Сен құрметте, оны!

Тәжік-ауған шекарасында орын алған қаралы оқиғаға биыл 30 жыл толып отыр. Кеудесін оққа тосқан қазақстандық жауынгерлер сол соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
КСРО тарағаннан кейін тәжік-ауған шекарасындағы қауіпсіздік мәселесі босаңсып, ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақты емін-еркін тасымалдай бастады. Ол уақытта тәжік-ауған шекарасының шамамен 200 шақырымдық учаскесін Хорог шекара отряды күзететін. Шекара бұзғандарға тосқауыл қою үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей армиясынан жасақталған бітімгер жауынгерлері аттандырылды. 1993 жылдың 15 сәуіріндегі ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» Қаулысына сәйкес 500 адамдық жеке атқыштар батальоны құрылды. Қазақстаннан аттанған жауынгерлер шекараны 8 жыл қорғады. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысып, қақтығыс аймағында 35 сарбазымыз қаза тапты.
1995 жылдың көктемінде Тәжікстан оппозициясының ірі қарулы тобы Пшихарв шатқалына жақын жерде жүргені анықталып, Тәжікстан Қарулы күштерінің бастамасымен бұл аймаққа жедел түрде шекаралық бекет тұрғызылады. Шекара шебін ол уақытта Қазақстаннан барған жетінші рота күзететін. 7 сәуір күні шатқал маңында жүрген шекарашылар мен қарулы топ арасында қақтығыс орын алады. Түс мезгілінде басталған ұрыс 5 сағатқа созылып, салдарынан 34 қазақстандық сарбаз жарақат алып, 17 жауынгер қаза тапты. Шабуылдың алғашқы минутында шекарашылар жағында едәуір адам шығыны болды. Алайда, аман қалған жауынгерлер бірден қарымта шабуыл ұйымдастыра білді. Батальон командирінің орынбасары жараланғанда, ротаға басшылық ету сержант Марат Ахметовке жүктелді. Бұларға көп кешікпей Қазбат командирі Юрий Лобачев жасағы көмекке келді. Бірнеше сағаттан кейін әуеден және құрлықтан Ресей армиясынан жасақталған топ көмекке келіп, нәтижесінде қарулы топ қашуға мәжбүр болды. Атыс аяқталғанда барлығы 100-ден астам адам мерт болып, 150-ге жуық жауынгердің жараланғаны анықталды.
Сол уақытта ҚР Шекара қызметінің штаб басшысы болған Александр Сәрсембековтің айтуынша, шекара қызметінің, ішкі әскер, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлерімен қатар соғысқа өз еркімен баруға ұсыныс білдірген жауынгерлер де аз болмапты. Оларға қызметі үшін төленетін жалақы мөлшері де жоғары болды. Үш ай қызмет еткен сарбазға елге келгеннен кейін 50 мың теңге көлемінде қаржы берілді.
Қазақ батальоны сапында қызмет етіп, 7 сәуір күнгі соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Қалмахан Бақбаев, Еркін Байғабылов, Бауыржан Далабаев, Имомаддин Жуматов, Дастан Нұрметов, Тахир Раимжанов, Еркебұлан Мақажанов, Радик Қаймулдиев, Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Ербол Бекебаев, Қанат Едырышов, Ержан Байбағысов, Ербол Исабаев, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Әлихан Өгізбаев сынды жауынгерлер жат жерде қаза болды. Қазіргі уақытта Пшихарв тау шатқалында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне ескерткіш тақта орнатылған. Оларды есте сақтау мақсатында орта мектептерге, саябақтар мен көшелерге есімдері берілді. Қазақстандық жауынгерлердің тәжік халқына деген баға жетпес көмегі үшін 2007 жылы Душанбе қаласында үлкен монумент орнатылды.
Бүгінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің әскери кафедрасында тәжік-ауған шекарасында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған запастағы полковник Берік Омаров, әскери кафедра бастығы, полковник Жақып Кенжебаев, запастағы подполковник Әбдіхан Үрістембеков қызмет етеді. Запастағы полковник Берік Ілесбекұлы тәжік-ауған шекарасында көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол туралы республикалық газеттерде кезінде көптеген мақалалар жарық көрді.
Қандай соғыс болмасын, оның адамзатқа тек қасірет алып келетіндігі белгілі. Тарихта қанды ізін қалдырған соғыстарда талай ердің тағдыры оққа байланды. Жат жерде соғысқан жауынгерлердің табытпен елге оралғандары да аз емес, Иә, олар енді қайтып келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің ең қасиетті парызымыз.
Шоқан ДИХАНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті әскери
кафедрасының оқытушысы, запастағы майор.