Дария – турнир жеңімпазы
Өскемен қаласында жүзуден республикалық «Алтай жұлдызы» турнирі өз мәресіне жетті. Су айдынындағы бәсекеге елімізден барлығы 15 команда, 315 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты.
Айтулы сында Түркістан облысының намысын қорғаған Дария Токтобаева нәтижелі өнер көрсетті. Оның еншісінде 4 алтын, 2 күміс медаль бар. Дария 100, 200, 400 метрге еркін жүзуде және 200 метрге шалқалай жүзуде топ жарды. Сонымен бірге 200 метрге кешенді және брасс әдісімен жүзуде күміс жүлде еншіледі. Ол – облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.