Нұржанды жарыққа еңбегі шығарды
Нұржан Қарабалаев өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы аумалы-төкпелі заманда өмірден өз орнын табу үшін әрекетке кірісті. Бұл жолда сүрінді де, опық та жеді. Бірақ, жасыған жоқ. Мақсатына жету үшін алған бетінен қайтпады.
Әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін Шымкенттегі механикалық зауытта слесарь болып біраз жыл жұмыс істеді. Зауыт жабылар алдында жұмыстан қысқарып кетті. Ауылға оралып, екі жылдай клуб меңгерушісі болды. Тап осы кезде «өз күніңді өзің көр» деген түсінік пайда болғанда ала қапты арқалап, базар жағалап кетті. Сөйтіп, сыры қазаққа беймәлім нарықтық қатынастың жалына жармасуға бел буды. Бірақ, ол бұл ойлағандай оңай емес екен.
Жекешелендіру кезінде шаруашылықтың бір отар қойын, ондаған қара малын қамтып қалған басшының малын сойып, базарда сатып беруге келісті. Сөйтіп, Леңгір қаласындағы «Достық» базарында ет сатты. Алайда, кеңқолтық қазақтың баласы емес пе, сауданың тілін білмей, одан ұтылып, қарызға да кіріп кеткен күндер болды. Сосын елге қайтты. Ауылға келгенінде кеңшар таратылып, жер, мал-мүлік, техника жекешелендіріліп жатыр екен. Айтысып-тартысып жүріп отбасына тиесілі 12 гектар жерге ие болды. Оған бидай, жоңышқа екті. Жоңышқаны екі-үш рет суарып, мол өнім алды. Артығын сатып, мал ала бастады. Сөйтіп жүріп «Нұр-Гүл- Ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Мал бордақылаумен айналысты. Мал азығы өзінен шыққаннан кейін одан пайда таба бастады. Леңгірдегі мұнай базасымен келісімшартқа отырып оны мал өнімдерімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге келісті. Онда 180-дей адам жұмыс істейтін. Осылайша бірте-бірте қор жинала бастады. Тұрмыстары да жақсарды. Даңғыратып үй салды. Кәсібін одан әрі дамытудың жолын қарастырды. Семей өңірінен жыл сайын 70-80 жылқы сатып әкеліп, бордақыға қойды. Мал басы көбейген соң қоражайды кеңейтті. Малдың суды, жемшөпті өз бетінше ішіп, жеуі үшін қораны ыңғайластыра жабдықтады.
2014 жылы туған ауылы Жаңа ұйымнан жекеменшік балабақша салуды қолға алды. Бұл үшін өзінің үйіргелік жерінен 30 сотық жер бөліп, балабақша құрылысын жүргізіп, ғимаратты пайдалануға берді. Алғашқыда онда 60 бала тәрбиеленді. Оған «Нұр-Гүл-Ай» деп ат қойды. Қажетті жабдықтары сатып алынды. Аудандық білім бөлімімен келісімшарт жасасып, балабақшаны арнайы педагогикалық білімі бар мамандармен қамтуға уәделесті. Алғашқыда үш топ құрылды. Оған 3 тәрбиеші, 1 медицина маманы, 2 аспаз қызмет көрсетті. Бұл үшін мемлекеттен әр балаға 18 мың теңге бөлінді.
Ауылда балабақшаға деген сұраныс көбейе түсті. Соған байланысты 2017 жылы 15 сотық жер сатып алып, оған қосымша ғимарат салып бітірді. Онда тәрбиеленетін бала саны 160-қа жетті. Мемлекеттен әр балаға 25 мың теңге субсидия бөлініп тұрды. Ауыл тұрғындарының балабақшаға деген сұранысы жылдан-жылға арта түсуіне байланысты кәсіпкер 2023 жылы тағы да 15 сотық жер сатып алып, қосымша 120 орынды балабақша ғимаратының құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді. Оған Леңгір қаласынан «Старый подхоздан», «Теріскей» шағынауданынан бүлдіршіндер тартылды. Оларды 4 «Газель» автокөлігі тасымалдады. Бүгінде жекеменшік балабақшада 280 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оларға 28 тәрбиеші көмекшісімен, 1 әдіскер, 2 медицина маманы, 4 аспаз, 4 автокөлік жүргізушісі,
1 шаруашылық меңгерушісі, бірнеше техникалық қызметкер қызмет көрсетуде. Осылайша жекеменшік балабақша 40 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бүгінде балабақшаға жоғары білімді педагог Айнұр Нұржанқызы басшылық етеді. Балабақша аудандағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі мекемелердің бірінен саналады. Балабақша қажетті жабдықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, түрлі ойыншықтармен, музыкалық аспаптармен, ойын алаңдарымен қамтылған.
Балабақшаға қажетті нан, ет, сүт, көкөніс, бау-бақша өнімдерін «Нұр-Гүл-Ай» ЖШС-нің өздері өндіреді. Сонымен бірге ауылдағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жеңілдік жасап, оларды киіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз етеді.
Адал еңбек, адал табыс мұратқа жеткізеді емес пе?! Нұржан Қарабалаев талмай еңбектенудің, ізденудің нәтижесінде өзінің алдына қойған мақсатына жетіп отыр. Қолынан келгенше ауылына жақсылық жасап келеді. Жұбайы Гүлжан екеуі алтын асықтай 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бәріне мамандық әперіп, өмірден өз орындарын табуларына жағдай жасады. Үлкен ұлы Қайрат автожол колледжін бітіріп, қазір аталған балабақшаның шаруашылық меңгерушісі. Үлкен қызы Айнұр туралы айттық. Ал, кенже ұлы Жанболат 8-сынып оқушысы. Кенже қызы Ақнұр М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде кәсіпкер. Олар әке жолын осылай жалғастырып келеді.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.
Төлеби ауданы.
Rainer Moura
Crypto Consulting Recovery Experts Lost Recovery Masters Lost Recovery Masters centers its expertise on financial fraud and ethical hacking services, focusing much of its resources in fighting binary options scams, a pervasive threat to individual investors and financial institutions alike. With a proven track record of success and a commitment to transparency, Lost Recovery Masters provides personalized support throughout the recovery process, keeping clients informed every step of the way. Contact details: Email: Support@lostrecoverymasters.com Website: https://lostrecoverymasters.com/