Еліміздегі сұранысқа ие мамандықтар

Елімізде таяуда және болашақтағы онжылдықта еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар экономиканың даму қарқынына, урбандануға және жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты анықталады. Сонымен қатар, мамандықтар бойынша студенттердің үлесі мен қайта даярлау бағдарламаларының тиімділігі еңбек нарығындағы өзгерістерге айтарлықтай әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, мамандықтар бойынша білім алушылардың (студенттердің) төмендегідей үлесі бар:
Бұл мәліметтер Қазақстандағы болашақ еңбек нарығының басым бағыттарын көрсетіп қана қоймай, қандай салаларға жастардың қызығушылығы жоғары екенін аңғартады. Атап айтқанда, педагогика, инженерия және ақпараттық технологиялар салалары жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) сарапшылары кадрлар қажеттілігінің 2024-2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжамын жасады. Зерттеу аясында таяу жылдары сұранысқа ие мамандықтардың ТОП-25 бағыты анықталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. 
Сарапшылардың пікірінше, ең қажет мамандықтар тізіміне  есепшілер, күзетшілер мен инкассаторлар, жүргізушілер, мұғалімдер, орта медициналық қызметкерлер және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілер енді.
ЕРДО сарапшылары оптимистік сценарий бойынша 7 жыл ішінде кадрларға жалпы сұраныс 2,2 миллион адамды құрайтынын, ал, пессимистік көзқарас бойынша 2 есеге аз, яғни 1,2 миллион адамды құрайтынын атап өтті. Ал, мегаполистерде урбанизация және халықтың шоғырлануы одан әрі жалғасады. Осыған байланысты жалдамалы жұмыскерлерге деген сұраныс Астана мен Алматы және Шымкент қалаларында арта түседі деп күтілуде. Болжам бойынша, 7 жыл ішінде 3 мегаполистің жаңа жұмыс күшіне қажеттілігі 295-тен 574 мың адамға дейін, яғни түрлі болжамдарға сәйкес жалпы республикалық көрсеткіштің 25-26%-ын құрайды деген көзқарас бар. Орталық, шығыс және солтүстік облыстарда жұмыс күшіне ең аз сұраныс қалыптасады деген болжам тағы бар. 
Қазақстанның еңбек нарығы соңғы жылдары қарқынды дамып, түрлі салалардағы мамандарға сұраныстың өзгеруі байқалуда. Осы орайда, сұранысқа ие мамандықтар туралы нақты ақпарат алу үшін біз еліміздегі танымал жұмыс іздеу сайты «HeadHunter Kazakhstan» кадрлық агенттігінің сарапшысы Әлия Сейітовамен  сұхбаттастық.
– Қазақстанда қазіргі таңда техникалық және IT мамандықтары өте үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, бағдарламашылар, IT-инженерлер, мәліметтерді талдаушылар сынды мамандарға көптеген компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл елдің цифрлық трансформациясымен және технологиялық салалардың қарқынды дамуымен байланысты. Сондай-ақ, құрылыс инженерлері, дәнекерлеушілер мен құрылысшылар да үлкен сұраныста, – дейді Әлия ханым.Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, есепшілер мен сатушылар да үлкен сұранысқа ие екенін байқаймыз. Мұның сырын Әлия Сейітова былай түсіндіреді: «Иә, есепшілер мен дүкен сатушылары да еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандық. Есепшілер Қазақстандағы кез келген бизнес саласында маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың білімі мен тәжірибесі бағаланады. Ал, дүкен сатушылары сауда саласының кеңеюіне байланысты жиі қажет болады. Сауда орталықтары мен супермаркеттердің көбеюі бұл мамандыққа деген  сұранысты арттырып отыр».
Сұхбаттасымыз Әлия Сейітовамен әңгіме барысында  такси жүргізушілері мен көлік жүргізушілеріне де еңбек нарығында сұраныс барын аңғардық. «Такси қызметі әсіресе ірі қалаларда кеңейіп жатыр. Бұл салада жұмыс орындарының саны көбеюде, сондықтан такси жүргізушілері мен жүк көлігі жүргізушілерін де сұранысқа ие мамандықтардың қатарына жатқызуға болады. Тасымалдау мен логистика саласы қарқынды дамып жатқандықтан, көлік жүргізушілеріне деген сұраныс жоғары» 
дейді ол. 
 Қазақстан – соңғы жылдары экономикалық тұрғыда қарқынды дамушы елдердің бірі. Оның дәлелі еліміз өткен жылы 297 млрд. доллар қарқынмен әлемнің үздік экономикаларының қатарына енді. «Жаңа Қазақстан» идеологиясы аясында дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетімізде алдағы уақытта техникалық мамандарға сұраныс артатыны белгілі. Себебі, цифрлық даму бойынша Қазақстан әлемнің ең үздік 20 елінің қатарына енеді. IT және маркетинг-жарнама саласының мамандарына да сұраныс жоғары болады. Сондықтан да болашақ жастар техникалық мамандықтарға бет бұрғаны жөн.  Жаһандану заманында әлем қарыштап дамып жатқанда, еліміздің жастары да бұл көштен қалмауы тиіс.
Елімізде мамандықтар мен салалардың саны артқанына қарамастан NEET санатындағы жастар саны әлі де өзекті мәселе болып отыр. 2023 жылы бұл топтың үлесі шамамен 6,7%-ды құрады, яғни 290-320 мың адам. NEET жастарының негізгі проблемалары ретінде тұрақты жұмыстың, кәсіби тәжірибенің және дағдылардың жетіспеушілігі анықталды. Сонымен қатар, олардың 58,3%-ы жұмыс іздемейді, ал, іздегендердің көпшілігі төмен жалақы мен жұмысқа орналасу қиындығына тап болады.
Мемлекет бұл мәселені шешу үшін  2023–2027 жылдарға арналған жастар саясаты тұжырымдамасын қабылдады. Бағдарлама NEET үлесін 3,5%-ға дейін төмендетуді көздейді. Оған жастарды жұмысқа орналастыру, кәсіби қайта даярлау, білім беру және жеңілдетілген несие беру шаралары кіреді. Алайда, бағдарламаның тиімділігіне қатысты мәселелер туындап отыр. Мәселен, жастарға арналған мемлекеттік жобалардың жүзеге асуын бақылау және оның нәтижелілігін бағалау мәселелері толық шешілмеген.
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы 21 қарашада NEET санатындағы жастардың үлесі туралы мәліметтерді жариялады. Статистикаға сәйкес биылғы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша олардың үлесі 6,4%-ға дейін төмендеген, яғни 345,5 мың адамды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 7,1%-ға (381,7 мың адам) тең болды. Ең көп көрсеткіш тіркелген қала мен облыстарға келсек: Алматы қаласы (42,5 мың адам), Түркістан облысы (34,6 мың адам),  Астана қаласы (26,4 мың адам). Ал, NEET жастар саны бойынша ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді, мұнда небәрі 5,4 мың адам ғана тіркелген екен.

Облыста NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту барысы қалай?

Түркістан облысы NEET санатындағы жастар саны бойынша елімізде екінші орында тұр. Бұл мәселе аймақтағы жұмыссыздық жағдайының өзектілігін көрсетеді және жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуді  талап етеді. Облы-сымызда қандай мамандыққа сұраныс барын және өңірде NEET санатына жататын жастардың жұмысқа орналасу деңгейін білмекке талпындық.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, облыс бойынша еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесі негізінде 2022–2026 жылдарға арналған еңбек нарығының қажеттілігіне болжам жасалды. Бұл зерттеу нәтижесінде 18 399 адамдық кадр тапшылығы анықталған. Ол былайша өрбиді: 2022 жылы – 3 787 адам; 2023 жылы – 3 637 адам; 2024 жылы – 3 490 адам; 2025 жылы – 3 566 адам; 2026 жылы – 3 919 адам. 
Кадр тапшылығы ең көп байқалатын салалар қатарында автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану саласы тізімінің басында тұр. Бұл салада 2 516 маман жетіспейді (13,7%). Одан кейін 1 767 тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру (9,6%), 1 704 білім саласында (9,3%), 1 682 дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша) (9,1%), 985 электр жабдықтары (түрлері және салалары бойынша) (5,4%), 954 ауыл шаруашылығын механикаландыру (5,2%) салаларында маман тапшылығы байқалды. Мамандарды даярлау мақсатында 2024 жылы «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында кәсіптік оқытуға 
1 595 адамды тарту жоспарланған. Оның 1 315-і білім беру ұйымдарында, ал, 280-і жұмыс берушілердің базасында оқытылатын болады. Бұл жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету үшін аудандық және қалалық мансап орталықтары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен және жұмыс беруші мекемелермен тығыз байланыс орнатып, кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар атқаруда.
Біз NEET санатындағы жастардың санын азайту бағытында қандай шаралар қолға алынып жатқанын білу мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасына хабарласқан едік. Басқарманың мәлімдеуінше, 2023 жылдың басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысы бойынша «Отбасылық цифрлық карта» базасында 14 пен 35 жас аралығындағы 56 902 NEET санатындағы жастың тізімін ұсынған. Осы тізім негізінде, 2023 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында тұрғылықты мекенжайлары бойынша адрестік жұмыстар жүргізіліп, NEET санатындағы жастардың әлеуметтік портреті анықталды. Жастардың әлеуметтік санаты толықтай «Отбасылық цифрлық базаға» енгізілді.
Жастардың жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында биыл 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 41 509 жасты тарту жоспары бекітілді, бүгінгі таңда олардың 36 869-ы жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау үшін облыстық жастар ресурстық орталығы арқылы 276 282 жасқа кеңес берілді. Жас кәсіпкерлер мен NEET санатындағы жастар арасында «BEST STARTUP» үздік жобалар байқауы өткізіліп, 134 өтінімнің ішінен 20 жоба үздік атанып, қаржыландырылды.«Кәсіптік бағдар беру» жобасы аясында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында «Кәсібім менің жемісім» тақырыбында ірі кәсіпорындарға экскурсиялар мен семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға 1 300-ге жуық жас қатысты.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 25 наурызы мен 25 сәуірі аралығында жастардың осал топтарын қолдауға бағытталған «Zhas project» шағын гранттар жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 502 өтінім қабылданып, 20 жас жеңімпаз атанды.
Облысымызда NEET санатындағы жастардың санын азайту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, гранттық жобаларды іске асыру, кәсіби бағдар беру және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Назерке ТӘЖІБАЙ, 
ХҚТУ-дің журналистика бөлімінің 4-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз