Құм ішіндегі бөлімше

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Шардара» шекара бөлімінің «Қарақұдық» бөлімшесі Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекараны күзетеді. «Қарақұдық» ауылында орналасқан бөлімше бастапқыда Айдаубай құдығының, кейіннен «Таир» құдығының маңайына көшірілді. Алғашқыда шекарашылар жұмысын құм ішіне тігілген шатырда тұрып бастаса, көп ұзамай олардың қонысы ілеспелі вагондарға көшірілді. 

Қазіргі таңда аталмыш шекара бөлімшесі «Шардара» шекара бөліміне қарасты бөлімшелер арасында үздік саналады. Бөлімше құмды аймақта орналасқандықтан, қызмет атқаруға белгілі дәрежеде қиындықтар туғызуы мүмкін. Соған қарамастан шекарашылардың қырағылығы мен Отан қорғауға деген жігері бір сәт те бәсеңдеген емес. Бөлімшеде жеке құрамның дене дайындығын арттыруға айрықша көңіл бөлінген. Мұнда спорттық қалашық, футбол, волейбол алаңдары бар. Жеке құрамның қызметтен тыс уақытын тиімді пайдалану үшін психологиялық жеңілдету бөлмесі, ақпараттық-тәрбиелік жұмыс сыныбы көркем әдебиеттермен, домбыра және гитара секілді музыкалық аспаптармен жабдықталған. 
Жақында қаңтардың аязды күндерінің бірінде, кешкі сағат тоғыздар шамасында инженерлік қалқалау бағанасында сигналдық хабар беру жүйесі іске қосылды. Бөлімшеден шыққан шекарашылар тобы көзді ашып-жұмғанша шекара сызығының дәл түбінен бір-ақ шықты. Жан-жақты шолып шыққан олар құмға бет алған алған белгісіз жанның ізін анықтайды. Шекарадан сытылып өтуді ойлаған көрші елдің азаматы оңай шағылатын жаңғақ емес сияқты. Әбжілдігі сонша, ізіне түскендерді жаңылдыру үшін түрлі айла-тәсілдерді де қолданады.  
Шамамен үш шақырымдай алға жылжыған соң әлі шекара бұзушы сол маңдағы қалың жыңғылдың арасына кіріп жасырынады. Сол жерде алдын ала жолға дайындап келген тамағын талғажау етіп, біраз уақытын өткізеді. Міне, осы кезде шекарашылар «шақырылмаған қонақтың» дәл үстінен түседі.  Кейін анықталғандай, көрші елдің азаматы Қазақстанға едәуір мөлшерде есірткі алып өтпек болыпты.
– «Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, – дейді бөлімше бастығы, капитан Ернар Қажықан. – Шекарашылар мұнда адамдардың өзге елден рұқсатсыз өтпеуін қадағалайды. Олар шекараны күні-түні көз ілместен күзетеді. Күннің батуы шекарада жұмыс күнінің бітуін білдірмейді, керісінше, төңіректі барлау жұмыстары күшейе түседі. Себебі, кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Сондықтан шекарашылардың бес қаруы қашанда сай болуы қажет. Шекарашы сақ болса, елдің ұйқысы тыныш деген сөз. Бізде уақыт санаулы. Бұл жерде «істей алмаймын», «қаламаймын» деген сөздер айтылмайды. «Тәртіпке бағынған кұл болмайды» демекші, бұйрық талқыланбайды, тек мүлтіксіз орындалады. Осы талапқа шыдағандар ғана шекарашы болады».
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетіміздің іргесі мығым болуы үшін елдің шетінде, желдің өтінде қызмет етіп жүрген шекарашыларға қырағылық тілейміз!
Пікір қалдырыңыз