Еурохаттама – бір жылдағы жұмыс нәтижелері

Аздаған жол-көлік оқиғасы көп уақыт пен күш жұмсауды қажет етпеуі керек. Шығынды өтеу процесін жеңілдетіп, жол қозғалысының барлық қатысушысының уақытын үнемдеу үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап Еурохаттама қолданыла бастады.

Fingramota.kz оны қалай қолдану және қандай жұмыс нәтижелері бар екенін толығырақ айтып береді. 

Артықшылығы қандай? 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жолдардағы ұсақ апаттарға қатысқан автокөлік иелері сақтандыру жағдайларын реттеудің жеңілдетілген тәртібін – жол полициясын тартпай, сақтандыру төлемдерін қашықтан және жедел алуға мүмкіндік беретін Еурохаттаманы пайдалана алады.  

Ол үшін тараптар кінәлі кім, ал ЖКО салдарынан зардап шеккендер кім екендігімен келісіп, белгіленген 100 АЕК лимит шегіндегі шығын сомасымен келісуге тиіс. Ең бастысы, апат кезінде адамдар мен үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпеуі керек. Тағы бір міндетті шарт – ЖКО-ға қатысушыларда қолданыстағы міндетті автосақтандыру полистері болуға тиіс.

Еурохаттаманың ыңғайлылығы мынада: автокөлік иелері сақтандыру төлемдерін сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ қысқа мерзімде қашықтан ала алады.

2024 жылдың басынан бастап 15 276 жағдай анықталып, олар бойынша  2,3 млрд теңге төленді. Бұл ретте орташа төлем 190 840 теңгені, ал орташа төлем мерзімі 17,2 күнді құрады. 

Кім және қалай өтінім беру керек?

Ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушының екеуі де ұялы телефондарына «Еурохаттама» қосымшасын немесе сақтандыру ұйымының қосымшасын жүктеп алуы немесе сақтандыру ұйымының сайтына жазуы тиіс. Тіркеу рәсімінен өтіп, оқиғаның фотоматериалдарын салу қажет.

Маңызды: сақтандырушылар соқтығысу фактісі мен шығын мөлшерін растайтын қосымша материалдарды сұрамауы үшін сапалы түсірілген фото жіберілуі керек.

Фотосуретті сәтті жүктеп, декларацияны толтырғаннан кейін бұл құжаттар сақтандыру компаниясына жіберіледі. Зардап шегушілерге сақтандыру жағдайының тіркелгені туралы SMS-хабарлама келуі тиіс. Егер SMS келіп түссе, бұл сақтандыру ұйымының өтемақы алуға өтініш қабылданғанын білдіреді. Осыдан кейін ғана автокөлік иелері ЖКО орнынан кете алады.



Өтінім беру мүмкін болмаған жағдайда не істеу қажет? 

Егер қосымшаны орнату немесе пайдалану кезінде қиындықтар туындаса, қазақстандықтар өздерінің сақтандыру ұйымымен кеңесе алады немесе «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың байланыс орталығына +7 (727) 339 31 88, немесе 2570 нөмірі бойынша қоңырау соға алады.

Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап төлем жасауға дейінгі барлық сатылары клиенттің жеке кабинетінде сақталады және Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (бұдан әрі – БСДҚ) тіркеледі. Әрбір кезеңді электрондық тіркеу сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерінің тиісінше қорғалуын қамтамасыз етеді.

Пікір қалдырыңыз