Баланың көкірек көзін ашып, көңіл сарайын тани білген
Арғын Бастами – Түркістандағы «Білім-инновация» ер-балаларға арналған лицейінің география пәнінің мұғалімі. Оның оқушылары республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып, алтын, күміс, медальға ие болып жүр. Биыл тағы бір шәкірті әлемнің 42 елінен шақырту алып, үздік атанды.
Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университетті бітірген Арғын Ержанұлының педагогика саласында еңбек етіп келе жатқанына он жылға жуықтапты. Біз үнемі үздіктер түлетіп ұшыратын арнайы мектепке келіп, бала жанының ұстасы атанған ұстазбен тілдескен едік.
– Қателеспесем, әлемнің 42 елінен шақырту алған үздік оқушы сіздің шәкіртіңіз ғой? Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер?
– Мен бұған дейін де мықты оқушыларды даярлаған едім. 2017 жылы Астанадан Шымкенттегі №1 «Білім-инновация» ер-балаларға арналған лицей-интернатына ауысып келдім. Мектептегі Тегістай Медет, Имамай Ерзат деген оқушыларым республикалық олимпиадаларда алтын медаль, халықаралық додаға қатысып, қола медаль иеленген. 2022 жылы бітірген оқушым Мирас Сейілхановқа әлемнің 35 елінің жетекші университеттері грант ұсынған болатын. Бүгінде ол Нью-Йоркте оқып жатыр. Мен сол жылы күзде ротациялық әдіспен осы мектепке ауысып келдім. Бірден бітіруші сыныпқа жетекші етіп бекітті. Сыныптағы Ислам Абдурахманов деген оқушы Мирастың жетістігін естіп жүреді екен. «Ағай, мен одан да асып түсуге тырысамын, маған көмектесіңіз» деді. Сабақты жақсы оқиды, 8-9-сыныптарда информатикадан, робототехникадан облыстық олимпиадаларға қатысқан. Өте белсенді оқушы. Мектептің президенті болып сайланды, спорт клубтарын ашып, бірнеше еріктілер клубының жұмысын қатар алып жүрді. Шет тілдерін үйреніп, өзін жан-жақты дамытты. Сонымен мектепті бітірер кезде портфолиосы мейлінше қалыңдады: мектеп президенті, шахматтан чемпион, бірнеше еріктілер қозғалысында нәтижелі жұмыстарын растайтын сертификаттары қатталды, SAT-тан (шетелдік ЖОО-ға түсу үшін емтихан) жоғары балл алды, ILTS нәтижесі – 7,5 балл болды. Жалпы, сол жылы 26 оқушының 11-і ILTS -тен 7-7,5 балл алған. Бұл өте жақсы нәтиже (Кейде біз, ұстаздар 7,5 балл ала алмаймыз). Сосын ұсынымхаттарын сауатты, талапқа сай жаздық. Ұсынымхатта оқушының тұлға ретінде бет-бейнесін ашуға тырыстық. Жалпы, шетелдік университеттер баланың біздегідей тест нәтижесіне емес, тұлғалық даму деңгейіне, белсенділігіне көбірек мән береді. Нәтижеде оқушыма әлемнің 42 университетінен шақырту хаттары келіп жатты. Ислам өзі бизнес жолын таңдады, бүгінде АҚШ-тың Техас штатында НАО университетінде «Бизнес және ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алуда.
– Демек, тәжірибеңіз Шымкентегі БИЛ-де қалыптасқан екен ғой?
– Иә, Шымкенттегі жұмысым өте жемісті болды. Осы мектепте 5 жыл жұмыс істегенде 16 оқушым республикалық пән олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінді.
Астанадан Шымкентке ауысып келуімнің өзі қызық. Шымкентке жолдама бергенде, ол жөнінде ата- анама хабарлауға асықпадым. Орналасып болып, үш ай өткесін барып айттым. Еңбекқор, мейірімді, жылы жүзді шымкенттіктермен тонның ішкі бауындай етене болып кеттім. Шымкенттегі бес жылым – бес белес, нәтижелі кезең. Ол жақтағы оқушыларым бүгінде Астанадағы Назарбаев университетінде, Нәрікбаев, Еуразия, Қарағанды университеттері сияқты беделді ЖОО-ларда оқып жүр. Олар Қарағандыда тұратын ата-анама жиі қонаққа барады. Анам: «Апыр-ай, мына балалардың тәрбиелісін-ай, неткен көргенді еді» деп тамсанып отырады. «Шымкенттің ұлдары ғой, сіздер жақтырмаған» деймін күліп. Солай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, мектепке таңғы 7.00-де келіп, кешкі 21.00-де қайтатынмын. Шәкірттердің оқуға ынтасын арттыру мақсатында тынбай еңбектенуге тура келеді. Қазір де осы тәртіппен істеймін.
– Негізі, НЗМ, БИЛ, т.б. интеллектуал мектептеріне сайдың тасындай іріктелген балалар келмейді ме? Жалпы мектептерге қарағанда мұндағы балалармен жұмыс істеу қызығырақ шығар?
– Иә, сырттай қарағанда солай көрінеді. Солай ойлайды көбі. Бірақ, өзіндік мәселелер де бар. Арнайы мектепке олар білім беру орталықтарынан келіп түседі. Олардың миссиясы – баланың қалайда жоғары балл алуы, мектепке түсіру. Түсу емтиханы – математика мен ағылшын тілін «қуып, індетіп» оқытады. Басқа пәндер тасада қалып қояды. Ал, біз тек осы 2 пәнмен шектелмейміз ғой. Содан оқушылар келген жылы бірнеше пәннен «үштік» алып жатады. Біраз уақыт соны түзетуге кетеді. Біздің мектептің оқу бағдарламасының жалпы білім беретін мектептерден айырмасы жоқ, оқулықтарында ғана аздаған айырмашылық бар. Мектепте, сапалы білім беру жолға қойылған, талап күшті. Түлектеріміздің 30 пайызы шетелдік университеттерге, қалғандары еліміздің жетекші ЖОО-ларына түсіп жатады. Қазіргі баланы дәріске ынталандыру оңай емес. Баланың зейінін аша білу – үлкен өнер. Оны нағыз педагог қана оны ашады. Бірімен шай үстінде сырлассаң, бірін киноға алып барасың, бірімен доп ойнайсың, табиғат аясына шығып көңілін аулайсың дегендей. Баламен жұмыс істеуде сынып жетекшіліктің де рөлі зор. Тек сабақ беру – ұстаздық емес, сабағыңды өтесің – кетесің. Баламен қарым-қатынас жоқ. Мұнда махаббат та жоқ, ғибрат та жоқ. Сынып жетекшілік – ғибратты іс. Сыныбыңдағы 24 баланың жүрегіне жол табамын деп 24 сағат соларды ойлап жүресің. Үнемі «қай жерден қателестім, қандай қадамға баруым керек?» деп бас қатырасың. Менің жетекшілігімдегі үш сынып оқушылары мектеппен қоштасты. Оқуды бітірген түлектермен де күнде-күнара сөйлесіп тұрамыз. «Ағай, осындай мәселе болып тұр, қайтсем болады?» деп бір қиырдан хабарласып, кеңес сұрайды. Каникулдарында бас қосып, шай ішіп шүйіркелесеміз. Шәкірттерім бауырымдай, перзентімдей болып кетті.
– Отбасыңызда педагогтер бар ма?
– Отбасында жалғыз ұлмын. Әкем – механизатор, анам – педагог. Отбасыда 11 ұлды-қызды болсақ, соның 7-еуі педагогика саласында жұмыс істейді. Анам 25 жылдан астам өтілі бар педагог, колледжде оқу ісінің меңгерушісі. Ұстаздық нағашыларымнан секілді...
– Облыс әкімінің «темір тұлпар» сыйлағаны қалай әсер етті? Шынында, жақсы мотивация емес пе?
– Иә, ол бір қызық болды. Алдын 2 рет басқарманың, әкімнің Алғыс хатымен марапатталғанмын. Орта білім саласында ең үлкен марапат – «Ы.Алтынсарин» медалі ғой. Нәтижелерім жаман емес қой деп, (21 оқушым республикалық пән олимпиадасынан алтын, күміс медаль алды, халықаралық жүлде алғандары да бар) өзімді лайықты санап жүргенмін. Бірақ, ылғи Мақтау қағазымен қайтамын. Еңбек өтілің жетпейді дейді. Расында, бұған 20-25 жыл өтілі бар, тәжірибелі, білімді шәкірт даярлап жүрген ұстаздар лайықты. Бірақ, жырақта жүргендіктен ата-анам: «Не бітіріп жүрсің, елге қайт, сондай мектеп мұнда да тұр» деуден танбайды. Жақсы жұмыс істеп жүргенімді, Алғыс хаттар алып, еңбегім еленіп жатқанын алға тартып, мен де қайтпаймын. Осы жолы «шіркін, «Алтынсарин» медалін алсам ғой, анашым мәз болар еді-ау» деп ойлаймын іштей. Бір кезде марапаттау басталды. Қасымдағылардың барлығы «Алтынсарин» төсбелгісін жалт-жұлт еткізіп кеуделеріне тағып, жарқ-жұрқ суретке түсіп жатыр. Мен тұрмын елеусіздеу. «Сізге бір тосынсый бар, кетпеңіз» дейді ұйымдастырушылар. Іштей: «Ақыры министрлікке ұсынған екен ғой, өтілі жетпесе де көрсеткіштері жоғары деп берген екен ғой» деп ойладым. Бір кезде «темір тұлпар!» деп екпіндетті. Бұл сөздің автокөліктің қазақы баламасы екені ойыма келмеді алғашында. «Темір тұлпар» деген қандай медаль еді» деп дал болдым. Барлығы маған жалт қарады. Ду қол соғып жатыр. Сол кезде барып миыма мұның қымбат дүние екені туралы сигналдар барды-ау... Директорыма қарасам: «Әй, қуанбайсың ба, жаңа автокөлік?!» дейді. Шынымды айтсам, медальді айтса секірер ме едім. Көлікке әуес емеспін. Көлігім әзірге қаңтарулы тұр, бәлкім ата-анама сыйлармын. Не болса да еңбегімді ескеріп, ұстазға құрмет көрсеткендері көшелілік. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет, ұрпақтың болашағына бейжай қарамаудың белгісі деп білемін.
– Жақсы мұғалімге қандай қасиет керек?
– Жақсы мұғалімге табандылық керек. Мақсат қойды ма, соған жету үшін табанды болуың керек. Сосын кешірімді болу маңызды. Кейде баланы қателігімен қабылдау керек, өйткені,
ол – бала (Педагог – нұсқаушы емес, баланы нұсқаулықпен, ережемен түзетпейді). Кешіре білу керек, кең болу керек. Кейде баламен ойламаған нәрсеге тап боласың, әр баланың әртүрлі мінезі бар. Небір қырсық, қыңырлары болады. Кешіріммен қарау маңызды, кешірмесең, кектенсең баланы жоғалтасың. Бір оқушыдан айрылдым дей бер. Ұстаздың биіктігі де, тереңдігі де осында деп ойлаймын. Бірде бір оқушым өзін дөрекі ұстап, қырсық-қыңырлықтың шегіне шықты. Қабағы тас-түйін, сабақ үлгерімі төмендеп кетті. Күйзеліске түскенін аңғардым. Білдім, ата-анасы ажырасып жатыр екен. Бала психологиялық тұрғыдан соққы алған. «Не істейін, ағай, ішіп кетейін бе, шегіп кетейін бе? Ішім алай-дүлей» дейді. «Анаңды аямайсың ба? Аямасаң мейлің! Сен бүгіннен бастап бала емессің, жігітсің! Әкең тастап кеткен анаңа қорған болатын Азаматсың! Әлгі айтқаның азаматтыққа жатпайды, бірақ. Бүгіннен бастап әкең мен шешеңе өзіңді ересек адам ретінде таныт, солай сөйлес» дедім. Күннен-күнге баланың қабағы ашылып, жағдайы түзеле берді. Мектепті бітіріп, жақсы оқуға түсті. Бір күні хабарласып, сүйінші сұрап тұр. Бала ата-анасын татуластырып, қайта қосыпты. Өмірімде бір қатты қуанғаным болды.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет. Зейінді шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Alex Justin
I LOST MY CRYPTOCURRENCY TO SCAMMERS / HOW DO I RECOVER IT BACK / HIRE A HACKER TO RECOVER YOUR CRYPTOCURRENCY GEO COORDINATES RECOVERY HACKER Hello, everyone here. I am here to give a testimonial on how I met one of the best Hackers so far in my incredible moment of pain. I was taken advantage of by a fake cryptocurrency investment company pretending to help people double their investments. I lost a huge amount of money to a fake investment company. I invested 108,000 USD in this investment company with the belief that I will have a huge return when it was time for me to get my return. The company no longer picks my calls or replies to my email. I was so devastated. I was told Bitcoin is impossible to trace once you lose it but after coming across a post about GEO COORDINATES RECOVERY HACKER, a reputable cryptocurrency recovery company. I contacted them immediately and was able to recover everything I lost. I’m sharing this with anyone who might need their services. Their contact is Email: geovcoordinateshacker@gmail.com Website; https://geovcoordinateshac.wixsite.com/geo-coordinates-hack