Ел спорты: қуаныштан өкініш басым
Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Жаңа жыл шілде айынан басталмайды, бірақ, біз бүгінгі әңгімемізді шілдедегі жарыстардан бастамақпыз. Себебі, 26 шілде күні жылдың ең басты спорттық оқиғасы – Париж Олимпиадасының алауы жағылып, жалауы желбіреді. Еліміздің үмітін арқалаған 97 спортшы Франция астанасындағы байрақты бәсекеде бақ сынады. Қорытындысында біздің спортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады. Атлеттеріміз алдыңғы Токио Олимпиадасына қарағанда тәуірлеу өнер көрсеткенімен, ел күткен нәтиже бұл емес еді...
Олимпиада Қазақстан спортшылары үшін сәтті басталған. Дүниежүзілік доданың алғашқы жүлдесі біздің қоржынға түскенде мұны жақсылыққа жорығанбыз. Екінші жарыс күні қоржынымызға алғашқы алтын жүлде түскенде де бөркін аспанға атпаған қазақ қалмады. Одан кейін Қазақстанның Олимпиада қалашығында мүлгіген тыныштық орнады.
Париждегі алғашқы және жалғыз алтын жүлдені дзюдошы Елдос Сметовтің иеленгенін білеміз. Жыл қорытындысы бойынша Елдос Сметов – «Үздік спортшы» атануға бірден-бір лайық балуан. Одан бөлек Елдос әлем дзюдосындағы «Үздік дзюдошы» атағына үміткерлердің қатарына енді.
Басқа мемлекеттер үшін №1 спорт түрі – футбол шығар, ал, біздің елде бокстың орнын басқа ешбір спорт баса алмайды. Сондықтан да Олимпиада ойындарында боксшылардың жолына үмітпен қарайтындар көп. Өкінішке қарай, қазақ боксшылары бұл Олимпиададан да алтын жүлдесіз қайтты. Тәуелсіз Қазақстан тарихында боксшыларымыздың елге алтынсыз оралуы Токио Олимпиадасына дейін болмаған. Жапония астанасындағы додада біздің бокс құрамамыз небәрі 2 қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл жолы ерлер құрамасы сапында бір ғана боксшы жүлдеге қол жеткізе алды. Нұрбек Оралбай 80 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, ақтық бәсекеде украиналық боксшы Александр Хижнякқа есе жіберді. Қыздар арасындағы бәсекеде Назым Қызайбай жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдегер атанды. Одан бөлек қазақ боксы үшін Парижден қуанышты хабар жетпеді.
Дербес ел атанғалы ел қоржынына ең көп жүлде салған жеңіл атлеттеріміз еді. Бұл жолы біздің жеңілатлеттеріміз Парижден дымнан-дымсыз оралды. Ел қоржынына жүлде салады деп Кениядан әлдеқандай қылып алдыртқан легионерлеріміз де жерге қаратты. Егер Париждегі сәтсіздіктен кейін бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов қызметімен қош айтысса, жеңіл атлетикадан құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов креслосын әлі босатқан жоқ. Әр Олимпиада сайын кемі бір жүлде алатын жеңілатлеттеріміздің бұл жолғы сәтсіз өнер көрсеткеніне кім жауапты? Бұл сұрақтың жауабын әлі ешкім берген жоқ.
Парижде теннисшілеріміз тіптен ұятқа қалдырды. Әйелдер сапында әлемнің ТОП-3 теннисшісінің қатарына кіретін Елена Рыбакина Олимпиада басталуға бір жеті қалғанда аяқ астынан сырқаттанып қалып, Ойындарға қатысудан бас тартты. Ал, оны естіген Юлия Путинцева да Парижге барып тұрып, кортқа шығудан бас тартты. Оның да сылтауы – жарақат. Әйтпесе, бұл теннисші осы жылы тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген. Рейтингте алғашқы ондыққа кіретін теннисшілердің өзі Путинцевадан кәдімгідей қаймығып қалған.
Теннисші жігіттердің де жарытқандары шамалы болды. Александар Бублик пен Александр Шевченко Лена мен Юлия сияқты жарақатты сылтау етпесе де, алғашқы айналымдағы қарсыластарына жол беріп, елге ерте қайтты. Елге қайтты дейміз-ау, солардың Қазақстан әуежайына келіп қонғанын көрген ешкім жоқ. Осы легионерлерді біздің елмен көк паспортымыз ғана байланыстырады-ау?!
Олимпиадада бокстың орнын басатын бірден-бір спорт болса, ол – ауыр атлетика еді. Алайда, кейінгі жылдардағы допинг дауына байланысты біздің құрамадан береке қашқаны белгілі болды. Жүлде тұрмақ Олимпиадаға қатысудың өзі мұң болып қалды. Өз тарихымызда тұңғыш рет Олимпиада ойындарына ауыратлет қатыстыра алмадық. Алайда, ауыр атлетика еңсе тіктеп келеді. Осы желтоқсан айында Бахрейннің Манама қаласында өткен әлем чемпионатында біздің құрама 2 алтын, 1 күміс жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді. Құрама қоржынына Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов алтын, Алексей Чуркин күміс жүлде салды.
Футболдан ұлттық құрамамыз да 2024 жылды өте сәтсіз өткізді. Станислав Черчесов баптайтын құрама ресми ойындардың бірде-біреуінде қарсыластар қақпасына гол сала алған жоқ. Ұлттар лигасындағы «В» дивизионынан «С» дивизионына түсіп қалғанымыз тағы бар. Жылды қорытындылаған Черчесов бапкер құраманың бұл нәтижесіне разы екенін, бұрынғыға қарағанда прогресс бар екенін айтады.
2025 жылы Қазақстан футболын өзгерістер күтіп тұрған секілді. Федерация президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетіп, оның орнына Марат Омаров сайланды. Бұрын тек қаржы саласында қызмет атқарған функционер қазақ футболының бойына қан жүгірте ала ма, жоқ па? Оны енді уақыт көрсетеді. Білетіндер Марат Омаровтың бірінші жұмысы ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовпен еңбек келісімшартын бұзудан басталатынын айтуда. Құрама тізгінін отандық бапкердің ұстауы бек мүмкін.
Ел спортындағы ең елеулі оқиғалардың бірі биыл Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Сайыстар елордадағы «Қазанат» ипподромы, «Арғымак» спорт алаңы, этноауыл, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайында өтті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы бастапқыда этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Қазақстан спортшылары 112 медальмен жалпыкомандалық есепте топ жарды. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.
2024 жылдың соңында әлемдік спорт жанкүйерлері біздің Шавкат Рахманов пен америкалық Біләл Мұхаммедтің (шыққан тегі палестиналық) октагонға шығуын асыға күткен-ді. Қарсыласының қарқынынан қаймықты ма, Біләл Мұхаммед жарақатын желеу етіп, жекпе-жекке шығудан бас тартты. Әйтпесе, қазақстандық спортшы осы жекпе-жекте өз салмағындағы чемпиондық белбеуге қол жеткізуі мүмкін еді. Десе де халықаралық жекпе-жек ұйымы Рахмановқа басқа қарсылас тауып берді. Ирландиялық Иен Гэрри де оңай қарсылас емес екен. Шавкатпен 5 раунд айқасып берді. Жекпе-жек соңында төрешілердің шешімімен біздің спортшының қолы көтерілді. Енді жұрт асыға күткен жекпе-жек алдағы жаз айларында өтуі мүмкін. Біләл Мұхаммедтің енді қашатын жөні жоқ.
2025 жылы әлем спортын не күтіп тұр? Енді соған тоқталайық. Ел спорты үшін маңызды спорттық іс-шаралар қаңтар айының соңына жоспарланған. Италияның Турин қаласында 32-ші қысқы Универсиада ойындары өтпек. Ал, наурыз айында Белградта бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтпек. Ерлер мамыр айында Астанада күш сынасады. Бірақ, осы елордамызда өтетін әлем чемпионатының тағдыры бұлыңғырлау. Қазақстан бокс федерациясы жаңадан құрылған дүниежүзілік бокс ұйымының құрамына кірді. АИВА мен дүниежүзілік бокс ұйымының арасындағы тартыс бокс державаларын екіге бөліп жіберді. Сондықтан келер жылы Астанада өтетін әлем чемпионатының тағдыры белгісіздеу болып тұр.
Жалпы 2025 жыл спорттық оқиғаларға соншалықта бай болмайтын сияқты. Жыл сайын өтетін жарыстардан бөлек Германиядағы жазғы Универсиаданы, хоккейден Дания мен Швецияда өтетін әлем чемпионатын ғана атап өтуге болады.