеджанұлы

Қорғаушылар:
Сағи Мәлікайдар
Нұралы Мамырбаев
Асқар Сатышев
Әлішер Қажығалиев
Ерасыл Темірші
Даниал Жанбаев
Шерхан Асанбек 
Карам Сұлтанов

Жартылай қорғаушылар:
Әбинұр Нұрымбет
Дамир нұреділов
Бағдат жиенбай
Қуаныш Дүйсенбекұлы
Тұрар Асанбек
Нұрдәулет серік
Алмат Мэлсұлы
Дінмұхаммед Серікұлы
Аслудин Хаджиев

Шабуылшылар:
Абылайхан Жұмабек
Ерасыл Сәрсенбай
Лука Згурский
Елиор Рахимов

Редакциядан: Бұл «Тұранның» алдағы маусымға арналған түпкілікті құрамы емес. Алда өзгерістер болуы мүмкін.
Пікір қалдырыңыз