Зертастың зерделісі
Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
Төлеби ауданы, Зертас ауылының тұрғыны Махамбетәлі Бекқожаевтың бал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 42 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ол бал арасын өсірудің қыры мен сырын әбден меңгерген. 1982 жылы омарташылар даярлайтын үш айлық курсты бітірген ол республикалық «Бал-Ара» омарташылар одағына мүше болып қабылданған. Жалпы, одақтың алға қойған басты мақсаты – елімізде бал өндіріп жатқан омарташылардың қызметтерін қадағалап, оларға мүмкіндігінше көмек көрсетіп отыру. Сондай-ақ, омарташылық саласында жаңа технологияларды енгізу мақсатында отандық және шетелдердегі ғылыми-зерттеу мекемелерімен өзара тәжірибе алмастыруды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы дақылдарының өсімін тозаңдандыру тәрізді іс-шараларды мерзімінде жүзеге асыруға қолғабыс жасау.
– Өкініштісі сол, соңғы жылдары ауыл адамдары жоңышқа көлемін тым азайтып жіберді. Жоңышқа жаппай гүлдегенде бал аралары тынымсыз жұмыс істеуші еді. Қазір бұл өсімдік тым аз. Оның үстіне сол аз жоңышқаны ора салып жинап әкетеді. Бұрын дала шөптері де жайқалып тұрушы еді. Ара қонатын, шырынын соратын гүлдер де жеткілікті болатын. Бүгінде құрғақшылықтан ба, жайылымның азайып кеткендігінен бе, бұрынғыдай өсімдіктер де жоқ. Бал арасы санының жылдан жылға азаюы гүлді өсімдіктің тозаңдануына кері әсерін тигізуде. Оның үстіне, гүл іздеп алысқа ұшып шыққан аралардың кері қайтып, омартасына жете алмай өліп қалатын сәттері де орын алады. Өсімдіктер дүниесінің азайып бара жатуы әлем ғалымдарын да алаңдатып отыр. Мәселен, бал арасы санының азаюы салдарынан АҚШ жыл сайын 10-14 миллиард доллар көлемінде таза табысынан айырылады екен. Атақты физик Альберт Эйнштейннің «егер бал арасы құритын болса, онда төрт-бес жылдан кейін адамзат баласы да жойылады» дейтіні бар ғой. Сондықтан еліміз бұған ерекше назар аударуы тиіс. Бұл үшін экологияны сауықтыруымыз керек, – дейді бүгінде жасы сексенге тақаған омарташы.
Махамбетәлі көкеміздің ара шаруашылығына келуінде де бір сыр бар. Ол 7-сыныпта оқып жүргенде достары ойнап бензин толы шелекті бұған қарата лақтырып жібереді. Лап ете қалған оттан ол әупірімдеп зорға аман қалады. Сол кезде анасы оның күйген жерін балмен сылап, шайына да бал қосып беріп отырған екен. Содан кейін оның араға деген, балға деген ықыласы артады. Ара шаруашылығы жөнінде білімін жетілдіре түседі. Жас кезінде омартасын Сырдария, Шардара жағалауына дейін апаратын ол бүгінде ауылдан ұзап шыға алмайды. Бұған жердің барлығы тозып, шаңы шығып жатуы мен жекешелендіріліп кетуі де себеп көрінеді.
– Біздің кезімізде омарташылар даярлайтын жоғары оқу орындары болған жоқ. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Саратовка мен Катонқарағай колледждерінде омарташылар даярлайтын арнайы бөлімдер бар. Дегенмен, қазақ жастары бұл кәсіпті қолай көрмейді. Әлі есімде, сол 1984 жыл болуы керек, жолда келе жатқанымда көлігімді жол сақшылары тоқтатты. Олар менің омарташы екенімді көріп «япырай, қазақ та ара өсіреді екен ғой» деп таң қалысты. Шындығында, қазақ тек қой өсіруі керек сияқты көрінеді өзгелерге. Бірақ, баға білсе, ара да пайда көзі. Біз арадан еңбекқорлықты, шыдамдылықты үйренеміз. Ресейдің Рязань облысы Рыбный қаласында жүзжылдық тарихы бар «Омарташылар академиясы» бар. Осы академияның тәжірибесін біз де кеңірек үйренуіміз керек, – деп сабақтастырды сөзін қарт омарташы Махамбет-әлі Бекқожаев.
Қазір оның жұмысын інісі Ахметәлі Бекқожаев пен баласы жалғастырып келеді екен. Екеуінің де арнайы білімі жоқ. Махамбетәлінің жанында жүріп өздігінен үйренген. Бүгінде отбасылық ара өсірушілердің 120 ұясы бар. «Ұя» деп бір топтағы араларды айтады. Олар жыл сайын Бекқожаевтарға бірнеше тонна бал береді. Дегенмен, Махамбетәлі аға балды арнайы сатып алатын адамдар болмағандықтан өздері сататынын да жасырмай айтып қалды.
Махамбетәлінің әкесі Темірәлі Бекқожаев өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Жаңакүш» ұжымшарын ұйымдастырып, 15 жыл басқарған екен. Оған еңбекқорлық әкесінен ауысқан көрінеді. Мектеп бітірген соң теміржолшылар даярлайтын оқу орнын бітіргенімен, денсаулығына байланысты бұл кәсіпті жалғастыра алмаған Махамбетәлі ара шаруашылығына келгеніне еш өкінбейді. Өйткені, ол балдың емдік қасиетін жақсы біледі.
– Жас болса сексенге тақады. Осы кәсібімді балама табыстап кетсем бе деймін. Жеті немерем бар. Барлығы да бізбен бірге аралармен араласып жүреді. Олар аралардан қалай қорғануды біледі. Ара иіске аса сезімтал. Сарымсақ пен пиязды ұнатпайды, – деп жалғады қарт омарташы әңгімесін.
Қарт омарташымен қимай қоштастық. Біздің ойымызға «Зертас зерделісі» деген сөз түсті. Расында да, Зертастағы Махамбетәлі қарт зейінді де зерделі, зерек әлі...
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Төлеби ауданы.