Келді. Алды. Қайтты
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. Ресейлік маман ұлттық құрамамен бірге 6 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына бірде-бір гол сала алмады. УЕФА Ұлттар лигасының «В» дивизионында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы «С» дивизионына түсіп қалды.
Станислав Черчесов ұлттық құраманың тізгінін былтыр маусым айында ұстаған болатын. Бапкермен келісім-шарт 2+2 схемасы бойынша жасалған. Соның негізінде Черчесов жылына 1,2 млн. еуро (651 млн. теңге) жалақы алуы тиіс еді. Салыстыру үшін айтайық, мұндай жалақыны былтыр Еуро–2024 турнирінде өнер көрсеткен Италия, Түркия, Швейцария, Австрия құрамаларының бапкерлері алатын еді. Черчесовтің қай еңбегі үшін мұндай жалақы тағайындалғанын біздің мемлекетте ешкім білмейді.
Ресейлік бапкердің жаттықтыруымен біздің құрама УЕФА Ұлттар лигасындағы 6 ойынның бесеуінде жеңіліп, бір ойында ғана тең ойнады. Өз қақпаларына 15 гол жіберіп, қарсыластар қақпасына бір гол салмаған күйі кетті. Иә, біздің құраманың бұған дейінгі көрсеткіштері де мәз емес-тін. Десе де тәуелсіз Қазақстан тарихында 6 ойын қатарынан гол сала алмау антирекорды бұрын-соңды тіркелмеген.
Айтпақшы, келісім-шартты біржақты бұзғаны үшін Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесовке 500 мың еуро (271 млн. теңге) көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Демек, ресейлік бапкер 6-7 ай жұмыс істеп, толық бір жылдық еңбекақысын алады деген сөз. Біздің федерация 6 айда 600 миллион теңгеге жуық қаржыны Черчесовтің қалтасына санап салып берді.
Біздің елде жыл сайын балалар футболы үшін әр өңірге 300-400 миллион теңге төңірегінде қаржы бөлінеді екен. Яғни Станислав Черчесов дым бітірмей, балалар футболына бөлінетін екі облыстың жылдық бюджетін қалтасына салып алып кетті деген сөз!
Дәл қазіргі Қазақстан құрамасына Черчесов тұрмақ Юрген Клоптың өзін әкелсе де көмектесе алмас еді. Себебі, біздің футболда нақты стратегиялық даму жоқ. Стратегиялық дамудың іргетасы балалар футболын дамытудан басталады. Балалар футболын дамытқан елдердің футболшылары әлемнің ТОП лигаларында доп теуіп жүр. Алысқа ұзамай-ақ іргеміздегі Өзбекстанды алайықшы. Олардың жиырма жасар жас футболшысы Абдуқодир Хусанов атақты «Манчестер Ситидің» жейдесін киді. Өзбек футболшысының АПЛ-дегі дебюті туралы қазір әлемдік БАҚ-тар жарыса жазып жатыр.
Хусановтан бөлек Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Эльдор Шомуродовтың Италияның «А сериясында» ойнап жүргеніне біраз уақыт болды. Енді жақында ғана португалиялық «Брага» тағы бір өзбекстандық жас футболшы Хусайын Норчаевты қатарларына қоспақ ниетін білдірді. Міне, балалар футболына көңіл бөлудің жемісі!
Қазақстан құрамасы бүгін-ертең әлем не Еуропа чемпионатына шығатындай жағдайда емес. Сондықтан футболға бөлінетін қаржыны қымбат бапкерлерге емес, балалар футболына бағыттаған жөн екендігін біреуге дәлелдеп жатудың өзі артық.
Ерболат Айнабеков.