Олар 23 алтын иеленді
Шардара ауданының армрестлинг шеберлері Үндістанның Мумбай қаласында өткен VIII Азия кубогінде ел намысын жоғары дәрежеде қорғады. Аталған байрақты бәсекеге Азия құрлығының бірқатар елдерінен құрыш білекті спортшылары қатысып, өзара күш сынады. Онда жерлестеріміз 23 алтын медальді қанжығасына байлады.
«Шардара Армспорт» клубының спортшылары Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте көш бастауына үлкен үлес қосты. Екінші орынды Үндістан құрамасы иеленсе, Иордания құрамасы үшінші орынға табан тіреді.
Байрақты бәсекеде жас жеткіншектер арасында Азия кубогінің алтын жүлдесін Азамат Ибрагим, Заңғар Назар, Текжігіт Хали, Азат Әшім, Нұрсұлтан Алдан, Эльдар Анвар еншіледі. Ал, жасөспірімдер арасында Маманияз Жасурбек, Бекнұр Қожабек, Болат Мелдебек, Әділет Ибрагим қарсыластарының бәрін жеңді.
Жасөспірім қыздар арасында Ұлжан Оралбай мен Ырысты Оразхан жеңімпаз атанса, жастар арасында Ерсұлтан Айыпхан алтын жүлде еншіледі. Ересектер арасында Бекжан Қожантай, Санжар Зәрубек, Мейрамбек Ерсайын, Нұрдәулет Айдархан, Есболат Қаржау, Асылжан Бекжігіт, Тұрарбек Тұрғанбек, Нұрболат Басымбек, Қасымжомарт Хали, Данияр Роман топ жарды.
Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.