«Ішкі нарық қорғалмаса, өндіріс өркендемейді»


«Бал Текстиль» ЖШС-нің бас директоры Талғат ЫСҚАҚОВ:

               Қазақстанда кілем шығаратын отандық 3 фабрика бар. Олар — «Балтикор», «Назар стиль» және «Баль Текстиль» компаниялары. Кәсіпорындардың бәрі үшінші мегаполисте орналасқан. Бұл фабрикалар — Шымкент қаласының ғана емес, Түркістан облысының да мақтанышы. «Бал Текстиль» ЖШС-нің тауар шығара бастағанына биыл 11 жылға аяқ басты. Оны саналы ғұмырының 30 жылдан астамын кілем өнімдері саласында сауда жасап,  бизнесте жүрген Талғат Ысқақов басқарып отыр. «Баль Текстильдің» тауарлары брендке айналғалы қашан?! Отандық өндіріс тізімінде ойып орын алатын компанияның басшысы Т. Ысқақовпен таяуда тілдесіп қайтқан едік.

      — Талғат Жүнісбекұлы, елімізде және шет елдерде қазақ кілеміне сұраныс қандай? Өзіңіз басқарып отырған фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып, осы тақырыпты тарқатсаңыз. 

     — Қазіргі таңда компанияда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Біздің фабрика кілем шығарады. Сонымен қатар, кілем тоқуға қажетті пропилен жібін  дайындаймыз. Бұл кілемге керек шикізаттың бір түрі. Жіп өндіреміз, оны бояймыз, иіреміз. Сосын қатайтамыз. Кілем тоқу ісі осындай өндірістік технологиялық үдерістерден өтеді. Алайда, бұл кіріптарлықтан толық құтылдық деген сөз емес. Кілемнің түгіне керекті арқау жіптері мен желі жіптерін әлі де шетелден аламыз. Мұндай шикізаттар бізге  Бангладештен, Түркиядан, Қытайдан жеткізіледі. Пропилен жібіне керекті шикізатты, яғни пропилен түйіршіктерін (гранулын) бұрын Қытайдан, Ресейден, Ираннан, Египеттен алатынбыз. Қазіргі таңда Атырауда «Кипи ай» деген компания осы пропилен түйіршіктерін өндіреді. Соңғы уақытта осы отандық шикізатты кәдеге жаратудамыз. Пропилен жібі елімізде пайдаланылады және оны Тәжікстанға, Монғолияға және Ресейге экспорттаймыз. Дайын кілем тауарларын біз ішкі нарыққа жөнелтудеміз. Одан бөлек Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай елдеріне де экспортталуда. Мәселен, 2023 жылғы шығарған тауарларымыздың 20 пайызын экспортқа шығарған едік. Былтыр бұл межені 10 пайызға көтердік. Яғни шығарған өніміміздің 30 пайызы экпортқа кетуде. Өйткені, сыртқы сауда көлемін жыл өткен сайын ұлғайта түсудеміз. 2021 жылы біз Қытай нарығына шықтық. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Аспан асты елі қазақтың кілемдеріне зор қызығушылық танытуда. Тапсырыстар да бар. Кәсіпкерлеріміз Қытайдан тауарлар тасымалдаса, біз, керісінше, қазақстандық кілем өнімдерін  өткізудеміз. Тағы бір қуанышты жаңалық, Өзбекстан нарығына кірдік. Көрші мемлекетте тоқыма ісі өте қатты дамыған. Орта Азиядағы 37 миллионға жуық халқы бар Өзбекстанда 25 кілем тоқитын фабрика жұмыс істейді. Бағамдай беріңіз. Экономикасы дамып жатыр. Ол жақта кілем мәдениеті бар. Ташкент қаласынан қойма ашып, серіктестер таптық. Ала топылы ағайындар біздің нарыққа да кіріп жатыр.  Шүкір, ол жақтан да тапсырыстар келіп түсуде.

    — Ұдайы ізденіс табысқа жетелейді. Әсіресе, шет елдермен  барыс-келіс, сауда-саттық жасау — оңтайлы іс. Қандай мемлекеттермен тәжірибе алмасудасыздар? Халықаралық көрмеге қатыстыңыздар ма? Қай елдермен келісімшартқа отырдыңыздар?

      —  Жақында ғана Стамбұл қаласында өткен  бүкіләлемдік көрмеге қатыстық. Дүние жүзіндегі 20-дан астам кілем өндіруші ел өздерінің таңдаулы тауарларын көрмеге қойды.  Олардың арасында Түркия, Бельгия, Иран, Араб мемлекеттері, Қытай, Пәкістан, Марокко, Египет, Өзбекстан, Ресей, Белорусь, Қазақстан, Украина мемлекеттері болды. Жалға алу ақысы қымбаттығына қарамастан біз де 150 шаршы метр болатын аумаққа өз кілемдерімізді қойдық. Жиырмадан астам қызметкерді — дизайнерлерді, технологтарды, өндіріс басшыларын  ертіп апардық. Көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түркиядағы Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев арнайы келіп, көрмеге қойылған отандық тауарлармен танысып, жоғары бағасын берді. Анадолы жеріндегі қазақ бауырларымыз — бизнесмендер, қазақ диаспорасының өкілдері  де аралап көрді.

         Қазір шетел кәсіпкерлерін іздеудеміз. Мұндағы мақсат— сыртқы нарықты көтеру. Ұлы дала кілемдеріне Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Белорусь, Қытай елдері өте жақсы қызығушылық танытты. Сондықтан кілем экспортының көлемін 50 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өнімділікті де арттырамыз.

      Әр уақытта шетелдік көрмелерден қалмаймыз. Халықтың сұранысына ие болатын, яғни трендтегі тауарларды, заманауи үлгідегі кілемдерді ұсынғымыз келеді. Ол үшін үйдегі жиһаздарға, түскиіздерге және перделерге үйлесімді, жаңа нұсқадағы соны коллекцияларды талғаммен таңдаймыз. Жіптерді өзіміз дайындаймыз.

        Түркияда серіктестеріміз бар. Тәжікстандағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі кілем өндірісімен айналысып жатқан компаниялармен, құрылтайшылармен  тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізбен ақылдасып, кеңес сұрап, ұдайы тәжірибе алмасамыз. Мамандарымызды Түркияға, Тәжікстанға, Ресейге, Өзбекстанға жіберемін. Біздің шеберлер ол жақтың өндірісін көріп, технологиясымен танысып қайтады. Шетелдік мамандар да бізге келіп, тәжірибесімен бөліседі. Осындай ақпарат пен тәжірибе алмасу тиімділік әкеледі. Әлемдік трендтегі, заманауи сәндегі коллекцияларды Инстаграм, Тик-ток және басқа да  әлеуметтік желілерден де іріктейміз. Жалпы тауардың дизайнына айрықша назар аударамыз.

      — Шикізатпен қамтамасыз ету елімізде түбегейлі шешімін тапқан ба? Әлде әлі өзге елдерге кіріптарсыздар ма?

       — Әрине, біздің мемлекетте жеңіл өндіріс ошақтары аз. Елімізде үш кілем фабрикасы бар. Қондырғыларға қажетті қосалқы бөлшектерді, сосын жіптерді шетелден сатып аламыз.  Біз пропилен жіптерін ғана шығарамыз. Одан бөлек, әрлендіру үшін полиэстер, акрил, вискоза, т.б. жіптері қажет. Қытайда, Түркияда мен Өзбекстанда өндіріс жақсы жолға қойылған. Неге? Өйткені, олар ішкі нарығын қорғайды. Сырттан дайын өнімдер келетін болса, оларға үлкен баж салықтарын қойған. Ал, өкінішке қарай, біздің елімізде ішкі нарық қорғалмайды. Жасыратыны жоқ, елімізде өндірісті дамыту үшін тиісті қолайлы жағдай жасалып отыр. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар бар. Жеңілдетілген несиелер де беріледі. Бұл өте жақсы. Бірақ, одан ішкі нарық қорғалмайды. Бізге өндірістен гөрі дайын өнімді сатып алған оңтайлы. Ол оңай әрі жеңіл. Сөйтіп, тез пайда табуға болады. Үкімет сол жағынан ішкі нарықты қорғап, кедендік баж салықтарды көтерсе, өндіріс орындары көптеп ашылар еді.  Осы бағытта біз Үкіметке хат жазып, ұсыныстар берудеміз. Әзірге қолдау тауып жатқан жоқ. Өз проблемаларымызды «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы ғана шеше аламыз...

        — Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Басты проблеманың бірі — кадр мәселесі. Жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшы жеткілікті ме?

         — Мәселе өте дұрыс қойылып отыр.  Өйткені, жұмысшы мамандығын қадірлеуіміз керек. Тәуелсіздік жылдары оның қадірін түсіріп алдық. Жұмысшы — адал еңбекпен және маңдай термен өзінің жанұясын асырайтын тұлға. Сондықтан  келешекте олардың мәртебесін қоғам болып көтеруіміз керек. Мәселен, көше бойындағы билбордтарға «Озат жұмысшы», «Озат тоқымашы», «Озат жіп иіруші», «Озат тігінші», тағы басқа мамандықтар бойынша еңбегі еленген өндіріс шамшырақтарының суреттерін іліп қойса, нұр үстіне нұр! Бұл біздің қарапайым еңбек адамына көрсеткен құрметіміз болар еді. Телеарналарда солар туралы хабарлар беріліп, газеттерде жиі жазылса, қанеки?! Мұның бәрі жұрттың қызығушылығын арттырады. Жастардың дені ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, қомақты табыс тапқысы келеді.  Мұның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Әрбір адам бір мамандық иесі болуы керек. Жұмыстың көзін табуы тиіс. Адал еңбекпен күн көріп, баюға да болады. Мемлекеттік қызметке қарапайым жұмысшыдан көтерілген адамды қабылдаған абзал. Кеңестік кезеңде солай еді...

       Фабрикамызда тоқымашылар жетпейді. Сырттан келген адам бірден станокта жұмыс істеп кете алмайды. Оларды үйретеміз. Бірде бізге: «Жеңіл өнеркәсіп саласының технологымын» деп бір жас маман келді. Ол өндірісте бір күн де жұмыс істемеген.  Өндірісті білмейтін адам қалай технолог бола алады? Сондықтан біз оған: «Біріншіден, станоктағы жіпті байлап үйрен. Түсін ажырата біл. Кодтарын тани түс. Қондырғыларға жіпті қоюды меңгер! Осылайша біртіндеп үйрену арқылы барлық процестерді толық игеріп шығу керек. Сен жұмысшыға кеңес беруге тиіссің. Ақыл айту үшін бірдеңе білу керек қой» дейміз... Рас, жоғары оқу орнын бітірген жас маман теориялық білім алады. Ал, тәжірибе жүзінде ешнәрсе білмейді. Сол себепті, университет, арнаулы орта оқу орындары мен өндірістің арасында тығыз байланыс болуы керек. Біздің есігіміз кім-кімге болсын әрдайым ашық. М.Әуезов атындағы ОҚУ-мен, «Мирас» университетімен және бір колледжбен дуальды оқу бойынша келісімшартымыз бар. Тамағын тегін береміз. Практикадан өтсін.  Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік қағаз жүзінде ғана. Практиканттар аз келеді. Бізде жіп, тоқыма, өндіріс бөлімінде түрлі мамандықтар бар. Жіп станогының операторы, иіру станогының операторы, жіпті қатайту станогының операторы, кілем тоқитын станоктың операторы... т.б. сияқты. Келген адамдарды қабылдап, іс-тәжірибеден өткіземіз. Фабрикадағы жұмыстардың барлығы автоматтандырылған.

        Меніңше, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқулықтары ескі. Олар өткен ғасырдың 60 және 70 жылдардағы станоктарын теория жүзінде оқытады.  Қазір өндіріс дамып кеткен. Құрал-жабдықтардың барлығы компьютермен басқарылады. Арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді. Әрине, теориялық білім керек. Бірақ, оны практикамен ұштастыру қажет.

         — Кәсіпорында  жұмысшыларға қандай жағдай жасалған? Оларда қандай жеңілдіктер бар?

        — Жұмысшыларды тасымалдау үшін Шымкент қаласында 3 бағыт және Төлеби ауданының орталығы — Леңгір қаласынан тағы 1 бағыт бойынша  автобус ұйымдастырылған. Автобус жұмысшыларды тегін тасиды. Үш ауысымда үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Бізде ең төменгі жалақы 160 мың теңгеден басталады. Содан сатылап айлық көбейе береді. Шеберлігі ескеріледі. Жұмыстан қалмаса, сыйлық беріледі. Жұмыс өтіліне де көп нәрсе байланысты. Бес жыл жұмыс істесе, үстемеақы қосылады. Орташа айлық 250-300 мың теңгенің аралығында. Ал технологтардың, дизайнерлердің  айлық жалақысы одан жоғары. Алды 500 мың теңгеден  бастап 1,5 млн. теңгеге дейін жалақы алатын  қызметкерлер бар.

     — Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

      Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,  «Оңтүстік Қазақстан».

Конец формы

 

Пікір қалдырыңыз