«Бала газетпен емес, гаджетпен көбірек дос болып тұр»
Айнұр Әлшері – Отырар ауданы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте 26 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз. Ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Биылғы оқу жылы Айнұр ұстаз үшін ерекше оқиғалармен басталды. Ұстаздар күні қарсаңында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін оның кеудесіне облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзі тағып, көп алдында мерейін асырды. Биыл ғана педагог-шебер санатын қайта қорғап, абыройлы болған Айнұрды соңғы кезде көп жылғы еңбегі еленіп, марапаттардың өзі іздеп келіп жатқаны қуантады. Еңбектің еленгені ұстазды шабыттандырады, әрине.
Айнұр ұстаз 2018 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Жақсылар, дастан айтайын...» сайысының бас жүлдесін жеңіп алған еді. Азырақ шегініс жасасақ.
– 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Жақсылар, дастан айтайын...» сайысында бас жүлдеге ие болуым – менің шығармашылық жолымдағы бір белес болды. Бұл белесті бағындыру да оңай болған жоқ. Әуелі ұлым әрі шәкіртім Олжас екеуміз 2017 жылғы сайысқа қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленген болатынбыз. 2018 жылы сайыс шарты бойынша «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту керек болды. «Алпамыс» көлемді жыр, екі ай уақыт тынбай еңбектендік. Ұлым үйдің үлкені ғой, үлкенге қарап кішілері бой түзейді, ой түзейді екен. Бір қызығы, кейінгі перзенттерім де жырды түгел жаттап алды. Осылайша, 2018 жылы сайысқа екі оқушы қатыстырып, бас жүлде мен екінші орынды қанжығаладық. Балаларды дайындау барысында, түрлі әдебиеттерді оқып, көнерген сөздерін зерделеп, өзімнің шығармашылығымды дамытып, біршама өстім. Сонымен қатар, ерекше стиль қалыптастыруға тырысып, халықтық дәстүрлерді үйлестіре отырып, қазақтың қара домбырасымен шықтық. Нәтижесінде, бас жүлдені алдық. Қуандым. Бұл жетістік мені одан әрі шабыттандырып, шығармашылығымды жалғастыруға ынталандырды, – дейді Айнұр Әкімханқызы.
Біз өз кезегінде әдебиет пәні мұғалімімен қазіргі кезде мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту төңірегінде пікірлестік. Айнұрдың айтуынша, мектептердегі оқу бағдарламасында өзгерістер бар, мектепте ҰБТ-ға енетін және басқа пәндерге көп көңіл бөлінеді. Соның салдарынан оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін екендігін айтып қалды. Иә, қазіргі таңда мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда мәселе жоқ емес. Олқылықтар оқулықтарда да, бағдарламада да кездеседі. Оқулықтардың сапасы да көңіл көншітпей отырғаны баршамызға аян. Ұстаздың пікіріне сенсек, кейбір оқулықтардың тілі күрделі немесе оқушыларды қызықтыра алмайды. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын төмендететіні шындық.
«Әдебиеттің тәрбиелік, рухани-танымдық маңызын түсіну мен бағалауда кейбір қиындықтар бар. Оқушылар әдебиетті тек ақпарат алу үшін емес, оның көркемдік мәнін, тереңдігін түсіну үшін оқу керек. Бұл мәселелерді шешу үшін мектептерде қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше назар аудару, оқулықтарды жаңарту, мұғалімдерді даярлау және оқушыларды әдебиетке қызықтыру бойынша түрлі шаралар қабылдау қажет» дейді ұстаз.
Мектептерде, әсіресе, жоғары сыныпта ҰБТ тапсырылатын пәндерге басымдық беріледі. Қазақ әдебиеті пәнінің ҰБТ-ға енгізілмеуі оны мектеп бағдарламасында екінші сұрыптағы пәндердің қатарына қосады. Бұл жөнінде кезінде филолог-ғалым, профессор Ж.Камалқызы да түрлі мінберлерден мәселе көтеріп, шырылдап жүргені есте.
«Қазіргі барлық оқыту бағдарламаларында әдебиетті, қазақ әдебиетін «өлтіруге» бағытталған әрекеттер жүріп жатыр. Ол дегеніңіз – ұлтты өлтіру. Осының әсерінен мектепте де, басқа оқу орындарында да әдебиетті оқымайтын, түсінбейтін, болмысы өзгеше жастар өсіп жетілді. Оқыту технологиясы деген желеумен ұлттық оқыту жүйесін теріс жолға оп-оңай түсіріп жіберді. Қазір оқытудың жаңа әдістерінің сыртқы формасын пайдаланып, әдебиеттің ішкі асылына бармайтын сабақ емес, қызылды-жасылды шоу жүріп жатыр. Бұл – ұрпағымыздың өсіп жетілуіне орасан зиян келтіруде» деген болатын профессор.
Біз білікті, тәжірибелі ұстаз Айнұр Әкімханқызымен әңгіме барысында оның профессормен пікір сабақтастығын аңғарғандаймыз.
– Мектептерде әдебиет пәніне баса назар аударылмай қалуында көп мәселе бар. Бұл – әрине, көркем әдебиетті оқытудың маңыздылығын төмендетеді. Егер балалар әдебиетті мектепте оқымаса, олардың шығармашылық ойлау қабілеті, тіл байлығы мен мәдениетке деген қызығушылығы да төмендейді. Көркем әдебиет балалардың дүниетанымын кеңейтеді, эмоциялық интеллектін дамытады және моральдық құндылықтарды қалыптастырады. Сондықтан мектеп жасынан бастап әдебиетті оқыту өте маңызды. Егер балалар кітап оқымаса, олар ақпаратты тек беттік деңгейде қабылдайды, терең түсінуге және сыни ойлауға қабілетсіз болады.
Қазіргі таңда балалардың кітап оқу әдеті әртүрлі факторларға байланысты. Цифрлық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілер мен ойындардың көптігі балалардың кітапқа деген қызығушылығын азайтуы мүмкін. Алайда, бұл мәселені шешу үшін ата-аналар мен мұғалімдер бірлесе отырып, балаларды кітап оқуға тарту жолдарын іздеуі керек. Егер біз балаларымызды кітап оқуға ынталандырмасақ, болашақта олар мәдениеттен, тілден және шығармашылықтан алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан көркем әдебиеттің рөлін арттыру – бүгінгі күннің талабы, – дейді Айнұр ұстаз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай жиынында жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек деп бастама көтерген болатын. Ал, кезінде «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асырудың бір тармағы ретінде «Оқитын ұлт» бағдарламасы қолған алынған-ды. Бұл елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастама болды. Бағдарлама аясында мектептерде, кітапханаларда және мәдени орталықтарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып та жүр. Жергілікті жерлерде кітап оқу акциялары, әдеби кештер, кітап жәрмеңкелері мен конкурстар өткізіліп, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте кітапханалар жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Ал, мектептерде ше? «Сонымен қатар, мектептерде әдебиет пәнінің маңыздылығын арттыру, оқушыларды белсенді түрде кітап оқуға ынталандыру шаралары қолға алынуда. Алайда, «Оқитын ұлт» жобасының тиімділігін арттыру үшін ата-аналардың, мұғалімдердің және жалпы қоғамның белсенділігі де маңызды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға әрбір азамат үлес қосуы қажет. Әрине, бұл бағдарлама тек жоспарлы, міндетті дүние болып қалмай, жүрекпен, ынтамен жасалып, кең көлемде жүзеге асырылып, тұрақты түрде қолдау тапса, елімізде кітап оқитын ұрпақ қалыптасуына ықпал етеді» дейді Айнұр Әкімханқызы.
– Ұстаз ретінде мені бірнеше мәселе мазалайды: біріншіден, оқушылардың мотивациясын, білімге ынта-ықыласын көтеру керек. Жасырмаймын, көптеген оқушылар кітап оқуға және білім алуға ынтасыз. Олардың қызығушылығын қалай арттыруға болады деген сауал күндіз-түні ойымда жүреді.
Екіншіден, заманауи ақпараттық технологиялар мен гаджеттердің балалардың оқу үдерісіне әсер етуі мені мазалайды. Технологияларды қалай тиімді пайдаланып, білімді толыққанды қалай жетілдіру керек деген ой маза бермейді. Бала кітапты қолға алып оқығаннан смартфоннан қарағанды ұнатады. Бала газеттен гөрі, гаджетпен көбірек дос болып тұр (Қаласақ та, қаламасақ та бұл – ақиқат). Бірақ, солай екен деп, кері шегіне алмаймыз ғой. Жаңа технологияның да тиімді тұсын пайдаланып, баланы білімге құлшындыруымыз керек. Оңтайлы жолын табуымыз керек деген ұстанымдамын, – дейді Айнұр Әлшері бізбен әңгімесінде.
Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».