Ұлттық дәстүрмен үндес әскери дағдылар

 Елімізде мереке күндері түрлі ұлттық ойындар өткізу дәстүрге айналған. Оның ішінде күрес, көкпар, бәйге секілді ұлттық спорт түрлері де бар. Дәл осы ұлттық ойындар әскерилердің физикалық дайындығына ұқсайды. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз үшін бұл ойындар жауынгерлік өнердің бір бөлігі болған. Жас жігіттер ат құлағында ойнап, өзара белдесіп, түрлі сынақтардан өтеді. Жігіттер осы арқылы өздерінің күш-қуатын айқындайды.   

Бүгінгі әскерилер физикалық және рухани дайындыққа баса мән береді. Әскерилерге ең алдымен тәртіп, батылдық, шыдамдылық сынды қасиеттер қажет десек, оны дамытуда ұлттық дәстүрлер мен мерекелердің рөлі өте зор. Мысалы, ер жігіттердің күреске түсуі, мергендік жарыстары, әскери өнерді меңгеруге деген талпынысы ата-бабаларымыздың жауынгерлік мұрасының жалғасы іспетті.  
Түрлі мейрам, жиын-тойларда үлкендер жастарға батасын беріп, болашақтарына ақ жол тілеп жатады. Бұл дәстүр әскерилердің ант қабылдау рәсіміне ұқсас. Жас сарбаздар Отан алдында ант беріп, оны орындауға міндеттеме алады. Ант беру – үлкен жауапкершілік, ал, оны сақтау – әрбір жауынгердің парызы. Осы тұрғыдан келгенде, мереке кезіндегі мұндай іс-шаралар патриоттық сезімді нығайтады. Ардагерлермен кездесу, әскери шерулер, жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі сияқты іс-шаралар жас ұрпақтың патриоттық рухын оятады.  
Әсіресе, Наурыз мерекесі мен әскердің арасында тығыз байланыс бар екенін аңғаруға болады. Осы екі ұғымның өзара байланысы тарихи тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да терең мәнге ие. Екеуі де елдің бірлігі мен рухани құндылықтарын паш етіп, елге қорған болуға үндейді. Наурыз мерекесінің әскери рухпен байланысы туралы тарихи деректерде де аз жазылмаған. Сондықтан Наурыз мерекесін тек бейбіт өмірдің белгісі ғана емес, жауынгерлік рухтың жаңғыруы ретінде де қарастыруға болады.  
Бұл мерекеде өткізілетін ұлттық ойындар әскери дайындықтың бір бөлігі іспетті. Мысалы, «Аударыспақ» ойыны жауынгерлік шеберлікті шыңдаса, «Жамбы ату» мергендік дағдыларды дамытуға арналған. Ал, «Көкпар» ойыны тактикалық ойлау мен физикалық төзімділікті қажет етеді. Сондықтан осы ойындар арқылы көшпелі халық өздерінің әскери дайындығын пысықтап отырған.
Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері заман талабына сай дамып келеді. Ондағы әскерилердің физикалық және психологиялық шыдамдылығы үнемі жетілдіріліп отырады. Дегенмен, ұлттық рух пен ұлттық дәстүрлерді сақтау әскерилер үшін де маңызды. Бұл ретте ұлттық ойындардың орны ерекше.   
Тағы бір айтарым, Наурыз мерекесінің ең басты ерекшелігі – елді біріктіру. Әскерде де бірлік пен ынтымақ маңызды рөл атқарады. Бір-біріне сенім арту, бір мақсатқа ұмтылу – әскери өмірдің басты қағидалары. Мысалы, Наурыз мерекесі кезінде үлкендер жағы жастарға өмірлік ақыл-кеңес берсе, әскерде тәжірибелі сарбаздар жас жауынгерлерге әскери өнердің қыр-сырын үйретеді. Бұл дәстүрлер халықтың біртұтастығын сақтауға ықпал етеді. Айтпағым, біздің ұлттық ойындарымыз бен дәстүріміз заманауи әскердің тыныс-тіршілігімен үндес.  

Оспан АМАЛБЕКОВ,
 М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті 
әскери кафедрасының аға оқытушысы, 
запастағы подполковник.       

Пікір қалдырыңыз