Ханарыққа балмұздақ осылай келген
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жұмыс істеймін, табыс табамын деген жандарға бүгінде мүмкіндіктер мол. Бірақ, қалада болсын, далада болсын қайранда қалған балықтай аузын ашып, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер де аз емес. Рас, ауылдық жерлердегі кешегі кеңшарлар мен ұжымшарлар келмеске кетті. Олар барда ешқандай уайым-қайғы да жоқ еді. «Неге жұмысқа шықпайсың?» деп ферма басқарушысы немесе бригадир қасына учаскелік инспекторды ертіп құлқынсәріден келіп тұратын. Ол күндер қазір ертегі. Ендігі жерде әрекетшіл адамдардың тасы өрмелейді. Ә дегеннен кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын меңгеру қиын болатын. Маруфжан Юсупов та алғашында абдырап қалғандардың бірі еді. Ауылдан қандай кәсіп ашуға болады? Өндірген өнімі нарықта сұранысқа ие бола ала ма?
Бір күні ол үйдегі екі сиырын падаға қосып, қайтып келе жатып ойланса, ауылда сүт өндіретіндер көп екен. Қалаға апарып сатуға ол кезде көлік қайда?! Қалаға жеткен күнде де сүт пен айранды қай жерде отырып сатады? Көршілерімен сөйлесе келе білді, бірқатар отбасы өздерінен артылған ағарғанды қайда апарып сатуды білмейді екен. Ал, күнкөрісі малға ғана қарап қалған кей отбасыға сүтін өткізетін жер табылса, мұның өзі үлкен қолдау болар еді. Маруфжан Сайрам ауданында сүт қабылдайтын арнайы зауыттар мен цехтар бар екенін бұрыннан білуші еді. Солардың басшыларымен сөйлесіп көргенде сүтті қанша мөлшерде болса да қабылдай алатындарын айтып қуантты. Мұны Ханарық ауылының тұрғындарына Маруфжан сүйіншілеп жеткізді. Сол күннен бастап ол ауыл тұрғындарының артылған сүтін жинап, зауытқа өткізуді бастап та кетті. Бұл үшін сүт сақтайтын арнайы ыдыс керек екен. Тоңазытқыш та қажет. Арнайы бөлме әзірлеуі тиіс. Жиналған сүтті Сайрам ауданындағы зауыттарға жеткізу үшін көлік сатып алды. Алғашқы жұмыс осылай қауырт басталып кеткен.
Ауылдастарынан жинаған сүтті сүзгіден өткізіп, тазартып барып зауыт, цехтарға өткізумен ғана шектеліп қалмау керек екенін ол жақсы түсінді. Осыдан соң ол «Ырысханагро» ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кооперативін ұйымдастырып, бірнеше адамға жұмыс тауып берді. Балмұздақ жасайтын екі аппарат сатып алды. Жаз айларында Тасарық ауылдық округі Ханарық елді мекенінің балалары балмұздақты қаладан іздемейтін болды.
Негізі балмұздақ жасаудың да өзіндік технологиясы бар. Сүтті белгілі температурада ысытып, керекті элементтер қосу керек. Сосын балмұздақтың арнайы құтысы болады. Оны жасаудың да жолдары бар. Маруфжан мұның да қыр-сырын тез меңгеріп алды.
– Біздің ендігі мақсатымыз – сүт өнімдерін де өзіміз өндірсек. Айталық, құрт, ірімшік, қаймақ, айран, тағы басқа да тағамдарды жұртшылық қашанда сүйсініп тұтынады емес пе?! Бұлар базарларда ғана емес, мейрамхана, кафе, ұлттық асханаларда да үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, жұмысымыздың ауқымын кеңейтіп, жаңа цехтар ашуды жоспарлап отырмыз. Егер осы жоспарымыз жүзеге асса, ауылдың бірнеше адамына жұмыс табылады, – дейді Маруфжан Юсупов бізбен әңгімесінде.
Кәсіпкерлігін балмұздақ істеп сатудан бастаған Маруфжан алдағы күндерге сеніммен қарайды. Оның бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенеміз.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.Төлеби ауданы.