«Мақсат – елдің бірлігі мен ынтымағын бекемдеу»

Өткен жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігін Бахадыр Ирисметов басқарып келеді. 
Бахадыр Ирисметов 1954 жылы  қазіргі Сауран ауданы, Шорнақ  ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Шымкент педагогика  институтын  физика және еңбек мамандығы бойынша тәмамдаған.  Еңбек жолын Сауран ауданы, Жүйнек ауылындағы А.Игүнеки атындағы мектепте мұғалім болып бастаған ол ұжымшарда  еңбекті қорғау инженері, «Межколхозстрой» тресінде инженер-механик, Түркістан қаласындағы «Саяхат» бюросының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Осылайша қызмет баспалдақтарынан өткен азамат 1988-1992 жылдары Түркістан ауданаралық кәсіподақ ұйымының төрағасы – Түркістан қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде халықпен тығыз араласып, абырой биігінен көрінді.

Б.Ирисметов 1992 жылдан «Керуен сарай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде жемісті еңбек етіп келеді.  Жұбайы Зүлфия Сатыбалдымен бірге төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Балаларының барлығы жоғары білімді. 
Б.Ирисметов Қазақстан Республикасы Президентінің қала, облыс әкімдерінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін», медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен  марапатталған. Үш мәрте Түркістан қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланған. Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассам-блеясының белсенді мүшесі. 2024 жылы осы ұйымның «Бірлік» алтын медалімен, оның алдында осы ұйымның «Жомарт жан», «Алғыс» медальдарымен  марапатталған. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген кәсіпкер ретінде, 2002 және 2017 жылдары Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде тәжірибе жинаған Б.Ирисметов облыстық  өзбек этномәдени бірлестігінің тізгінін қолға алды. Біз жуырда Бахадыр Ирисметовпен бірлестікте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік.
– Бахадыр аға, белгілі кәсіпкер, белсенді қоғам қайраткері ретінде жерлестеріңіз өзіңізге сенім артып, ҚХА құрамындағы облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы етіп сайлады. Әр жылдары бұл мәртебелі ұйымды өзбек халқының танымал перзенттері Мұхаммедрасул Исаков, Собиржон Нұрметов, Икромжон Хашимжонов, Бадриддин Нишанқұлов  басқарды. Облыс орталығына айналғалы бері осы ұйымның Түркістан қаласынан сайланған тұңғыш төрағасы болып  тізгінді қолға алыпсыз. Өзіңіз тізгінін ұстаған  этномәдени бірлестіктің жұмысына тоқталсаңыз.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, тоқсаныншы жылдардың  тоқырауы басталған тұс еді. Сол кезде кәсіпке біржола ден қойып, Түркістанда тұңғыш рет  «Керуен сарай» атты дәмхана аштым. Қоғамдық тамақтандырудың, халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматын ұсынған біздің кәсібіміз жылдан-жылға өрлей берді. Біздің ұжым бастаған кәсіп  тоқыраған да, тоқтаған да жоқ, гүлдене түсті.  Әу бастағы шағын дәмханамыз үлкен кешенге айналды. 
1993 жылы Қазақстанның, Өзбекстанның, Түркияның мемлекет басшылары, сондай-ақ  Пәкстан премьер-министрі Түркістанға ресми сапармен келіп, біздің «Керуен сарай» дәмханамызға арнайы ат басын бұрып, дастарқанымыздың қадірлі қонағы болды. Бұл оқиға мен үшін ғана емес, қаламыз үшін де зор мәртебе, естен кетпес  тарихи сәт болып қалды. Еңбек  пен өмір баспалдақтарында ел дамуына көп еңбек сіңірген Әскер Әбдіханов, Еркін Жорабеков сынды ардақты ағалардың  шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Жазушы Ерназар Розматов пен журналист Шамырза Мадалиевтен кейін Түркістан қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігін басқарып, тәжірибе жинақтадым. Ұйымды он бес жылдай шамасында басқарыппыз. Әрине, қыруар жұмыстар атқарылды. 
Басты мақсат – көпұлтты еліміздің бірлігін нығайтып, жастарды елінің жанашыры, патриоты етіп тәрбиелеу, еліміздің бейбітшілікке, келісім мен дамуға бағытталған дана саясатын насихаттау. Облыстық деңгейде оннан астам ұйымдастыру шаралары өткізілді. 
– Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі кеңес мүшелерінің кеңейтілген отырысында облыстық «Жанубий Қазақстан» газетіне  жазылуды ұйымдастыру мәселесі көтеріліп, басылымға қолдау көрсетуді қолға алып жатыр екенсіздер...
– Рас, ресми басылым – «Жанубий Қазақстан» газеті өзбек тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мақсатында шығып жатыр және ол құрметке лайықты. Сондықтан газетке жазылуды ұйымшылдықпен жүргізу – біздің парызымыз. «Жанубий Қазақстан» әр отбасыдан табылса дейміз. «Жанубий Қазақстан» газетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдаулары жарияланып тұрады. Ал, біз Жолдауды талдап, оның мән-маңызына бойлап, отандастарымызға түсіндіреміз. Жолдаудың басты мақсаты – Қазақстан халқын жайлы тұрмыспен және бейбіт өмірмен қамтамасыз ету. 
Біздің облыста 400 мыңға жуық өзбек тұрады. Көпшілігі Сайрам ауданын мекен еткен. Түркістан қаласында  70 мың, Сауран ауданында 58 мың, Төлеби ауданында 23 мың өзбек бар. Өзбектер ең аз тұратын Созақ ауданының газетке жазылу белсенділігі баршаға үлгі. Қалалардағы, аудандардағы, ауылдардағы, мектептердегі бастауыш өзбек этномәдени бірлестіктері озық тәжірибелерді үйреніп, жүзеге асырса, «Жанубийдің» оқырмандары бұдан да көбейе түседі деп ойлаймын. Ресми басылымды қолдауымыз керек. Сонау 90-жылдардың тоқырауында ақпарат айдынына жаңа шыққан басылымды осылай қолдап, жабылып қалудан құтқарып қалғанбыз. Сол тұста кәсіпкер ретінде өзім де  ардагерлерге, аға буынға газет жаздыртып беріп, демеушілік еттім. «Жанубий Қазақ-станды» жалғыз мен емес, сол кезде көп кәсіпкер жігіттер болып қолдадық. Ол кезбен салыстырғанда қазір елдің жағдайы анағұрлым жақсарды емес пе?! 
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Алла бұйыртса, биыл  Қазақстан  халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Қазір осы  мерейлі мерекеге даярлық басталып кетті. Атап айтқанда, түрлі мәдени іс-шаралар, спорттық турнирлер, арнайы мерейтойлық жинақтар, мерейтой аясында кітаптар шығару қолға алынды. Негізі мәселе елдің бірлігі мен ынтымағын арттыру, ел іргесін бекемдеп, ұлтаралық  татулықты нығайтуға үлес қосу.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел бірлігі мен ынтымағы жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан 
Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз