Рахмонов пен Махачев...
![](https://okg.kz/assets/images/posts/312351bff07989769097660a56395065/b461b5d68fcefa43d4e099285ee85597.jpg)
Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Ресейлік Ислам Махачев қазіргі таңда UFC-дегі ең үздік ережесіз жекпе-жек шебері болып тұр. UFC мамандары салмақ дәрежелеріне қарамай таңдау жасағанда дағыстандық спортшыны үздіктердің үздігі деп таныпты. Бүгінде Ислам Махачев – жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеудің иесі. Енді ол жартылай орта салмаққа ауысып, чемпиондық атақты иемденгісі келеді.
ұл атаққа қол жеткізуге қазақстандық Шавкат Рахмонов та қашаннан ұмтылып жүр. Белбеудің қазіргі иесі Белал Мұхаммед жекпе-жекке шығудан сырғақсып жүр. Енді америкалық спортшының алдында екі ғана таңдау тұр: UFC бекіткен датада Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізуі керек не орта салмаққа ауысуы қажет. Ондай жағдайда жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу бос қалады. Қалай десек те, алдағы уақытта біздің Шавкат Рахмонов пен ресейлік Ислам Махачев күш сынасып қалатын сияқты. Бұл жекпе-жек бола қалған жағдайда кімнің шамасы қай деңгейде? Осыны саралап көрелік.
Махачевтің менеджері Әли Әбдел-Әзиз Ренато Мойканомен өткен жекпе-жектен кейін Исламның енді жеңіл салмақта төбелеспейтінін мәлімдеді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «UFC Ислам Махачевке қарсылас тауып беруге асығар емес. Бізге жеңіл салмақтағы Чарльз Оливейраны да, Арман Царукянды да, Илья Топурияны да ұсынған жоқ» деп жазды.
Демек, Ислам Махачевке жартылай орта салмаққа ауысуға жол ашылды деген сөз. Оның бапкері Хавьер Мендес Рахмоновпен болуы мүмкін жекпе-жек туралы мәлімдеме жасады.
– Махачевтің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуге кіммен таласары әзірге белгісіз. Егер Шавкат Рахмонов Белалды жеңер болса, қазақстандық спортшымен жекпе-жек өткізуі ықтимал. Ал, Белал жеңер болса, ол одан әрі орта салмаққа ауысады. Бұл біз үшін жақсы мүмкіндік болар еді. Махачев тіпті үш чемпиондық белбеудің иегері атануы мүмкін. Оған мүмкіндігі толық жетеді, – деді Хавьер Мендес.
Егер бұл жекпе-жек бола қалған жағдайда біздің спортшы физикалық тұрғыда басым болары сөзсіз. Жеңіл салмақтан жартылай орта салмаққа көтерілу Махачевке оңайға соқпайды. Оның үстіне Рахмоновтың бойы дағыстандық спортшыдан әлдеқайда ұзын. Ал, ережесіз жекпе-жекте маңызды рөл атқаратын қолын сермеу қашықтығы да Шавкатта басымырақ. Рахмонов осыған дейін өткізген жекпе-жектерінің жартысына жуығында осы ұзын қолының арқасында жеңіске жеткен. Ал, Махачевтің қолмен құлаштап соққы беріп, ашық айқасқа шыққан жекпе-жектерін көрген емеспіз. Оның басты қаруы – күрес. Махачевке әжептәуір қарсылық көрсеткен Волкановски мен Порье осы тейкдаунның құрбаны болған еді. Бірақ, Рахмоновтың ашық ұрысты да, тейкдаунды да жақсы меңгерген әмбебап спортшы екенін ескерсек, дағыстандық спортшыға өте қиын болады. Оның үстіне Шавкат Рахмоновтың төбелесу стилі Ислам Махачевті тізе бүктірген жалғыз спортшы Адриано Мартинстің стиліне ұқсайды.
Абдулманап Нурмагомедовтің шәкірттерінің барлығы партерде өте шебер қимылдайды. Осы мектептен шыққан ережесіз жекпе-жек шеберлерінің ерекшелігі де сонда. Бірақ, қайталап айтайық, Махачев салмағын көтеріп жатыр. Жеңіл салмақтағы күрес басқа да, салмақ жоғарылатқаннан кейінгі күрес мүлдем басқа. Кезінде бәрін осы күрес арқылы жеңіп кете беретін Хабиб Нурмагомедов әлем жанкүйерлерінің сынына қалған. Себебі, Хабиб тек бір салмақта өнер көрсетті, сол салмақтағыларды ғана жеңді. Оған салмақ ауыстыруды ұсынғанда бас тартты. Өйткені, дағыстандық спортшы салмақ көтеретін болса, ескі әдістері өзіне көмектеспейтінін білді. Осы үшін де оны әлі күнге дейін UFC жанкүйерлері сынап келеді.
Ескере кетерлік бір жайт, Шавкат Рахмонов та қарсыластарын нокаутқа жібергеннен гөрі, күресіп жеңгенді құп көреді. Сондықтан да тейкдаун оған таңсық емес. Мұндай үлкен жекпе-жектерде спортшылардың физикалық жағдайын да ескеру қажет. Қос спортшы осыған дейін кәсіби мансабында бір-бір реттен ғана 5 раундтық жекпе-жек өткізді. Екеуі де жанкүйерлер көңілінен шыққан жоқ. Бірақ, Рахмонов өз салмағындағы мықтылардың бірі Гэрримен төбелескенін айта кеткен жөн. Ал, Махачев жеңіл салмақтағы аса мықты емес Волкановскиді әзер жеңді. Тіпті, кейбір спорт сарапшылары бұл жекпе-жекте Махачевтің жеңіліп қалғанын айтып жатыр.
Десе де, Рахмонов пен Махачев төбелесе қалған жағдайда, екеуінің мүмкіндіктері тең деп бағалап жатқандар да аз емес. Мұндай үлкен жекпе-жектерде спортшылардың мүмкіндігі тең бағаланғаны заңдылық та шығар...