Алматаевтан жұмыс артылмайды

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Техниканы ұршықтай үйіретін, өз кәсібін жетік білетін Әділ Алматаевтың тірлігіне жерлестері үнемі тәнті. Ол – ертерек ес жиған жігіттердің бірі. Қазір қырықтың қырқасынан асты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ортақ өгізден оңаша бұзауды артық көріп, шаруашылықтан еншісін алып шықты. Содан бері табаны күректей 25 жыл өтті.  Жастайынан жұмыспен піскен азаматтың  қолынан келмейтіні жоқ. Әрине, жеңіл автокөлікті екінің бірі жүргізе алады ғой, ал, Әділ  нағыз бесаспап маман. Доңғалақты трактормен жер жыртады. Тырма тіркеп, алқаптағы топырақты малалайды.  Агротехникалық талаптарды сақтай отырып, танапты егіске дайындайды. Сеялкамен  дән себеді. Ал, астық жинау науқанында комбайн тізгіндейді. Техника істен шықса, базарға шапқылап,  қосалқы бөлшек іздейді. Білегін түріп жіберіп, жөндеу жұмыстарына да өзі кірісіп кетеді. Тракторлар мен автокөліктерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Өзі жұмысшы, өзі төраға. Механизатор, агроном, экспедитор, механик мамандықтарын да бір кісідей меңгерген. Төлеби ауданы,  Көксәйек ауылдық округінде бұдан 3 жыл бұрын құрылған «Әділ» шаруа қожалығының басшысы. Аталмыш құрылым  негізінен шаруаларға қызмет көрсетіп, содан нәпақа тауып келеді. Жекешелендіру кезінде  Әділден басқа да пай үлесі ретінде жер алып қалған шаруалар аз емес. Олар дәнді дақылдар егіп, жоңышқа өсірумен айналысады. Алайда, көпшілігінде техника жоқтың қасы. Сондықтан көктем және күз айларында бір тырылдақ трактордың соңында сандалып жүрген жұртты көрсеңіз! Ал, жаз айында шөп шабатын және егін оратын комбайн іздейді. Осындай кезде оларға Әділ Алматаев жетекшілік ететін шаруа қожалығы көмекке келеді. 
– Менде астық жинайтын 2 комбайн, жер айдайтын 3 «Беларус» тракторы бар, – дейді Әділ Алматаев бізбен әңгімесінде. –  Жаңа «МТЗ-952,2» тракторының нақты бағасы 12 миллион теңгеге жуықтады. «КазАгроФинанс» АҚ арқылы салоннан алдық. Жалпы бағасы үстеме пайызымен есептегенде 19 миллионға жетті. Үш айдан кейін мемлекет субсидия берген соң оның құны лизинг есебінде 14,500 миллион теңгеге арзандады. Алдын-ала жарна ретінде қаржы аударған жоқпыз. Үш айда бір рет 500 мың теңгеден төлеп тұрамыз. Жылына бір мәрте негізгі сумма – 1,5 миллион теңгеден төлейміз. Қарыздан 8 жылда құтылуымыз керек. Жаңаның аты жаңа ғой. 
Ауылдағы 6 жігітті тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Механизатордың үшеуі тұрақты жұмыс істейді. Олар Нұрғали, Байжан және үшіншісі ұлым – Ерасыл. 18 жаста. Осы кезден еңбекке баулып жүрмін. Көксәйектегі кәсіптік-техникалық лицейді бітірді. Қазір Шымкент қаласындағы Мардан Сапарбаев атындағы университетте оқиды. Егін орағы кезінде комбайншыларға көмекші жалдаймыз. Жалға алған жерді (90 пайыз) қоса алғанда мен басқаратын құрылымның алқап көлемі 100 гектарға жуықтайды. Оған бидай және жоңышқа еккенбіз. Біз негізінен ауыл тұрғындарының жерін жыртып, егінін орып, қызмет көрсетумен айналысамыз. Былтыр өзіміздің жерімізді қоспағанда, өтініш жасаған шаруа қожалықтарының 300 гектар алқабын айдап, дән сеуіп бердік. Егер әкімдік тарапынан бізге жер беріліп жатса, 400 гектар танапты игеруге мүмкіндігіміз бар. Оған әлеуетіміз жетеді. Жер сұрап тиісті орындарға талай бардық. Бермеді. Жасыратын несі бар, жердің бәрі дәулетті, қолы ұзын кісілердің иелігінде, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Егін еккен диқандар өткен жылы бидайдың бағасы күрт түсіп кеткеніне ренжулі. Оның бағасын көтеру үшін не істеу керек? Бұл жайында Әділ Алматаевтың өз айтары бар: «Қиындық шаруалардың мойнына түскен қамыт болып тұр. Тым құрыса, егіске жұмсаған шығынды да жаба алмады. Есептеп көріңіз: солярканың әр литрі бастапқыда  270 теңгеден босатылған еді. Маусымдық жұмыстар басталғанда дизель отынының литрі 295 теңгеден 320 теңгеге  дейін қымбаттады. Мәселен, Қазақстан елді мекеніндегі жанар-жағармай құю бекетінде 320 теңгеден босатылды. Ал, бұрынғы ДЭУ-де (жол пайдалану учаскесінде) оның литрі 300 теңгеден саудаланды. Көксәйекте  295 теңгеден сатылды. Мұнда дизель отыны сәл арзан болған соң кезек көп. Кейде үлгере алмай қаласың. Тез таусылып кетеді. Ал, жеңілдетілген солярканың бағасы 260-265 теңгеден босатылады деп естігенбіз. Күні бүгінге дейін алған емеспін. Сондықтан оған жүгірмеймін де. Ол бізге бұйырмайды. Оны кімдер алатынынан бейхабармын. Селитра жөнінде айтсам, алдыңғы жылы Ресей селитрасының 50 келілік бір қапшығын 4 600–4 700 теңгеден сатып алғанбыз. Былтыр субсидияланған селитра біз үшін 
13 500–14 000 теңгеден түсті. Өткен жылы сәл арзандау болды, әр қабын 6 500–7 000 теңгеден алдық». 
Осы салада ширек ғасырдан астам еңбектеніп жүрген шаруа қожалығының төрағасы Әділ Алматаев астық бағасының күрт төмендеуіне Ресейден Қазақстан нарығына тасымалданған тауардың кері әсер еткенін айтады. Көрші мемлекеттен келген бидай еліміздің Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы элеваторға төгіліп, одан оңтүстік өңірге Қазақстанның бидайы болып келіп жатты. Олар астықты Ташкентке өткізуде. Ал, жергілікті өңірлердің астығы қырман мен алқапта жатыр. Мұндағы бидайдың бағасы  келісіне 35-40 теңгеге дейін түсіп кеткен. 
Қожалық басшысының айтуынша, бидайдың бағасын Өзбекстан көтеруші еді. Ала тақиялы ағайындарға біз сияқты шаруалар тікелей өткізе алмаймыз. Делдал арқылы итшілеп жүріп, келісін 60 теңгеден зорға саттық. Бұрын астық және ұн өндіруден Қазақстан көшбасшы еді. Қазір көрші мемлекет алға шыға бастады. Өздері егін екпейді, бізден сатып алады. Соның өзінде Өзбекстанда бізге қарағанда нан мен ұн арзан. Былтыр бидайдың бағасы 60 пайызға арзандаса да  ұн мен нанның бағасы әлі қымбат! Неге олай? Жалпы, Түркістан облысының бидайының ұны нанға жарамайды. Сондықтан тек мал азығындық жем ретінде пайдаланылады. Кебектің бағасы бидайдан қымбат. Дәл қазір оның келісі 78 теңгеден босатылуда. Сонда бидайды жарып, жем күйінде сату шаруаға тиімді болып тұр.
«Әділ»  шаруа қожалығы мал бордақылаумен де айналысады. Қазір жылқы мен қойларды күшейтілген рационмен семіртуге қойған. «Ең өтімдісі осы. Өткізуге де ыңғайлы» дейді төраға.
Пікір қалдырыңыз