Гүлзира Құдасбек – қола жүлдегер
Жуырда Қазан қаласында белбеу күресінен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында Ордабасы ауданындағы Мақташы ауылының тұрғыны Гүлзира Құдасбек қола жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Ел мерейін үстем еткен спортшыны Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев арнайы қабылдап, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
«Әлем чемпионатында жүлделі үшінші орын иеленгеніңіз елдің абыройын асқақтатып, мерейін көтерді. Жеңіс – үлкен жетістіктердің бастамасы. Жастар арасында патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруда белсенділік танытқаныңыз олардың спортқа деген қызығушылығын оятады деп сенемін» деді аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы.
Айта кету керек, Гүлзира Құдасбек спорттың 3 түрінен – самбо, белбеу күресі, әскери самбо түрлерімен шұғылданады. Осы спорт түрлерінен ҚР спорт шебері, 3 дүркін Қазақстан чемпионы атанған ол самбо, әскери самбодан Азия чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері екенін де айта кетейік. Ал, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Белбеу күресінен әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері. Жас спортшы алдағы уақытта еліміздің көк туын Олимпиада ойындарында желбіретуді мақсат етіп отыр.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.